Атырау облысында екі бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіру зауыты бар. Бұл зауыттарды жаңғырту мәселесі біраз жылдан бері айтылып келеді. Тіпті Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жұмыс сапары кезінде жаңа бекіре зауытын салу мәселесін қарастыруды, бұрыннан бар екі зауытты жаңғыртуға тапсырма берген еді. Алайда Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев мәлім еткендей, бұл тапсырма әлі орындалмай отыр.
«Содан бері зауыттарды жаңғырту, материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан аталған зауыттар ескірген қондырғыларды пайдаланып, тиімсіз технологиямен жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Зауыттарда жұмыс істейтін мамандардың жасы ұлғайды. Қазір орташа жас – 50. Олардың алатын жалақысы тіптен мардымсыз», дейді Ғ.Дүйсембаев.
Бірақ өз ісін жауапкершілікпен атқаратын мамандар шабақ өсіруді әсте тоқтатқан жоқ. Тіпті жалақының төмендігі, зауыттардағы қиындық туралы шағым айтқан емес. Мәселен, Еркінқала елді мекенінде орналасқан «Атырау бекіре балық өсіру» зауыты 1998 жылы ашылған. Бұл зауытта 78 адам жұмыс істейді. Олар жыл сайын арнайы бассейн мен тоғандарда өсірілген бекіре тұқымдас бағалы балықтардың 3,5 млн шабағын Жайық өзеніне жібереді.
Зауыттың инженер-ихтиологы Гүлшат Шайдуллинаның айтуынша, бағалы балықтардың шабағы өсірілетін бассейн мен тоғандардағы су температурасына баса мән беріледі. Өйткені бекіре тұқымдасына жататын бес түрлі балықтың әрқайсысы әртүрлі температурада тіршілік етеді. Мәселен, қортпа 9-12, бекіре 11-12, ал шоқыр 18-22 градуста емін-еркін жүзеді. Сондықтан тоған мен бассейндегі су температурасы осы деңгейде сақталуы керек. Әйтпесе, уылдырық жарамсыз болып қалуы мүмкін.
– Көктемде ауланған аналық балыққа жасанды жолмен толғақ келтіретін арнайы екпе салынады. Содан соң бесік секілді шайқалып тұратын арнайы аппаратқа салып, аталық ұрықпен бірге 45 минут тұрады. Қара уылдырықтың бір түйірінен бір шабақ өседі. Алдымен құйрығы пайда болады. Кейін екі көзі көріне бастайды. Осылай екі, төрт, алты, сегіз, соңында он бөлікке бөлінеді. Үш-төрт күнде қозғалып, жанданып шыға келеді. Ал жеті күннен соң тамақтана бастайды. Шабақтарды ақ және қызыл құрттармен қоректендіреміз. Қызыл құрт – кәдімгі жауын құрты, – дейді Г.Шайдуллина.
Ихтиологтың мәліметінше, балық шабақтары бассейннен тоғанға көшіріліп, онда 60-70 күн өмір сүреді. Осы кезеңде салмағы 3-5 грамға жетеді.
Екіншісі – «Жайық-Атырау» зауыты. Биыл мұндағы 10-нан аса тоғанда бекіре тұқымдас төрт балықтың 3,5 млн шабағы өсірілді. Бұл үшін 76 кило уылдырық пайдаланылды. Алайда зауыт директоры Ғилман Сәрсемәлиевтің айтуына қарағанда, шабақтардың бір пайызы ғана су айдынында өмір сүре алады.
Қос зауыттың мамандары технологияның ескіріп, тоғандардың тозғанын, жалақының төмендігін жасырмайды. Мәселен, «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытындағы өндірістік цехтың меңгерушісі Жұпар Өтеулиеваның айтуынша, реконструкция басталады дегелі біраз жылдың жүзі ауған. Бірақ әлі күнге қолға алынбай отыр.
– Зауыттың аумағындағы тоғандардан Жайық өзеніне шығатын арналар әбден бітелуге таялды. Тоғандар тазаланып, бетондалса, шабақтардың өзенге кедергісіз жетуіне жол ашылар еді, – дейді Жұпар Өтеулиева.
Жақында екі зауыт Жайық-Каспий су айдынына бекіре тұқымдас балықтардың 7 млн-ға жуық шабағын жіберді. Мұның бәрі – мемлекеттік тапсырыспен өсірілген шабақтар. Бұған қоса биыл Caspian Royal Fish ЖШС тоғандарда бағалы балықтардың шабағын өсіруді қолға алды. Бұл серіктестіктің зауытына жеті жыл бұрын Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелінген. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығы алынып, зауыттағы бассейндерде өсірілген. Алты жылда балықтардың салмағы 8-9 килоға жеткен. Қазір серіктестіктің зауытында бағалы бекіре балықтарының төрт түрі – орыс бекіресі, сүйрік, қорытпа мен сібір бекіресі өсіріледі. Арасында 3-5 жылдан бері өсіріліп жатқан балықтар бар.
Серіктестіктің бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың түсіндіруінше, үш тоғанда 3-10 грамға дейін өсірілген 100 мың шабақ өзенге жіберілді. Шабақтарды өсіру үшін Маңғыстау облысының табиғат пайдаланушыларымен келісімшарт жасалған. Соның бірі – «Актау-Балык LTD» ЖШС шабақтарды Жайық өзеніне жіберуге қолдау білдіріпті.
– Біздің серіктестікпен бірнеше табиғат пайдаланушы тығыз байланыс орнатты. Оның ішінде «Жумамуратов К.Е.», «Шабаров В.А.», «Самаров А.В.», «Инвалиды войны в Афганистане», «Микор», «Розенко В.В.», «Толқын», «АН-групп», «Колесник С.В.», «Таушық ауыл шаруашылығы», «Батыс Мунай Транс», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Актау балык компани» серіктестіктері бар. Жайық өзеніне жіберілген шабақтардың санын есептеуге аталған серіктестіктер мен облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері шақырылды. Біз осылайша, Каспий теңізін мекен ететін бекіре тұқымдас бағалы балықтардың қорын көбейтуге үлесімізді қоса бастадық, – дейді Caspian Royal Fish ЖШС-нің бас балық өсірушісі А.Ниматов.
Балық өсіру де «инемен құдық қазғандай», біліктілік пен төзімділікті қажет етеді. Өйткені бұл – ғылымға негізделген жұмыс. Сол себептен атыраулық балық шабағын өсірушілердің еңбегі ерен десек те, табысы төмен екені даусыз. Соған қарамастан, олар Жайық-Каспий су бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтар қорын шабақтармен толықтыруды жалғастыра бермек. Тек оларға Үкіметтен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен қолдау қажет-ақ.
Атырау облысы