Әдебиет • 10 Тамыз, 2021

Міржақып Дулатұлы және «Қазақ» газеті

7478 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттық сананы ояту жолында жанын пида еткен ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының қаламынан туған публицистикалық мақалаларда күрделі мәселелер көп. Оның өмірі қоғамдық сілкіністер мен әлеуметтік-таптық қақтығыстарға тап келді. Жазушының идеялық ой-танымы Орынборда 1913-1918 жылдар аралығында шыққан «Қазақ» газетінде түгел қамтылды.

Міржақып Дулатұлы және «Қазақ» газеті

Алдымен Міржақып Дулат­ұлы­ның публицистикалық туын­ды­ла­рын пайда болған уақыт ерек­шелігіне байланысты айқындасақ, бірін­шіден, 1917 жылғы Ақпан төң­ке­рісіне дейінгі – Ресей отар­шыл­дығына қарсы ел үшін, жер үшін күрес кезеңіне байланыс­ты жазылған публицистикалық шы­ғар­маларынан көреміз. Екінші­ден, Ақпан төңкерісінен бастап Қа­зан төңкерісіне дейінгі – Уақыт­ша Үкімет тұсындағы елдегі демо­кратиялық қоз­ғалыстар кезеңіндегі шығармалары болса, үшіншіден, Қазан төңкерісінен бастап, Кеңес өкіметі толық орна­ған­ға дейінгі – Азамат соғысы жылда­рын­дағы большевизмге қарсы кү­рес кезеңіндегі публицистикалық шығар­малары.

1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газе­тінің алғашқы нөмірі жарық көрген­нен бастап (газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы және екінші редакторы әрі жауапты хатшысы Міржақып Дулатұлы) қаламгердің жариялаған қазақ қоғамындағы әде­биет сыны мен діни-рухани-мә­дени мәселелері оның кемел ойлы көсемсөздің шебері екенін айқын танытты. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетінің жарыққа шығуымен бірге қазақ халқының зиялы буыны қа­лыптасты. Олар жақұт жазбаларында ел тағдырын, жер тағдырын, ағартушылық мәселесін қозғады. «Қазақ» газетінің ұстанған өзіндік бағыт-бағдарымен қазақ зиялыла­ры ұлт тәуелсіздігі жолындағы идея­ларын кең қамтып, өз кезеңіндегі заманның күрделі әлеуметтік мәсе­лелерін баспа беттерінде жария­лады. ХХ ғасыр басында қазақ ба­сы­лымдарының ішінен «Қазақ» газеті алдыңғы саптан көрі­ніп, қазақ зия­лы­ларының кемел ойлы көсемдік та­нытқан мақалаларындағы озық ойлары халықтың санасын рухтандырды.

ХІХ ғасырдың екінші жарты­сын­­да қазақ ағартушылары аңсаған білімге үндеу ХХ ғасырдың бас ке­зінде нәти­же беріп, елді азаттыққа ұмтылдыруға жігер берді. Қазақ зия­лылары ел бағы­тын айқындап, тәуел­сіздік жолын нұс­қаған жаңа тұлға­лар іші­нен Міржақып Дулатұлы айрықша көрінді.

1913 жылғы 9 нау­ры­зда №5 нө­мірде, «Қазақ» газетінің дүние­ге ке­луі­мен кұттықтаған Шәкәрім ­қа­­жы Құдай­бердиевтің «Қазақ» құт­ты ­бол­сын!» атты өлеңінде:

Үмітті Орынбордан бала туды,

Қолына жарық сәуле ала туды.

Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын

Ойлайды тура жолға қаратуды,

– деп сәттілік тілеген сөздері газет­тің әрі қарай қазақ баспасөзінің көш­басшысы болуына септігін тигізді.

Газеттің дереккөздері мен рухани құндылығы, шынайылық деңгейі оның шығарушылары мен негізгі ав­торлары Ахмет Байтұрсынов пен Мір­жақып Дулатұлының еншісінде болды. Большевиктер бүліншілігіне дейін патша жандармериясының қу­ғын-сүргініне қарамастан «Қазақ» газетінің бес жыл бойы үздіксіз шы­ғып тұруын қамтамасыз еткен қос қаламгердің еңбегі зор. Бұл жайын­да Алаш қозғалысының көсемі Әли­хан Бөкейханов 1915 жылдың 18 сә­уіріндегі «Қазақ» газетінде: «Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып газеттің уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр» – деп жазды.

