Тарих • 09 Тамыз, 2021

Жеңіс туын желбіреткен ер

590 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мәңгілікке мәнін жоймайтын, жылдар өте аңызға айналатын, адамзат таңғалатын, ғажайып ерліктер болады. Олардың көбі Отан қорғау, ел мен жердің тұтастығын сақтау үшін күресте жасалып жатады. Сол ерлікті жасаушылар, ғасыр тудырған ерлер қара жерге қан жауып, қанға малынған ұрыс даласында Прометейдің мәңгілік шырағын сөндірмей, атой салғандай елестейді...

Жеңіс туын желбіреткен ер

Даңқты батыр Рахымжан Қошқар­баевпен алғашқы танысқанымда екеуара әңгімеміз былайша өрбіді.

– Аға, батырды ірі тұлғалы, сұсты, денесі сом болаттай, айбары тау тітірке­нетіндей, ерекше адамдай сезінуші едім...

– Қомсынып тұрсың ба, інім? Батыр­лық жүректе, сосын білекте, алғыр ойда, зерек мида болмай ма? – деп әдемі, ашық келбетінен жылылық танытты. Сосын қаталдау сыни көзімен қарап алды. Қоңыр көзі өткір әрі отты екен. Жан-дүниемді тінтіп өткендей болды. Ұшқарылықпен айтқан сөзімді іштей жөн көрмегені белгілі болғандай еді. Жауынгерлік жолы туралы сұрағыма ойланып барып білтелеп сыр ашты.

– Жаудың дүлей күшіне жүректілер ғана тойтарыс береді, сын сағатта алғыр шешім таба білгендер ғана ерлік жасайды. Майдан даласында өлгендердің қай-қайсысы да – батырлықты мақсат ет­кендер. Дұшпанның қандайы да қатер­лі. Соғыстың жалпы сипаты – қыру, жою, өртеу, бүлдіру, талқандау. Адам айт­қысыз қырғын көріп, ажал төніп тұрғанда жаныңды қайтіп сақтауды ойлап, қас қағымдық сәтте бұлқынасың. Қаңғырған оқ та кейде іздеп тауып, жер құштырады.

Рахымжан аға ауыр оймен сөзін сәл тежеп, көзін бөлменің бір нүктесіне қадады. Бәлкім, майор Земякиннің қуанышты пікірін есіне алды ма: «Лейтенант Қош­қарбаев, білесің бе, ажалдан тайсалмай, бөлмеде фашистер аңдып тұрып ата салады демей, біраз жауынгерден бұрын баса-көктеп Гиммлердің үйін басып алдың. Бұл оқиға көз көргендердің есінде қалады, ұмытылмайды. Айтпақшы, қа­зір атыс күшті, жау өліспей берісетін түрі жоқ. Әне, терезеден қарашы, Гиммлер үйі Рейхстагқа үш жүз метрдей ғана. Соған жете алмай қырылып жатқан, жеңісті көріп тұрып арманда кеткен боздақтар қаншама?».

Рахымжан аға сөзін әрі қарай жал­ға­ды.

– Гиммлердің үйін басып алған Қош­қарбаев деп жауынгерлер аңыз ете бас­тады. Сонда ерлік жасайын деппін бе? Қазақи тәрбиедегі жауға өшпенділік, кешіруге жатпайтын кек, ыза ғой бойды буған. Даңқ – у, оны ішкен адам өлгенінше құмары да, шөлі де қанбайды. Ал даңқтының маңында көре алмайтын, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ­тар жүреді. Қапысын тауып даңқтыны сүрін­діргісі келеді. Әлемдік соғыс тарихында даңқы шыққандардың қатарында болған Жуковты да көре алмаушылар түрткілеп, жұлын-жүйкесін жұқартқан жоқ па?

– Әрбір генерал Жуков болғысы ке­леді дейсіз ғой...

– Сонымен, сын сағатта Рейхстагқа ту тігу қажеттілігі туындады... Майор Твер­дохлебовтың басқаруындағы 674-ші полкқа Рейхстагқа ту тігеді деп сенім білдірілген, солай ұйғарылған, оны әс­кери кеңес мақұлдаған. Бірақ оқ нө­сердей құйылып, ауа қабынып, жер беті қып-қызыл өртке шарпылып тұрғанда, жұтынған ажал оғы қимылдағанды жұ­тып жатқанда әлгі сенім білдірілген полк­қа Рейхстагқа ту тігу мәртебесі бұ­йыр­мады... Рейхстагқа алғашқы болып кімнің ту тіккісі келмейді дейсің?..

