Бизнес • 09 Тамыз, 2021

Бизнеске бейім бикелер кәсіп ашып, табыс тауып жүр

758 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісуда шағын және орта бизнес саласының дамуына өз үлесін қосып, жаңадан кәсіп ашуға ақ жаулықты аналар мен жас қыздар батыл кірісуде. Олар мемлекеттік бағдарлама көмегінің нәтижесінде жеке істерін дөңгелетіп отыр. Мәселен, Ұйғыр ауданының тұрғыны Юлдуз Тураева тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысса, текелілік Гүлдана Өміртайқызы кофейня ашып, игілігін көре бастады. Екі кәсіпкер де нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Бастау Бизнес» оқыту жобасына қатысып, грантқа ие болған екен. Ал көксулық көпбалалы ана Альмира Дәулетованың бастамасының жүзеге асуына да мемлекеттік қолдау себеп болған. Бәрін ретімен баяндалық...

Бизнеске бейім бикелер кәсіп ашып, табыс тауып жүр

Юлдуз Тураеваның айтуынша, оның әуел бастан ісмерлікке қа­білеті мен қызығушылығы ерек­ше болған. Сондықтан ол осы бағытта жеке бизнесін ашу­ды жөн көрген. Өңірлік кәсіп­кер­лер палатасына жүгініп, «Бас­тау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып шық­қан. Кейін «Жас кәсіпкер» бағ­дарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болып, бұл қаржыға қажетті тігін машиналарын сатып алды, сөйтіп өз цехын ашқан. Бұл істен өзі ғана пайда тауып отырған жоқ, сонымен қатар 7 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

«Біз жасаған өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжы­да жасалған» маркасымен шы­ғарылады. Қолымыздан шыққан бұ­йымдарға өз ауданымыздан бөлек Панфилов, Кеген, Ра­йым­бек, Еңбекшіқазақ аудан­да­рынан да сұраныстар тү­сіп жатады. Сондықтан алдағы уа­қыта шеберхананы кеңейтіп, жұмыс орнының са­нын арттыруды жоспарлап отыр­мын», дейді Юлдуз Тураева.

Шағын шеберханасында іс­мер­лер қалыңдықтың жасауы, көліктерге қажет перделер, ас-үй бұйымдары сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қа­был­дайды. Сондай-ақ бизнесмен бике болашақта балаларға арналған киімдер тігуді де қолға алмақшы.

цех

Ал текелілік жас кәсіпкер Гүлдана Өміртайқызы мемле­кет­тік грант есебінен кофейня ашқан екен. Оның бұл бастамасына «Бастау Бизнес» арқылы оқуы үлкен сеп болды. Үш баланың анасы Гүлдана «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру орталығын ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қаланың орталығында орналасқан «MELISSA» ко­фей­нясында қазір 3 адам жұмыс істейді. Онда кофе және басқа да сусындардан бөлек, кондитерлік өнімдер де пісіріледі. Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов тек биылдың өзінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды 73 адам аяқтағанын айтады.

Айтпақшы, бұған дейін нәзік жандылардың арасындағы жеке кәсібін ашып, қомақты табыс тауып отырғандар үлесі не­гі­зі­нен қала мен үлкен кенттерге тиесілі болса, биыл ауыл­дағы ақ жаулықты аналар да іс­кер­лік­ке бет бұрыпты. Оның бір мысалын Көксу ауда­нындағы Еңбек­шіқазақ ауылының тұр­ғыны Альмира Дәулетованың бастамасынан байқауға болады. Ауылдағы ана тауық өсіріп, табыс тауып отыр. Оған «Бастау Бизнес» жобасы арқылы мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржы демеу болған екен. Көк­сулық Альмира Дәулетова бұ­ған дейін еш жерде жұмыс іс­те­меген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын. Кейін жеке ісін бас­тауды жөн көріпті. Қазір аула­сын тауыққа толтырып, жең­­сік ет пен жұмыртқаға қарық болып отыр. Бастапқыда бұл істе еш тәжірибесі жоқ жас ана жүрексінгенімен, кейін келе кә­сіп­тің қыр-сырына қаныға бас­тайды. «Бастау Бизнес» жо­басы арқылы мемлекеттен қайта­рым­сыз қаржы алып, батыл кіріседі.