Қазақ баспасөзінің көш­бас­шысы болған «Қазақ» газетінің ­ма­териалдары М.Дулатұлының тек жеке өмірінің ғана емес, публи­цис­­тикалық еңбектерінің де дерек­көз­дері болып табылды. Олай бо­луы­ның себебі, «Қазақ» газетінде жұ­­мыс істеген жылдары оның бойы­на біткен бар табиғи публицистік таланты толығымен ашылып, терең білімділігі айқын көрінді деуге болады. М.Дулатұлының «М.,», «М.Д,», «Мадияр», «Түрік баласы» сияқты бүр­кеншік аттармен газет беттерінде үз­діксіз басылып тұрған материал­дары оның ақын-жазушы, саяси күрес­керлігімен қатар, пуб­лицист, сыншы, зерттеуші, тарихшы екендігін де көрсетті. «Қазақ» газетінің бірінші жылғы сандарында көтерілген «ұлттың саяси еркі мен жерін өз қолына түгел алып болып, енді қазақтың өз жеріне, атамекеніне өзін сыйғызбай ығыстыра бастаған ақ патшаның зорлығы; халық санасын ояту мәселесі; қазақ қоғамын темір құрсаудай қысып, бойын жаз­дырмаған ортағасырлық мешеулік; бірін-біріне айдап салып, билей беру мақсатында патша берген болыс­тық билікке таласу; ел қатар­лы өз мүддесін өзінің қорғауына жол бермеген надандық пен саяси құқық­сыздық т.б. ұлттық деңгейдегі басты мәселелер болатын. Осы көтерілген  өзекті мәселелер М.Дулатұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жа­риялаған «Жер аудару», «Қазақ жай­­лы», «Шәкірттер жа­йы­нан», «Зем­ство һәм қазақ», «Мек­теп-мед­реселер мәселесі», т.б. мақа­ла­ла­рын­да қазақ ұлтының өмірі, ел ты­нысы жан-жақты бейнеленді.

«Қазақ» газеті Орынборда 1913 жыл­дың 2 ақпанынан бастап, 1918 жыл­дың аяқ кезіне дейін шығып тұр­ды. Осы кезеңде газеттің 265 нө­мі­рі жарық көрді. Газет қалыпты кө­лемде, алғашқы кезде жетісіне бір рет, ке­йін үш рет шықты. Ол қа­зақ халқының арасына көп тарап, үл­кен беделге ие болды. «Газет алғаш­қыда 3 мың данамен шықты. Бұл ол уақыт үшін тіптен көп таралым еді... Оппозициялық газет бола отырып «Қа­зақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозға­лыс­тың және бола­шақ «Алаш» пар­тия­сының баспа ор­ганы болды. Жа­рия­ланымдардың отар­шылдыққа қарсы сипаты өкімет орын­дарының наразылығын туғызды. 1913-1916 жылдардың өн бойында газет 26 рет жабылады.

Шын мәнінде, Міржақып Ду­лат­­ұлы публицистикалық мақа­ла­­ларымен ХХ ғасырдың әлеу­мет­тік жағдайында­ғы қазақ халқы­ның қоғамдық-әлеу­меттік, тарихи, мәдени, әдеби ма­ңызы зор мәсе­ле­лерін терең талдап, «Қа­зақ» газе­тінде жариялап отырды. М.Дулат­ұлы халықтың мұңы мен зарын сөз еткен, оның дұрыс жол­мен ше­шілуіне ықпал жасаған пуб­ли­цис­тикалық еңбектерімен ұлт тә­уел­сіз­дігінің негізін қалыптас­тыр­ған­­дығын «Қазақ» газеті арқылы айқын­­дап берді. Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Ақ жол» газетінің
4 ақ­пан­дағы «Ахаң­ның елу жылдық тойына» арнап жазған мақаласында: «Бөт­ен қа­ла­да қыр есіне түсіп, елін ой­лап жүр­ген балаға «Қазақ» газеті ауы­лынан кел­ген сәлемдемедей бо­ла­тын. «Қа­зақ» газетінің сол за­ман­нан бері қа­рай талай өмірі өт­кен сияқты. Бұл уақыт саусақпен сана­ғандай аз жыл бол­са да, болып өткен уақиғаларына қа­ра­ғанда көп заманға жауап бола­тын толқынды заманның бірі. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширық­тыр­ған, етек-жеңін жиғызған «Қа­зақ» газеті болатын» деп жазды. Ұлттық мемлекет болу идеясы қазақ интеллегенция­сын ұлттық «Алаш» партиясын құрып, «Алаш орда» үкіметін орнатуға әке­леді. Бұл қазақ зиялыларының 1917 жылғы Ақпан революциясынан күткен үміті болатын. Одан кейін «...Қазан күндері келіп жетті. Қазан төңкерісі партиясына кереғар көзқарастағы көп партияның үлгісінде қазақ ұлт­­шыл ұйымының «Алаш» партиясын құр­дық, партияның бір мүшесі өзім­мін. Езілген, тоналған, сіңірі шық­қан ұл­тымыздың қамынан асып өзге­­дей әрекетке барған емеспін», – деген болатын Міржақып Дулатұлы өзі­нің 1929 жылғы «Ұрпаққа хатын­да». Ұлтының қамын ойлаған «Алаш» азаматтарының қанды Қа­зан төңкерісі, Азамат соғысының нә­ти­жесі олардың идеясын сейілт­ті. Ақын Ұлы Октябрь қарсаңын­да «Мадияр» бүркеншік атымен 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 21 тамызында «Қайда едің? » өле­ңін жариялады. Бұл өлеңінде бос­тан­дық жолындағы күресті айта ке­ліп, халықтың көкейкесті арман-тілек­терін орындай алмай, өз бастарының амандығын сауғалап жүрген қайрат­керлерге қатал сын тақты.

«Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бүл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын сонда қайда едің?...

Сарыарқа сайран жерлерім,

Көкорай шалғын көлдерім,

Бәрін жауға алдырып,

Асқар тау - биік белдерім.

Қысылып қазақ тұрғанда,

Данышпандар, қайда едің?...» –

деген ойлы сөздерімен ер көңілді алаштың азаматына енді зор сын! – деп, өз ке­зеңіндегі заманның күр­делі әлеумет­тік мәселелерін баспа беттерінде жариялады.

Міржақып Дулатұлының публи­цистикалық мақалаларын Орынбор­да 1913-1918 жылдар аралығында шы­­ғып тұрған «Қазақ» газетімен бай­ланыстырғанда ғана төмендегі өзек­ті мәселелерді айқындай аламыз. Біріншіден, Міржақыптың пуб­лицистикалық еңбектерінің толықтай негізгі бөлімі осы газетте жарияланды. Екіншіден, бұл – қазақ тілінде үзілместен ұзақ мер­зімге және жиі шығып тұрған бір­ден-бір мерзімді басылымдардың бірі болатын. Қазақ баспасөзінің көшбасшысы болған «Қазақ» га­зеті қоғамдық ой-сананың, оқу-ағар­тудың үгітшісі болуымен бірге қа­зақ әдебиетінің ілгері дамуына жаршы болды. Мұнымен бірге қазақ әде­биетін байытуда алғашқы қазақ ро­манының авторы, прозаик, ақын, көсем сөз шебері, көрнекті қоғам қай­раткері. Ол бүкіл өмірі мен күш-жігерін туған халқының азаттығы мен даңқын арттыруға бағытталған қа­­жымас күреске жұмсады.

1920 жылдары «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газе­тінде қызметтес болған, тұт­қын­далған­нан кейін отбасына көмек­тескен әдебиет­ші-ғалым Б.Кен­же­баев: «...мен көрген, білген, түйген Мір­жақып Дулатұлы үлкен журна­лист, жазушы, ақын, не жөнінде бол­сын жинақы, терең, алғыр да өт­кір, мірдің оғындай еді. Тұрған бір қай­рат, міржақ кісі еді», – деп ұлты­мыздың ұлы тұлғасын ерекше еске алады.

М.Дулатұлының публицистика­лық еңбектері мен өмірінің жаңа кезеңінде 16-ның ойраны, Ақ­пан төң­керісі, Большевиктер бүлін­ші­лігі, ақтар мен қызылдардың қыр­ғыны, кеңестік-тоталитарлық жүйе­нің орнауы осы­лардың бәрі іскер пуб­лицистикаға тән заң­дылық­тар­мен «Қазақ» газетінде толық көрі­ніс тапты. Алаш арысы қазақ хал­қының ХХ ғасыр басындағы әлеу­­меттік жағдайын тұтастай қал­пын­да қабылдап, ұлттық сананы жаңғыр­тудағы өміршең идеялық ойларын «Қазақ» газеті арқылы саралап берді.

Жамбыл КҮЗЕМБАЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты