Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:
– Елбасы, біріншіден, «2050» Стратегиясында алға қойылған міндеттердің мән-мағынасын ашып айтты, екіншіден, осы үстіміздегі жылға нақты тасырмалар берді, үшіншіден, стратегияны үлкен екі кезеңге бөліп, елдің даму жолының сызбасын нақтылады. Ал дипломаттар болса, осы алға қойған асыл мұраттарға жетуде сыртқы әлемнің елімізде қолға алынған істерге оң ықпалын тигізуіне жол ашуды басты міндеті деп біледі. Осы мақсатта сыртқы саясатта жинақталған тәжірибеміз бен күш-жігерімізді аянбай жұмсаймыз.
Сыртқы әлем, дүниежүзілік қоғамдастық біздің елімізді алдына кеуделі мақсаттар қойған ел ретінде біледі. Әрине, діттеген межеден шығу, ойға алған мақсаттарды толығымен орындау – елдік сын. Біздің дипломаттар еліміздің имиджін көтеріп, оның әлемдік аренада өзіне тиесілі абыройлы орыннан көрінуіне күштерін салып келеді және осы жолдағы жұмыстарын тынбай атқара бермек.
Қазақстанның әлемдегі озық 30 елдің қатарына енуі қай сала адамынан да тынбай еңбектенуді, аянбай тер төгуді талап етеді. Әркім өзі жұмыс атқаратын орнында алдына игі мақсат қойса, біз елдік мұратқа тезірек қол жеткізетін боламыз. Бұл бағытта дипломаттар аянып қалмайды дегім келеді.
* Жолдауға жедел үнқосу
Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:
– Елбасы, біріншіден, «2050» Стратегиясында алға қойылған міндеттердің мән-мағынасын ашып айтты, екіншіден, осы үстіміздегі жылға нақты тасырмалар берді, үшіншіден, стратегияны үлкен екі кезеңге бөліп, елдің даму жолының сызбасын нақтылады. Ал дипломаттар болса, осы алға қойған асыл мұраттарға жетуде сыртқы әлемнің елімізде қолға алынған істерге оң ықпалын тигізуіне жол ашуды басты міндеті деп біледі. Осы мақсатта сыртқы саясатта жинақталған тәжірибеміз бен күш-жігерімізді аянбай жұмсаймыз.
Сыртқы әлем, дүниежүзілік қоғамдастық біздің елімізді алдына кеуделі мақсаттар қойған ел ретінде біледі. Әрине, діттеген межеден шығу, ойға алған мақсаттарды толығымен орындау – елдік сын. Біздің дипломаттар еліміздің имиджін көтеріп, оның әлемдік аренада өзіне тиесілі абыройлы орыннан көрінуіне күштерін салып келеді және осы жолдағы жұмыстарын тынбай атқара бермек.
Қазақстанның әлемдегі озық 30 елдің қатарына енуі қай сала адамынан да тынбай еңбектенуді, аянбай тер төгуді талап етеді. Әркім өзі жұмыс атқаратын орнында алдына игі мақсат қойса, біз елдік мұратқа тезірек қол жеткізетін боламыз. Бұл бағытта дипломаттар аянып қалмайды дегім келеді.
Базыл АХМЕТ,
Астанадағы №37 Сырбай Мәуленов атындағы орта мектеп директоры:
– Елбасының ел халқына дәстүрлі Жолдауы барша жұртқа, соның ішінде ұстаздар қауымына да ерекше жігер берді. Ширек ғасырға жуық елордадағы №37 Сырбай Мәуленов атындағы орта мектепті басқарып келемін. Мұғалімдердің кешегі кеңес өкіметі кезіндегі жағдайынан да, бүгінгі жағдайдан да хабарым бар. Шүкір, соңғы жылдары ұстаздардың тұрмыстық жағдайы, еңбекақы жағдайы біршама жақсарып келе жатқаны да жасырын емес. Мемлекет басшысының осы Жолдауында ұстаздардың еңбекақысының көтерілетіні туралы айтылғаны барша мұғалімдер қауымын қуантып тастады.
Мектеп – оқушының барлық жағынан да үлкен өмірге қадам басуына тура жол салатын қасиетті орын. Ондағы ұстаздың еңбегінің қаншалықты екенін Елбасының Жолдаудағы оларға ерекше назар аударғанынан да байқауға болады. Мұны біз Президенттің бізге білдірген ерекше сенімі деп білеміз. Осы тұрғыда баланың тағылымды тәрбие мен сапалы білім алуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Ұстаз үшін шәкірттің білім әлемінде құлашын кеңге жайып, елінің абыройлы азаматы болғанынан артық бақыт жоқ. Жолдаудағы берілген жігер бізді осы мақсатқа жетелейді.
Бердібек САПАРБАЕВ,
Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің мемлекетіміздің ұстанған басты саясатының барлығы халық үшін жасалатыны бұл Жолдауда айқын көрінді. Ал елдегі барлық мәселелерді уақытында шешіп отыру үшін ел экономикасының дамуы өте қажет. Елбасы экономиканы дамытуда бұрынғыдай таптауырын жолмен жүре бермей, жаңа инновациялық ізденістерге бару, жаңа жетістіктер мен озық технологияларды енгізу жөнінде айтты. Одан кейінгі мәселе – қазіргі заман талабына сай жаңа қуат көздерін дамыту және оны дамыта отыра бұрынғы дағдылы энергия алатын бағыттарды ақсатып алмау қажеттігіне баса мән берілді.
Жолдаудағы ел көкейіндегі тағы бір көкейкесті мәселе – жол қатынасы. Жол деген – тіршілік, қайнаған өмір. Мәселен, біздің шығыс өңірі үшін жаңа Жолдауда айтылған Астана – Өскемен, Алматы – Өскемен тас жолдарының маңызы үлкен. Ал Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары үшін Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының мәні ерекше. Жол арқылы барыс-келіс, қарым-қатынас жақсаруымен қатар, экономиканың басқа да салаларының тынысының кеңеюіне, өркендеуіне жол ашылады. Сонда бір ғана жол салу арқылы қаншама проблема жол-жөнекей шешіліп кетеді. Жол бойындағы елді мекендерге халық та қоныстануға ынталы. Ал адам бар жер, тіршілік бар жер қашанда көз қуантады, көңіл көркейтеді.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан-2050» Стратегиясында міндет етіп қойылған елімізді әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосуға бағытталған кешенді іс-жоспарларды белгілеп берумен ерекшеленеді. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке, өзге де мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.
Жолдауда, сондай-ақ индустриялық салалармен қатар, аграрлық секторды да ғылыми негізде дамытуды басты мақсаттың бірі ретінде міндет етіп қойылды. Атам қазақ айтқан ғой «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп. Егер арман еткен өскелең өмірге қол созатын болсақ, оның негізі ғылымда жатыр. Елбасы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты да бағыт-бағдар беріп өтті. Бүгінде еліміздің ІЖӨ-інде шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыздай ғана болса, енді ол 50 пайызға дейін жетуі тиіс. Сондай жағдайда ғана біз экономикасы тұрақты мемлекет боламыз, деді Президент.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау-көмек көрсету жайы кемшін соғып келген еді. Президент Үкіметке осындай сектордағы азаматтарға мүмкіндігінше жағдай жасап, олардың еңбекақыларын өсіруді тапсырды. Енді осы сектордағы еңбек адамдарының еңбекақысы 40-50 пайызға дейін көтерілетін болады. Міне, бұл барша жұрттың көңілінен шығатыны анық.

Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті:
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларының барлығына қатысып әрі тыңдап жүрмін. Бірақ, ғылым туралы жан-жақты тоқталуы бүгін алғаш рет болды. Бұл түсінікті мәселе. Өйткені, енді біз елді инновациялық-индустриялық дамыту бағдарламасынан ғылымға негізделген экономикалық стратегияға бірте-бірте ауысуымыз керек.
Үкіметтің алдына қойған мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканы қаржыландыру, тағы басқалар арқылы мемлекетті күшейту екені белгілі. Үкімет осыларға қалай қол жеткізе алады? Әрине, индустрияны дамыта отырып қол жеткізуге болады. Берік жол осы. Ал индустрияны жоғары деңгейде ұстап тұру үшін ғылым керек, ғылымға негізделген экономика керек. Ғұлама ғалымдар айтқандай, ғылымсыз болашақ жоқ.
Болашақта Қазақстан экономикалық салалар – мұнай мен газ, мұнай өңдеу химиясы, металлургия, міне, осы бағытта барынша дамытылатын болады. Президентіміз осыны баса айтты. Себебі, елімізге ең пайдалы салалар осылар болмақ. Бұлардың қатарына энергетика да кіреді. Шүкір, елімізде мұны дамытуға мүмкіндіктер бар. Жолдауда Мемлекет басшысы болашақта атом электр стансасы салынатынын атап өтті. Уран қоры жағынан еліміз әлемде екінші орын алады. Бұл дегеніңіз, орасан зор байлық. Енді соларды ел игілігіне жарату қажет.
Шаймардан НҰРЫМОВ,
Республикалық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы:
– Елорданың төрінде бүгін тағы бір тарихи-саяси оқиға болды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Еліміз 22 жылдың ішінде барлық жағынан әлемге танылды. Біріншіден, бұл Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі аса ірі саясаткерлігіне байланысты. Екіншіден, Президентіміздің тікелей ұйытқы болуымен мығым орныққан этносаралық ынтымақ пен бірлікке байланысты. Осы мәселелер ойдағыдай шешімін тапқан жерде тұрақтылық болатынына көзіміз жетті.
Елбасымыз Жолдауда болашақта ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген мәселелерді атады. Индустрияны ғылыми негізде дамыту, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі еңбеккерлерді қолдау арқылы олардың еңбекақысын арттыру, аграрлық сектордан алынатын өнім көлемін еселеу, жалпы, барлығы барша қазақстандықтардың көңілінен шығатынына сенімдімін.
Елбасы тапсырма бергеннен кейін оны орындау керек. Бұл іс-шаралардан Республикалық ұйғыр этномәдени орталығы да сырт қалмақ емес. Орталық белсене атсалысатын болады.
Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Жолдаудың әрбір сөйлемі елдік мұраттарға жауап береді. Сондықтан, алға қойылған міндеттердің қай-қайсысы да өте маңызды. Алайда, мен Елбасы көтерген бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Біз әлемге жерінде мұнайы бар ел ретінде танылғанымызбен, біздің осы пайдаланып келгеніміздің барлығы кеңестік кезеңде барланып, анықталып, табылған көздер. Жолдауда ендігі кезеңде жер қойнауындағы байлыққа барлау жасау, геологиялық зерттеулер жүргізілуі нақты айтылды, Үкіметке тапсырма берілді. Ал геологиялық барлау жүргізу инвестициялар тартуды қажет етеді. Біз осы 20 жылда барлау жұмыстарын жүргізетін мамандарымызды таратып алдық, зейнеткерлікке кеткендерімен қоса, басқа салаға ауысып кеткен мамандарымыз қаншама. Сондықтан да, бұл саланы ден қойып дұрыстап дамытсақ, ол халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіншілік береді, ал жаңа кен көздерінің ашылуы сол маңдағы инфрақұрылымға әсерін тигізеді, халыққа жұмыс береді емес пе.
Сонымен бірге, елімізде мұнай өңдейтін төртінші зауыт салыну мәселесінің айтылуы да аса маңызды. Осы кезге дейін жұмыс жасап келе жатқан үш зауыт қажеттілікті толық өтей алмай, жанармайды сырттан тасуға мәжбүрміз. Елбасы мұнайды сырттан тасу біздің ел үшін ұят іс екенін, оған инвестиция салу қажеттігін айтты.
Жолдауда ғылым мен білімге өте үлкен мән берілді. Парламенттегі біздің комитет жұмысының күн тәртібіне де осы мәселе қойылған болатын. Бүгінге дейін ғылымға бөлінген қаражат ІЖӨ-нің 0,4 пайыз көлемінде ғана болса, енді оны 3 пайызға дейін көтеру қажеттігі баса айтылды.
Депутат ретінде халықпен жүздескен уақытымызда айтылатын мәселенің бірі – әлеуметтік сала. Сондағы сөз болатын, жұртшылықты толғандыратын мәселенің бірі азаматтық қызметшілер жалақысының аздығы болатын. Елбасының Жолдауда олардың айлықтарын көтерудің жаңа моделін жасау жайында Үкіметке нақты тапсырма беріп, оны 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізуді қадап айтуы қуантып тастады.
Денсаулық сақтауда 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға, еңбекті қорғау, әлеуметтік салада 40 пайызға көтеру отбасы бюджетінің жақсаруына үлкен үлес болып қосылады емес пе. Сонымен бірге, Жолдауда мәдениетке қатысты мемлекеттік тұрғыда «Мәдениет туралы саясаттың тұжырымдамасын» жасау жөнінде тапсырма берілді. Мұнда ұлт руханиятының біраз мәселелері қамтылады, тіл, діл, әдебиет, мәдениеттің дамуына игілікті жол ашатын жақсы тұжырымдама жасалады деп күтеміз. Олай болса, халқымыздың ұтатыны анық.
Владислав КОСАРЕВ,
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының хатшысы:
– Бұл жолғы Жолдау да жаңалықты ойларға толы. Елбасы өткен жылы ел алдына басты мұрат етіп қойылған «Стратегия-2050» бағдарламасын іске асырудағы мәселелерді қалай жүзеге асыру бойынша мемлекет ұстанымын айтып берді. Ол – экономиканы жан-жақты дамыту, халықтың әл-ауқатын көтере түсу, денсаулық сақтау, білім беру мен ғылым салаларын әлемдік стандарттарға жауап беретін деңгейге жеткізу, ең бастысы – мемлекеттің еңбек адамына деген қамқорлығы.
Президент Парламент алдына да олқы тапсырма қойған жоқ. Сондықтан, Парламент халықтың мүддесін қорғайтын, елдің жағдайын дұрыстауға үлкен себін тигізер заңдарды өмірге әкелу жолында еңбектенеді. Оған Парламент қабырғасындағы коммунистер фракциясы өз үлестерін қосады.
Жолдауда айтылған елді дамытудың алдағы ондаған жылдардағы бағытын жүзеге асыруда әрбір азаматтың белсенділігі маңызды, қолында билігі барлар өз пайдаларын бірінші кезекке қоймай, елдің, қоғамның ілгерілеуінде жанашырлықпен атсалысуы өте маңызды. Өкінішке қарай, мұндай азаматтық ұстаным көп жерде табыла бермейді. Қалталарын қампайтып, бас пайдаларын көздеп, ел мүддесін екінші кезекке ысырып тастайды. Ал бұл – қоғам дамуы үшін өте кесірлі мәселе.
Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Елбасының Жолдауында айтылған шаралардың бәрі өте маңызды. Әсіресе, шағын және орта бизнеске байланысты берген тапсырмалары көңілден шығады. Онда ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу туралы айтты. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің еркін дамуына кедергі болатын құжаттардың санын барынша қысқартып, тиянақтауға баса назар аударды. Заңның қолайлылығын негіздеп, кәсіпкерлерге қойылып жүрген шарттарды жеңілдетуді де Үкіметке жүктеді. Еліміздің қарқынды дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге септігі зор болатын бұл тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын біз Мәжіліс депутаты ретінде қатаң бақылайтын боламыз.
Бұйыртса, Елбасының осы Жолдауда көтерген идеялары жүзеге асырылса, еліміздің іргесі нық бекіп, келешек көкжиегіне талмай жетеріміз анық. Ол үшін бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат үшін тынбай еңбек етуі керек. Сондықтан, Елбасы белгілеген межені тезірек бағындыруды мақсат етсек – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономиканың қалыпты дамуына басты тетік болатын шағын және орта бизнесті қорғап, қолдай білуге тиіспіз.
Медет Махамбет,
№2 Астана қалалық ауруханасының лор-дәрігері:
– Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауында не айтылғаны туралы ертерек білу үшін Интернетке үңілдім. Сайттардағы қысқа-қысқа берілген алғашқы жаңалықтардың қатарында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қатысты да қуанышты жаңалық бар екен. Яғни, 2015 жылдан бастап айлығымыз 28 пайызға көбейетін болыпты. «Еңбек ет те, міндет ет» дейді халқымыз. Елімізде бағалауға тұратын еңбектердің бірі – дәрігер еңбегі, медицина қызметкерлерінің жанкешті қызметі.
“Бірінші байлық – денсаулық”. Осы ретте облыс халқына медициналық қызмет көрсетудің жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын атап өткен жөн. Облыстық денсаулық сақтау саласында соңғы 5 жыл ішінде 50-ге жақын жаңа нысандар салынып, олар қажетті жаңа инновациялық технологиялармен жабдықталды. Дәрігерлердің ауруларға сапалы қызмет етуіне барлық жағдайлар жасалды. Аурудың алдын алу үшін «скрининг» деп аталатын бағдарлама ойластырылып, халық жаппай профилактикалық тексеруден өтті.
Шыны керек, «дәрігерлердің еңбегі ауыр, бірақ жалақысы аз» деген сөз де айтылады. Сондықтан біздің жалақымызға байланысты Елбасының Жолдаудағы қамқорлыққа толы сөзі осы мәселені шешу жолындағы тағы бір қадам деп қабылдаймыз.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.