Өнер • 10 Тамыз, 2021

Мінезі аңқылдаған, дауысы саңқылдаған әнші

998 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тотыдайын таранған,

Сұңқардайын сыланған,

Сұлу Жібек бар ма екен? –

деп, термені бастағанда Кеңес аға шабыттанып, ерекше бір күйге түседі. Дауы­сы шаңқ еткен қыранның үніндей саңқылдап шығады. Әр сөзін шегелеп айтады. Оны танымай қаласың. Әдеттегі биязы мінезінің қайда кеткенін білмей аң-таң боласың.

Мінезі аңқылдаған, дауысы саңқылдаған әнші

 

Бұл – «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясы екенін біліп отырсыздар. Қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекті» Ленинград қаласынан келген Евгений Григорьевич Брусиловский қа­зақтың халық әндерінің негізінде, белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің либретто­сы бойынша жазғаны белгілі. Оған ха­лық арасынан шыққан өнерпаздар – Кү­ләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, т.б. көмекке келді. Олар ха­лық­­тың, халық композиторларының әндерін айтып беріп, композитор оларды нотаға түсіріп алатын. Евгений Брусиловский опера кейіпкерлеріне лайықты әндерді іріктеп алып отырды. Көптеген ән жазылды. Төлегенге де әуен табылды, Бекежанға да ән табылды. Басты ке­йіпкер Жібекке ән табу қиын болды. Күләш та, Қанабек те, Жандарбек те өз­дері білетін әндерді естеріне түсіріп, айтып бергенмен олардың арасынан Жібектің ариясына лайық ән табылмады.

Бір күні ойда жоқ оқиға болды. Олар Алатаудың бөктерінде Алматыға таяу жердегі саяжайда жұмыс істейтін. Жі­бекке ән таба алмай шаршап қалаға қай­тып келе жатқан еді. Ол кезде машина тапшы. Үшеуі пар ат жеккен та­ран­тас­пен келе жатады. Қаланың ше­тіне таян­ғанда, бір ауладан әдемі ән естіледі. Бақ ішінен сызыла шыққан қыз дауысы бұ­ларға қатты әсер етеді. Сол кезде Күләш атып тұрып, тарантасты «тоқтат» деп белгі береді. Ат айдаушы тарантасты тоқтатып, бәрі ұйып тыңдап қалады. Әннің қайырмасына келгенде Күләш та әнге қосылып, «Гәкку, гәкку» деп шыр­қай жөнеледі. Шабыттанған Күләш: «Ев­гений, Жібектің ариясы осы» деген екен.

Сонымен, Жібектің ариясы табылды. Ендігі қиындық Шегенің термесінде болды. Бірде Евгенийге Манарбек келеді.  Бұл келгенде композитор Шегеге әуен таппай, қина­лып отырған екен. Сол кезде оның ойына Манарбектің ән шығаратыны түсе кетеді ғой. Содан ол қонағына қолқа салыпты. «Шегенің термесін шығар, опе­рада өзің айтатын боласың» дейді ғой. Арада екі-үш күн өткенде Шегенің тер­месін алып келеді Манарбек. Кейін опе­раның премьерасында өзі Шеге болып шығады. Шегені сомдаған Манарбек өзі­нің туындысы болғасын ба, әйтеуір ерек­ше шабытпен орындайтын. Термені Манарбектен басқа адам айта алмайтындай көрінетін.

Алайда ерекше дарынымен есте қал­ған Ғарекең – Ғарифолла келді. Ға­ри­фолладан кейін оның өнерін жалғас­тыр­ған Кеңес аға Бақтаев болды.

Кеңес Бақтаев қазақ музыка өнерінің тарландары Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев өскен киелі ауылдың түлегі. Ол қарапайым колхозшының отбасын­да 1937 жылдың 15 наурызында дүниеге келді. Әкесі Бақтай колхоз шаруа­шы­лығын өркендетуге көп үлес қосқан ең­бекқор адам болған. Кеңестің анасы Рахила дарынды әнші, суырыпсалма, айтыс­кер ақын екен.

Кеңес жастайынан әнге, жырға әуес болып өскен. 5 жасынан бастап радиодан берілген әндерді жалықпай тыңдайды екен. Сол әндерді есіне сақтап, ыңылдап айтып жүретін болған. 1943 жылы үлкен ағасы Қажытай соғыстан жараланып елге оралады. Кеңес ширақ, көпшіл, әңгі­мешіл болып өсті. Майданнан оралған ағасынан соғыс туралы әңгімелерді тың­дағанды ұнататын. Ағасы оған соғыс туралы әндерді үйрететін. Кеңес әндерді тез қағып алатын еді. Ол ағасынан орыс­тың «Катюша», «Три танкиста» деген әндерін жылдам үйреніп алып, орысша білмесе де, «Три танкиста, три веселых друга, экипаж машины боевой» деген сөздерін жаттап алып, әндетіп, айтып жүреді екен. Ағасынан «Айттым сәлем, қаламқас», «Дударай» әндерін үйреніп алады. Мек­тепте өткен байқауларда ән айтып, же­ңім­паз болып, аудандық фестивальдар­да лауреат деген атақтарға ие болып жүрді. Ән айтуға деген қабілетін байқағаннан кейін Лепсі стансасындағы онжылдық мектепті тәмамдаған соң, аға­сы оны Алматы консерваториясына алып барады. Қабылдау комиссиясындағылар оларды «әншілерді кафедра меңгерушісі Б.Жылысбаев басқа жерде қабылдап жатыр» деп Мәдениет министрлігіне жібереді. Бұл жерде Кеңестің дауысын тыңдап, музыкалық қабілетін тексеріп, «қабылдандың, ша­қыру алғанда келесің» деп қайтарады. Күз­де шақырумен Алматыға келген Ке­ңес оны консерваторияға емес, хор ка­пел­ласына қабылдағанын біледі. Бұл кезде келесі 1958 жылы Мәскеуде өте­тін Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүн­дігіне қызу дайындық жүріп жатқан еді. Сөйтіп Кеңес хор капелласында музы­калық сауатын ашты. Мәскеуде өткен декадаға қатысты. Келесі жылы кон­серваторияның ән бөліміне оқуға түсті. Мұнда ол соғыс жылдары Мәскеуден келген, кезінде Үлкен театрдың жеке әншісі болған А.А.Леонтьеваның сыныбында оқыды. Ұстаздық етумен қатар А.А.Леонтьева Абай атындағы опера және балет театрының солисі де бо­лып қызмет атқарды. А.А.Леонтьева зей­нетке шыққаннан кейін Қазақ КСР-нің ха­лық әртісі, профессор Б.Жылысбаевтан оқып, консерваторияны бітірді. Бұл кезде Қазақ КСР-нің халық әртісі Қ.Жандарбеков консерваторияның жа­нынан ашылған опера студиясын бас­қаратын. Бітірушілер Кеңес пен Нариман сол студияда дип­лом­дық жұ­мы­сын көр­сет­ті. Олар М.Төле­баевтың «Біржан-Сара» операсын да­йындап, Н.Қара­жігітов – Біржанның, К.Бақтаев – Ес­тайдың рөлдерін ойнады. Осыдан ке­йін екеуі де опера театрына жұмысқа алын­­ды. Кеңестің әртістік өмірі осылай бас­талды.

Оқып жүрген кезімізде опера театры­ның спектакльдерінен қалмаушы едік. Әсіресе, «Біржан-Сараны» көруден жа­лық­паушы едік. Тағы бірде Кеңес пен Нари­ман ойнайтын спектакльге екі-үш жол­дасыммен бардым. Спектакль көп ке­шік­пей басталып кетті. «Көтер туын базар­дың!» деп халық Қоянды жәр­мең­кесін думандатып жіберді. Болыс Жан­ботамен ере келген Естай ақын екпінді жырға басты.

«Ай! – Құлаштай тартып гармонды,

Құлшынта әнге басайын.

Төкпектетіп жел сөзді,

Тасқын судай тасайын.

Жиналған топқа алқалай,

Өлеңмен шашу шашайын»

– деп Естай-Кеңес бар дауысымен бастағанда, театр шаңырағының асты күңгірлеп, көрермен залы жаңғырып кетті. Құлағым бітеліп қалғандай еді. Қасымдағы жолдастарым да сондай күйде болған екен. Осы кезде ойыма бір оқиға түсті. Бір жұмысым болып, Кеңес аға сабақ өтетін бөлмесіне барсам, ол дайындалып жатыр екен. Шағын бөлме, ортада екі үлкен қара рояль бар. Ағамыз бар дауысымен шырқағанда, терезенің әйнектері дірілдеп, сыңғырлап кеткен еді. Терезе шынылары сау етіп сынып түсетіндей көрінген. Әнші дауысының күшіне сонда таңғалып едім.

Кеңестің театрда еңбек еткені оның шығармашылығына көп пайдасын тигізді. Ол Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Әнуарбек Үмбет­баев, Байғали Досымжанов, Кәукен Кен­жетаев, Шабал Бейсекова, Құрманбек Мырзабеков, Мұрат Толыбаев, т.б. тәжі­рибесінен үйренді, үлгі алды. Дири­жер­лер Фуат Мансуров, Тұрғұт Османов жас әртістердің өсуіне көмегін аямай­тын. Құрманбек Жандарбеков, Бай­ғали Досымжанов сияқты тәжірибелі режис­серлердің қасында жүріп, олардың ақы­лын тыңдап, өнеге алу бір ғанибет еді. Осын­дай қазақ өнерінің жұлдыздарының қатарында жүрудің өзі тәңірдің сыйы ғой. Мұны түсінген ол өзін бақытты сезінді.

