Экономика • 12 Тамыз, 2021

Стартапшыларды қаржыландыруға кірісті

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Astana Hub IT-өнімдерін шығарумен айналысатын бәсекеге қабілетті Қазақстанның, ТМД-ның және бүкіл әлемнің стартапшыларына арнап, Seed Money бағдарламасын іске қосты. Соған сәйкес, тың жобалардың авторларына 47 мың доллар немесе 20 млн теңгеге дейін қаражат алудың мүмкіндігі туып отыр.

Стартапшыларды қаржыландыруға кірісті

Бұл қаражатты иелену үшін үміткерлерге конкурстық ірік­теу­ден өтіп, Astana Hub қатысу­шысы­на айналу қажет. Шетелдік жоба­лардың авторларына осы сын­ға түсу үшін еліміздің астанасы­на уақытша қоныс аударуға тура келеді.

Seed Money-дан бөлек, үміт­кер­лер акселерацияның қатысу­шылар ретінде кең ауқымды қол­­дау­­мен қамтылады. Атап айт­қанда, IT-жоба авторларына тегін жұ­мыс кеңістігі, оқыту және тәлім­гер­лік курстары ұсынылып, 500 IT-ком­паниядан тұратын инвес­­тор­лар мен салалық қауым­дас­тық өкілдерімен байланыс орна­ту­мен бірге салықтық және виза­лық преференциялар, сондай-ақ PR бағытта қолдау мүмкіндігі беріледі.

Astana Hub-тан қаржылан­дыру теті­гіне қол жеткізу үшін ірік­­теу­дің 6 кезеңінен өту шарт. Оған өтінім беру және оны тек­серіп қарау, өтінімді сара­лау, презентацияға жобаларды іріктеу, питч-презентация, ко­мис­сия­ның шешімі және соңын­да үміт­кер­лермен шарт жасасу кіреді. Жеңім­паздар үш жыл көле­мінде өз та­быс­тарынан қосымша 1%-ды Asta­na Hub-тың еншісіне аударуға, сон­дай-ақ басқа стартаптарды дамы­туға көмектесуге міндетті болады.

Тәуелсіз сарапшылардан жа­сақталған комиссия MVP, Product-Market Fit және Scale сын­ды бір­неше кезеңде 35 үздік жобаны ірік­тейді. Бұл ретте IT саласына қатыс­ты кез келген технологиялық және иннова­ция­­лық жаңа жоба Astana Hub басымдық берген қызмет түр­леріне сәйкес келсе, аталған бағ­дар­ламаға қатысуға құқылы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Seed Money бағдар­ламасы IT-өнімдерінің экспортын ынталандырып, тәжірибе алмасу­ға және үздік тәжірибелерді ен­гізу­дің нәтижесінде жергілікті кадр­лар­ды дамытуға оң әсерін тигізеді.

«Қаржыландыру revenue share (табысты бөлу) моделі негізінде жүзеге асырылады. 3 жыл ішінде бағ­дарламаға қатысушы әр тоқ­сан сайын түскен табыстың 1% мөл­шеріндегі қаражатты төлеу­ге мін­детті. Бұл өз кезегінде алда­ғы стартапшылардың жаңа легін қар­жыландыруға жол ашады», деді Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиев.

Өтінімдерді қабылдау 2 тамызда басталып, аяқталу мерзімі стартаптың даму сатысына байланысты болады.