Қоғам • 23 Шілде, 2021

Өзің біл

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өзің біл

Өзің біл

Ауыл аты – Төгілдір
Оған сүйіп қарайсың ба,
Күліп қарайсың ба,
Аяп қарайсың ба,
Жай-ақ қарайсың ба,
Өзің біл!
Өйткені, бәрі кеш,
Осы ауылдан,
Көшіп кеткендердің өзі,
Ұзақ сонар көш...
Бұрын бұл елдің клубынан,
Ән төгіліп тұратын.
Қотанға кіргеннен-ақ,
Күтімі көрініп тұратын.
Ал, қазір аңғал-саңғал,
Мейлі, тосыл,
Мейлі, таң қал,
Бәрібір күйі кеткен.
Яғни, түбіне,
«Прихватизация» деген жеткен.
Содан бері,
«Жебір» атты фирманың,
Иелігінде.
Айт-айтпа,
Басына тоқпақ тиеді күнде.
Қайда құрмет, қайда ізет,
Алқапқа дейін күзет?!.
Өткен күзде Тәпи шал,
Ат арбасымен отынға кетеді,
Ал, оған жол егінмен өтеді.
Соған қартты кіргізбеген,
Ата-баба жерімен жүргізбеген.
Кім бұған төзсін,
Өзіңді-өзің қорғай алмасаң,
Езсің.
Мынау да соны сезсін, –
деп қамшымен ызалы қарт,
Салып қалады.
Анау нокдаун алып қалады...
Содан мылтығын тақап:
–Шүріппені басамын,
Қаныңды судай шашамын.
Қазірден бастап құрисың,
Адам емес, тырисың, –
деп құзғынша шүйіледі.
Шал байғұс, иманын үйіреді...
Террорға ұқсас пошымы,
Ау, қалай түсінеміз осыны?!.

* * *
Ауыл аты – Төгілдір,
Сол баяғы «Жебір» дүр.
Алтын бесік елменен,
Осылай да болып жүр.
Не ойлап, не қоясың,
Оқырманым, өзің біл!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Көкшетау