Биылғы маусым айында астанадағы ардақты ақын атындағы музейдің директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, осы өлкенің тумасы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы екеуі барып, Сәкентауын өз көзімен көріп қайтады.
Несіпбек Айтұлының айтуынша, Сәкен атамыз 1918 жылғы Ақмоладағы ақтар төңкерісінен соң тұтқындалып, 1919 жылы Петропавл түрмесіне жіберілгені белгілі. Содан ол 47 күн бойы атаман Анненковтың «ажал пойызымен» Омбыға барғанда Колчак түрмесінен қашып, туған ауылына келе жатқанда Баянауылға тоқтап, аялдаған.
− Бірақ ақынның Баянауылға келгенін ақтың адамдары біліп қалып, оның ізіне түседі. Алайда ел азаматтары тұғырлы тұлғаны осы тауға апарып, біраз күн бағып-қағады. Сәкен ағамыз Баянауылға бекер келмеген, ақынның анасы – осы жердің қызы. Сондықтан ол кісі нағашыларын сағалап келсе керек. Аталған тау атақты Сұлтанмахмұт ауылының іргесінде, Торайғыр көлінің жағасында тұр. Бір қарағанда, киіз үй секілді көзге ерекше көрінеді. Соны жергілікті жұрт ақынның құрметіне «Сәкентау» деп атап кеткен, − дейді Несіпбек аға.