«Бұған дейін атаулы әлеу­меттік көмек алатынмын. Құжат­та­рымды жаңар­тып өткізуге барғанымда, әкімдік­тегі­лер осы мем­лекеттік жоба жайын­да ай­тып, түсіндіріп берді. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер пала­та­сының менеджерлері бизнес-жоспар құру, қажетті есеп­тер­ді жүргізуді үйретіп, жеке кә­сіп­кер­лікті ашуға жәрдемдесті. Кіш­кентай балам өте сирек кез­де­сетін ауруға шалдыққан. Ту­мы­сынан ерекше күтімді қа­жет етеді. Сол себепті қандай да бір қызметке орналасу мүмкін болмады. Сондықтан мен сияқты үйде отыруға мәжбүр жандарға бұл үлкен көмек», дейді Альмира Дәулетқызы.

Ол мемлекеттен алған қаржы­ға немістің 100 бас ломан браун тұ­қымды тауығын және сыйым­ды­лығы 350 жұмыртқа басуға жете­тін инкубатор, қажетті жем­шөп сатып алған. Сөйтіп, шаруа­шы­­лығын жүргізіп кетті. Алға­шында тәжірибесі аз болған­дық­­тан біраз балапаны шығынға да ұшырапты. Дегенмен құс бағуда тәжірибесі бар азаматтармен ақылдасып, дәрумен беру, жемдеу тәртібі және кү­тіп-бағу жайында кеңес алып, қай­та аяққа тұрған. Кәсіпкер тұтынушы халықтың табиғи таза жұмыртқаға деген сұранысы артқанын да зерттеп отыр екен. Сондықтан өзі өндірген тауарын өткізуде қиналмайды.

«Қазір ептеп кәсіптің қыр-сырына қанығып келемін. Жол­да­сым Берік жаңа қора тұр­ғы­­зып, тауықтарға ыңғайлы жағ­­дай жасадық, үйдің айналасын жақсылап қоршадық. Осы айда орташа есеппен 1700 жұ­мырт­қа аламыз деп жоспарлап отыр­мыз. Құс асыраудың еш қиын­дығы жоқ. Бастысы, күтімі мен жемшөбі уақтылы болса бол­ғаны», дейді кәсіпкер ана Альмира Дәулетқызы.

Жалпы, Көксу ауданында биылдың өзінде 60 шақты тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, оларға барлығы 34 миллион 981 мың теңге қаржы бөлініпті. Оның ішінде 21 көпбалалы отбасы, 18-29 жас аралығындағы 9 жас кәсіпкер және мүмкіндігі шектеулі 1 азамат 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 25 азамат мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаса, 3 азамат құс шаруашылығын дамытуды қолға алыпты.

Сондай-ақ биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында облысқа қосымша 11,8 млрд теңге бөлінген болатын. Соның есебінен Жетісу өңірінде 2,5 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне қол­­дау көрсету, 5 мың жұмыс орнын құру, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, әлеуметтің әлеуетін арттыратын жобалар дамып, жаңа жұмыс орны мен та­бысы мол іс ілгерілейтіні анық. Бастысы, мемлекет тара­пынан бұған қолдау бар. Мәсе­лен, биыл Алматы облысында «Бизнестің жол картасы», «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары және «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберіндегі қолдау қаржының кө­лемі 23 млрд теңгеге дейін жет­кен. Ал бірінші жарты жыл­­дықта жалпы сомасы 7,5 млрд теңге болатын 990 жоба қар­жы­ландырылып, 2750 тұрақ­ты жұмыс орны ашылған екен.

Жұмыспен қамту дегеннен шы­ғады, осы жылдың бірінші жартысында жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларынының нәти­жесінде Жетісуда 30 мыңнан астам жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­дар еңбекке тартылған көрі­неді. Бұл мақсатқа, яғни «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» бағ­дарламасын жүзеге асыруға биыл облысқа 31,8 млрд теңге бө­лінген. Түрлі жобалардың жүзеге асуы өткен жарты жылда 30 мың адамның екі қолға бір кү­рек табуына жәрдемін тигізсе, атаулы бағдарлама аясында 3,3 мың жетісулық тұрақты жұмысқа орналасқан екен.