Аймақтар • 11 Тамыз, 2021

5 өңірде вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қалаларында азаматтарға жалған екпе жасаған медицина қызметкерлері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 өңірде вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды

«Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қалаларында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялаудың жалған паспорттарын заңсыз сатумен айналысқан медицина қызметкерлері мен басқа да адамдар анықталды. Пайда табу мақсатында Денсаулық сақтау органдарының міндеттері мен мораль нормаларына қайшы, азаматтарды жалған вакцинациялау жүргізілді», деп хабарлады АФМ.

Дәрігерлер сатып жүрген жалған вакцинация паспорттарының құны 5 мың - 30 мың теңге аралығында болған.

«Аталған фактілер бойынша қылмыстық кодекстің 385-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша сотқа дейінгі жеті тергеу басталды. Дәрігерлерден жалған вакцина паспорттарын сатып алған 37 азамат, сондай-ақ жалған құжат жасаған 12 адам, оның ішінде сегіз медицина қызметкері анықталды», деп атап өтті агенттікте.

Қалған күдіктілерді анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасуда.

Еске сала кетсек, жалған вакцинация паспортын пайдаланғаны үшін азаматтарға қылмыстық кодекстің 385 «жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, жасау немесе сату» жазасы беріледі. Тәртіп бұзушыларға 160 АЕК (шамамен 467 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қаупі бар.

Жасанды вакцинация паспорттары қатаң жазаланады. Осы бап олар үшін 2 000 АЕК (5,8 миллион теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Егер бұзушылық жыл ішінде қайталап анықталса, сондай-ақ вакцинация паспорттарын қолдан жасау алдын ала сөз байласу арқылы жүзеге асырса, айыппұл 4 000 АЕК-ке дейін өседі, ал бұл 11,6 миллион теңге. Сондай-ақ тәртіп бұзушыларды 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға болады.