Кеңес ағамыз опера сахнасында көп­теген рөлдерді сомдады. Алғашқы рөлде­рінің бірі М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Естай бейнесі. Қоянды жәрмеңкесіне келген Жанботаға қошемет көрсетіп, базарды қыздырып, «құлаштай тартып гармонды» дүрілдетіп әнге басады. Екпіндете бастаған әнші көрерменнің көңілін көтеріп, жадыратып тастайды. Жалпы, операның жарқын, шат-шадыман басталуына осы Естайдың термесі леп береді.

Одан кейінгі осы тектес рөлі Е.Бруси­лов­скийдің «Қыз Жібек» операсындағы Шеге бейнесі. Бұл рөлді Кеңес аға ерек­ше шабытпен, екпіндете орындап шық­ты. Оның өткір дауысы театр ішін жаңғыр­тып, әсерлі бір сезімге бөледі. Кеңес аға­ның осы бір шабытты шағы халықтың көңілінде жатталып қалғандай еді.

Соның әсерінен болды ма, кинорежиссер Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» кинофильмін түсірерде Кеңес ағаны кастингке шақырып алыпты. Ондағы ойы Шегенің кинода айтатын «Біздің оқ» термесін айтқызып көру екен. Көп әншілер шақырылған екен. Ал іріктейтін комиссия мүшелері тіпті көп. Құрамында Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин, Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов, Аб­долла Қарсақбаев, Камал Смаилов сияқ­ты марқасқалар бар көркемдік кеңес қаншама әншілерді сыннан өткізді. Көп әншілердің ішінен Төлегеннің әнін айтуға Қайрат Байбосыновтың дауысын таңдап, Шегенің «Біздің оқ» термесін айтуға Кеңес Бақтаевтың дауысын ла­йық деп тауыпты. Көркемдік кеңес мү­ше­лері Бақтаевтың «үні таза, дауысы ашық, дикциясы анық, екпіні терменің характерін ашады» деп бағалаған екен. Солай Шегенің дауысы бекітілген екен. Фильмде Шеге боп ойнаған Әнуар Молдабеков Төлегеннің атқан оғын тауып алып, ат үстінде шауып келе жатып осы термені айтады. Бүгінде «Қыз Жібек» қазақ кино өнеріндегі классикалық туын­ды болып бағаланып отыр. Осындай игі­лікті істе Кеңес Бақтаевтың да елеулі үле­сі бар. 

Кеңес Бақтаев опера театрының сах­насында көптеген күрделі рөлдерді ше­берлікпен орындады. Ол қазақ операларында: А.Жұбанов пен Л.Ха­мидидің «Абай» операсында Нарым­бет, Әзім, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Шеге, «Ер Тарғын» операсында Балпан жырау, Ғ.Жұбанова­ның «Еңлік-Кебек» операсында Жапал, Е.Рах­ма­диевтің «Алпамыс» операсында Кей­қуат, Тайшық хан, «Қамар сұлу» операсын­да Қияқбай, Нұрым, классикалық операларда: Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында Сполетто, «Чио-чио-сан» операсында Горо, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында Трике, А.Бородиннің «Князь Игорь» операсында Ерошка, Дж.Вердидің «Ригодетто» опе­расында Борса, балаларға арналған операларда: И.Дунаевскийдің «Теремок» операсында Әтеш, Б.Бриттеннің «Сиқыр­лы музыка» операсында Ізшіл, Н.Бого­словскийдің «Мысықтың үйі» операсында Әтеш, И.Морозовтың «Алтын кілт» операсында Буратино рөлдерін ше­бер­лікпен орындап, көрерменнің көңі­лінен өшпестей орын алды. Кеңес аға қара­пайым, кішіпейіл, ақкөңіл, балажан адам. Сондықтан да балаларға арналған операларда ерекше шабыттанып ойнайды. Сонысымен көрерменнің, әсіресе кішкентайлардың көңілінде ұмы­тылмастай болып қалады. Көшеде оны көр­ген балалар «Буратино ағай» деп қуа­нып қарсы алады. Ақкөңіл, адал жан со­ған қатты қуанады. Өзін ба­­қытты сезінеді. Ол жас балалар рөл­де­рінде өзіндік ойын өрнегін көрсете білді. Мұны әншінің өзіне ғана тән қай­таланбас табиғи талантынан екендігі деп түсінген жөн.