Фашистің мергендері оқты қарша боратып тұр. Саябыр тартар түрі жоқ, қимылдағанды атып түсіріп жатыр. Қан­ды қырғын... құжынаған өлік. Қан­дай аянышты, жеңіс сағаты соғып тұрған­да оққа ұшу. Ту тігуге тәуекел деу қиын-ды. Ұлы жеңіс деп әлемге жар салатын са­ғат, минут жақындап қалған. Командир Рейхстагқа ту тігіңдер деп ешкімді де қыс­­тамайтынын айтқан-ды. Ой үстінде те­резеге төніп тұрғанымда жаныма Бу­латов келді. Оған: «Ерлік әркімге алыс­тан қылаңдайды. «Ажалдан қорыққан ер болмайды, деседі, жүрегің не бұйырып тұр? Қаһармандыққа лайықсың ба? Ту тігіп өлсем арманым жоқ дей аласың ба? Өмір-өлім белдескенін көріп келдік, жаудың сағын сындырып, талқандап жеңіп келдік», дегенімде ол: «Мен бір мүмкіндікті байқап тұрмын. Ана бір темірден істелген телефон күркешігіне жетсек, жау оғынан құтылуға болатын сықылды», деді. Оған борап тұрған оқ жеткізсе... Бұл үлкен үмітіңнің бір мыс­қалы. Бораған оққа білгірсу жүрмес. Дегенмен жаратқанға сыйынып, ертең­гі күн шыға жарығымыз таусылмасын де­ген тілекпен Рейхстагқа жылжимыз, де­дім.

Рахымжан аға көрген түсін жақсы­лыққа жориды да, әлгі түсін кеш түсіп келе жатқан соң Григорийге айтпайды. «Ақ боз атты батыр баба биікке жүгір деп әмір етті. Өлімнен қорыққанның еңсесі төмен, бабаларың ерлікті ғана аңсаған, жүрегіңнің үніне жүгін, есең тегін кет­песін!» дегендей үн Рахымжан ағаның құлағында қайта-қайта жаңғырады. Бұл Рахымжан ағаның сенімін арттырып, жігерін шыңдағандай болады.

Сәуірдің отызыншы таңы атып, құ­лақ­танып күн шықты. «Күн құлақтан­са келінің ұл тапқандай қуан» дейді қа­зақ. Қаланың түтіні күн сәулесін жасыра бастайды. Қазақ соғыс өртінің ішінде жүрегін қорқынышқа, мұңға жең­дірмейді, көрер жарығым таусылмасын деп тілейді. Бар арманы – ашық аспанды, жарық күнді көру ғана.

«Кеттік, Григорий, нар тәуекелді серік еттік», деп өліктер арасымен етпеттеп алға жылжи бастайды. Бас көтеру жоқ. Сөйтіп, бесін кезінде екі телефон үйшігіне жетіп еді. Оны оқ шұрқ тескен екен, жан сақтайтын қамсаулығы жоқ. Фашистер Гиммлер үйінің маңындағы бекіністі нысанадан аудармай тұрғаны түсінікті еді. Рахымжан аға жанындағы қаруласына өзенге қарай бұрылу қажеттігін айтады.

– Сол тұста зуылдаған оқтың сирегені байқалғандай болды. Григорий Булатов екеуіміз өліктердің арасымен метрлеп емес, сантиметрлеп, қарыстап жер бауырлап, панасыз шұрқ тесік үйшіктен бұрылып, өзенге қарай жылжи бастадық. Үміт үзілген жоқ, аман-сау өзеннің жарынан домалап түстік. Сол жерде аздап тыныстап, су бетіндегі қанды қолмен тазартып су іштік. Бетімізді жудық. Өлі боламыз ба, тірі боламыз ба деп аты-жөнімізді жазып алдық. Мен иманымды үйіріп, Бөгенбай батыр бабамыздың аруағына сыйындым. Дұғамызды іштей оқып, өзеннің жар қабағынан фашист мергендерінің нысанасынан қағыстау болар деген тұсты таңдадық. Қызыл туды маңдайымызға басып: «674-полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп туға жазып алдық. Өзіміз өлсек те тудағы жазу өлмейді, ажал құшқандардың түрлі құжаттары, хат-хабарларына дейін жинап алынады архивтерге тапсырылады. Бұл – соғыстың тәртібі, заңдылығы. Сөйтіп, әртүрлі оймен бір-бірімізбен қоштасқандай болдық та Рейхстагқа қарай жылжыдық. Өлмеуге ант еткендей тастүйінбіз, жұдырықтай жүрегіміз жеңіс туын тігуге ынтық, қа­рыспа қимылмен бораған оқтың астынан аман өтіп, Рейхстагтың бірінші қабатына іліктік. Әлемнің мейірі болар, жеңіс туын қолға ұстап екінші қабатқа көтерілгенде біздің байланысшыларымыз телефон желілерін тартып жүр екен. Олар да біздің туды көріп қатты қуанып:

– Асқан ерлік.

– Адамзаттың қуанышы.

– Ұлы жеңістің белгісі, –  деп құттық­тап үн қатып жатты. Бұл 1945 жылдың 30 сәуірі, кешкі сағат жетінің кезі-тін. Ғаламат оқиғаны дивизия командирі В.М.Шатилов «Войн Родины» газетіне хабарлап үлгерген. Тасқа басылған жа­зу газет арқылы қолдан-қолға өтіп, лезде тарап кетті. Сол мақаланы басқа да майдан газеттері қуанышпен жариялап, Рейхстагқа ту тіккен Булатов екеуіміздің жауынгерлік жолымызды баяндаған еді. Кенет, – деді де Рахымжан аға сөзін үзді. Мұның себебі де бар-тын.

Сталиннің түрлі басқосуда: «Біз, орыстар, фашистермен соғысып жатырмыз. Ерлік жолы есепсіз болмасын, жеңімпаз армиямыздың шығыны да, фашистердің шығынынан салыстырмалы есептен алшақтамасын», дегенін кім түсінбейді. Шатиловтың қуанышты хабары қолбасшы Жуковқа да кешігіп жетеді. Жуков ойланбай ма? Сталиннің пікірін есіне алмай ма? Дереу бұйырып, ертең әлем білетін болсын, бір орыс, бір грузин Рейхстагқа ту тіккені жұмыр жерге хабарланатын болсын демей ме? Демек, дивизия командирі Шатиловқа айтқаны бұйрық болмай ма? Айтқандай-ақ, 1 мамырда капитуляцияға көнгендік білдірген фашистердің қарсылығы тоқ­тап, атыс саябыр тапқандай дәрежеге же­теді. Сол тыныштықта Егоров пен Кан­тария пәлендей қиындықсыз, үрей, қорқынышсыз Рейхстаг үстіне желмен желбіретіп ту тігеді. Бұл хабар фотомен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жария болады. Екінші рет тігілген жеңіс туы деген сөз, сірә да айтылмайды.

Бірақ «Войн Родины» газетінде жа­рияланған «Они отличились в бою», (3 мамыр, 1945 жыл) «Они водрузили флаг победы» (5 мамыр, 1945 жыл) мақалаларда 30 сәуір күні Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккені тәптештеп жазылғаны құлақ түріп отырған бүкіл әлемге таралып кеткен еді. «Незабываемые факты», «Два отважных» деген тақырыптармен басқа әскери газеттерде де жазылған: «Первым достигли Рейхстага и водрузили флаг над ним лейтенант Кошкарбаев и красноармеец Булатов», деген бұлтартпас деректерден артық не шындық керек. Газеттерден көз алмай оқыған қалың халық оны ұмы­тар ма? Ерлік аңыз қылып айтылып, ауыз­дан-ауызға жетіп жатты. Қара таспен бас­тырсаң да шындық жарып шығады, сосын нағыз төрешісі халыққа тез жетеді. Ерлік адамзаттың аманаты болғасын оған қиянат жараспайды.

– Рас, соғыс тарихында ерлікке де талас байқалмай тұрмайды. Қас қа­ғым сәттерде кімнің қандай ерлік жасап, жаудың қаншалық күшін қиратып тас­таған дерегін сол минуттарда басшы­лық­қа жеткізуде кемшіліктер кетіп жатады, – деп Рахымжан сәл кідірді де, – Неміс ақпарат саласының қаламгерлері жағдайды өте-мөте жіті бақылап, тіпті Берлин қаласына қандай сан жазылған танкі бірінші кірді, байланыс жұмысын бірінші кімдер атқарды, кім Рейхстагқа бірінші ту тікті, міне, осылар жөнінде кинокадрлар, фото суреттер арқылы дәлелдеген еді. Булатов екеуіміздің Алла маңдайымызға жазған ерлігімізді әлемге неміс азаматы Карл Вильгелм де жариялады. Оның неміс тіліндегі мақалалары мен фотолары жарық көрді. Одан бұрын дивизия газетінің қаламгерлері Одаққа сүйінші сұрағандай хабарлап жіберді.

Ал дивизиялық газеттің тілшісі оқ пен өрттің ортасында қан кешіп жүріп, оқиғаны көзімен көріп жазғанын бірі­нен соң бірі жалғастырып әкеткені бар. «У стен Рейхстага» («Қырым» №2, 1948 ж), «Знамя победы» («Дружные ре­бята» журналы №5, 1948 ж) «У стен Рейхс­тага» («Советский войн» жур­­налы №9, 1949 ж) мақалалар мен түрлі жанрдағы шығармаларда Қош­қарбаев пен Булатовтың көзсіз ер­лігін ашық дәлелдейді. Өткен істе, көз­бен көріп, құлақпен естігенде өті­рік жоқтығын сипаттайды. Анық-қаны­ғын жеткілікті түрде жеткізеді. Қалың жа­уынгер­лер­дің жүрегіне жеткен алғашқы ер­лік­тің бейнесін биіктете түседі. Қорған­шақ­­тамай, толық зерттелгенін айна қа­­те­сіз шындықпен шырайландырып көр­сетеді.

– Бұл журналдар, газеттер өзіңіздің жеке архивіңізде бар шығар?

– Әрине, бар. Бұл менің өмірбаяным ғой. Оны көздің қарашығындай сақ­тамаймын ба?! 1949 жылы 8 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде жа­рияланған кинооператор Роман Кар­меннің сұхбатында Рейхстагқа алғашқы ту тіккен Қошқарбаевпен кездескім ке­леді деген сөзге қалай тебіренбессің? Тағы бір қызығы, Жеңістің 20 жылды­ғына Мәскеуге шақырылып, парадқа сапқа тұрдық. Таныс жауынгерлермен жүздесудің бақытты сәті, жан толқытар әңгіме, әзіл-қалжың, бәрі керемет еді. Кенет Кантария Рейхстаққа тігілген ту деп алшаң басып, көкірегін көтеріп ке­леді, жалма-жан қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды бірінші Булатов екеуіміз тіккенбіз!» дедім. Шындықты білетін жауынгерлер тырс еткен жоқ, қайта риза болғандық танытып жүздеріне қоштау сезімін үйірді. Өзі де үндемей, жүні жығылып қалды. Міне, саясаттың қателігі, ең болмаса Рейхстагқа туды екінші болып Егоровтар тікті десе қай жөнінен алса да дұрыс шешім болар еді. Шындықтың бұрмалануына кім шыдайды? Бәрібір халық біледі, шындықты халықтан жасыра алмайсың. Одаққа белгілі жазушы Борис Горбатов қарулас болып бірге жүріп, көзімен көрген ер­лігімізді 1948 жылы 18 желтоқсандағы «Литературная газета»-ға жазған шығар­масында «Қошқарбаев ерлігі көз алдым­да, мұндай ерлікті социалистік реализмнің биік шыңына жеткізіп жазсаң да аздық етеді. Мұндай ерлікке теңеу табу оңай емес», дегенінен артық қандай дерек, қан­дай құжат керек.

Рахымжан ағаның әр сөзі сиқырлы, аурасы таза. Кісі жатырқамайтын пейілін байқағанда қазақтың ұлылықта кие бар дегені есіңе түседі. Ол соғыс қырғынын, қан-теңізді, қансырап жатқан адамдарды, өртенген елді, күлге айналып қара жамылған орманды көкірегі жылап жүріп көрді.

Рахымжан аға Жеңістің 20 жылдығы­на шақырумен Берлинге барғанында Одер өзенінде бомбадан күл-талқаны шықпаған көпір жоқ еді. Бір ғана аспан түсті көпір аман қалған-ды. Оны немістер киелі деп бағалайды екен. Сол көпірге көзі түсіп, Рейхстагқа беттегенін, өзінен бұрын 21 жастағы Булатовты оқтан қор­ғағандай соңына еріткенін есіне алды. Соғыста қазақтар өзінен жасы кішілерді сен аман қал, алдымен оққа кеудемді мен төсейін дейді. Рахымжан аға мұны жақсы біледі. «Тірлікте жақсылықтың да, жамандықтың да ақыры бар. «О, аруақ, Бөгенбай баба!» деп, нөсердей құйып тұрған оққа қарамай ту тігуге асығып жан ұшырады.

Рахымжан ағамен соңғы кездеске­нім – Қазақ радиосы мен телевидениесі­нің тілшісі болып, Ақмолаға бұйрық алғанымда «Алматы» қонақүйіндегі ка­бинетіне есігін қақпай кіріп барған едім. Алдында грузиннің бір сұлуы отыр екен. Жалма-жан шығып кетуге ың­ғайланғанымда орнынан тұрып:

– Кабинетте отыра тұр. Грузиядан келген мына қонақты тәуір орынға ор­наластырып келемін. Қазақ еліне келіп қонақүйлерінен тәуір орын таппадым деп жүрмесін, – деді. Сондай қара­пайымдылықтың озық үлгісі бол­ған Рахымжан ағаны бүгінде қатты сағы­насың. Қайран ағаларымыздың қазақ даласындай кең пейілі-ай!

Кабинетіне қайтып келгесін:

– Е, сонымен Ақмолаға жұмыс ауыс­тырамын дейсің бе? Ақмола – менің туған жерім, бойтұмарым. Қаншама қашықта жүрсем де, соғыс өртінде жүр­генде де, сол бойтұмарым тынысым­ды кеңітіп, қиындықта, ажал төніп тұр­ғанда абыржытпай, қаңғырған оққа кезік­тірмей сақтаған киелі жер, – деген сөзі жадымда.

Ел дегенде елеңдеп тұратын, даң­қы жер жарған Рахымжан Қошқарбаев ­аға­мызбен одан кейін кездесуді тағдыр жазбады.

Ұлылық ұясынан өсіп шыққан Рахым­жан ағаның ұлы ерлігі жайында кезін­де телеочерк жазуға талаптанғанда ағамыз, «асықпа» деп рұқсат бермеп еді.

Бүгінде Рахымжан ағаның ұлы ер­лігін әлем біледі. Қазақ елі оның ер­лігін жоғары бағалайды. Тұңғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың шешімімен Рахымжан ағаға «Халық Қаһарманы» атағы берілуі – соның бір айғағы. Осылайша нағыз батыр ерлігі Тәуелсіздігіміздің арқасында жарқырай көрінді. Шындықтың беті ашылды. Тәубе!

Кейде Рахымжан ағамның: «Ажал­мен бетпе-бет келгенде еліңді, Ота­ныңды өлердей сүю сезімі бойыңа қуат береді екен», деген сөзі есімнен кет­пейді. Сондай-ақ «Ақмола – талай тарихи тұлға­лардың мекені ғой, ер жігіт үйінен шықса, үйіріне қосылады деген, жолың болсын, інім!» деген баталы сөзі де жадымда өшпестей жатталып қалды. Көкірегі қазақ даласындай кең, қайран ағалар-ай! Солардың бойына біткен қасиеттері қандай қастерлі еді...

Жастығын соғыс өртінің ішінде қал­дырған ағаның терезеден түсіп тұрған бейбіт күннің сәулесіне сүйсіне қарап отырғаны көз алдыма жиі елестейді. Содан да болар, бір ұлымның есімін Рахымжан деп қойғаным...

 

Табыл ҚҰЛИЯС