Оның осындай табиғи қасиетіне, дарынына тәнті болған көпшілік әншіні жоғары бағалайды. Табиғи дарыны, Алла­ның берген қабілеті адамның ұрпа­ғына да даритынын көп жерде байқап жүр­міз. Кеңес ағаның тұңғыш перзенті Жаннат әкенің әншілік қабілетін бойына дарытқан екен. Осындай ән естіп өскен бала қалайша музыкаға жайбарақат болсын. Әнші әке музыкаға құштар қызын А.Жұбанов атындағы орта арнаулы музыка мектеп-интернатына ор­наластырады. Онда Жаннат фортепиано мамандығы бойынша ұстазы Нұрлан Измаиловтың сыныбында оқи­ды. Мек­тепті жақсы бітіріп шыққаннан кейін Алматы мемлекеттік Құр­манғазы атын­да­ғы консерватория­сына оқуға тү­се­ді. Консерваторияда ол во­кал ма­ман­ды­ғы бойынша Нәдия Абдрах­манқызы Шарипованың және Бекен Жы­лыс­баев сыныбында, фортепиано маман­ды­ғы бо­йынша Нұрлан Измаиловтың сы­ны­бында білім алды.

Дарынды қыз студент кезінде-ақ әнші­­лігімен көріне бастады. 4-курс­та жүргенде Рес­публикалық Күләш Бай­сейітова атын­дағы және Бибігүл Төле­генова атындағы конкурс­та бі­рінші жүлдеге ие болды. Көп­теген Ха­­лықаралық әншілер конкурс­та­рында жүлделерді жеңіп алып жүрді. Атап айтқанда, Ресейде өткен Ми­хаил Глинка атындағы конкурста – 1-орын, Әзербайжанда өткен Бюль-бюль Ма­медов атындағы конкурста – 2-орын, Сол­түстік Кореяда өткен «Сәуір көктемі» атты конкурста – жүлдегер (1,2-орын деген жоқ), Болгарияда өткен әншілер конкурсында 2-орын алып, еліміздің мақтанышына айналды.

Консерваторияны бітірген соң Жан­нат әке жолын қуып, опера театрына жұ­мысқа орналасты. Ол бірнеше шетел опе­ра театрларында тағлымдамадан өтті. Атап айт­қанда, Йези (Италия, 2009), Associa­zione Opera Italiana di Bologna (Болонья); ACCADEMIA Teatro alla Skala (Милан) театрларында өнерін шыңдап, Кеннеди-орталық, Линкольн-театры (Вашингтон), Карнеги-холл (Нью-Йорк), Сантори-холл (Токио), Татарстанның Ғ.Тоқай атындағы мем­ле­кеттік филармониясы сахнасында (Қазан), Белоруссияның Үлкен театрында (Минск), Карло Феличе театрында (Генуя); Голландия бойынша өткен опера турларында өнер көрсетті.

 Қазір ол «Астана-Опера» театрының белді де жетекші солисі. Классикалық және ұлттық операларда басты рөл­дерді сомдап жүрген сахна шебері. Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің иегері. Қазақ­стандық «Алтын адам» конкурсының жеңімпазы, «Жыл адамы» жүлдегері.

Опера театрының ардагері, әнші­лер­дің саңлағы Кеңес ағамыз туралы кезінде талай құнды пікірлер, бағалы лебіздер айтылған болатын. Солардың біреуін келтірейік.

«Ойын өрнегінде ән орындау­шы­лы­ғында ұлттық бояуы мол, аға буын орындаушылық дәстүрімен айқын көрін­ген әнші К.Бақтаевтың саңқылдаған ашық та ұшқыр дауысы актерлік шебер орындауымен көрермен көңілінен шық­ты. Жас әншілерге үлгі боларлық бұл орындаушының сахнаға әр шығуының өзі терең тәлім аларлық ойын өрнегімен баурайды. Мұнда көптеген жас орындаушылар жоғалтып алған, халық арасынан шыққан аға ұрпақ өнерінің қайталанбас өзіндік қуат көздері бар. К.Бақтаев –  сахнадағы еркіндігімен ерекшеленетін, му­зыка тілін актерлік шеберлігімен сұлу шендестіре алатын, өз кейіпкерін шынайы сомдайтын әнші-актер», деп жазды музыкатану ғылымдарының докторы, профессор С.Күзембаева.

Жастардың ұлағатты ұстазы болған, ха­лықтың сүйіспеншілігіне бөленген сахна саңлағы Кеңес Бақтаев қазақ өнерінде өз қол­таң­басын қалдырған тұғыры биік тұлға.  

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,

Қазақстан Жазушылар және Композиторлар одақтарының мүшесі