Қазақстан • 12 Тамыз, 2021

Ербол Қарашөкеев құрғақшылыққа дайын болмағанын айтты

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев ведомствоның өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін неге уақытында шешпегенін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ербол Қарашөкеев құрғақшылыққа дайын болмағанын айтты

«Климаттың өзгеруі – жаһандық жылынудың салдары. Ауа райының қазіргі құрғақшылық сияқты катаклизмдері күтілді, сәйкесінше, біздің дайын болуымыз керек еді. Алайда осы жағдай дайын болмағанымызды көрсетті», деді Ербол Қарашөкеев ОКҚ брифингінде.

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын зоотехникалық талаптан екі есе аз жем өндіріледі. Жалпы көлемнің 70%-ға жуығы негізінен табиғи шабындықта жиналады. Ал олардың өнімділігі тікелей ауа райына байланысты.

«Елімізде ауыспалы егістіктегі жем-шөп дақылдарының үлесі 15% деңгейінде, бұл ғылым ұсынған көрсеткіштен екі есе төмен. Осылайша, мал шаруашылығын дамытудың негізгі принциптері бұзылды деп айтуға болады. Мал басын көбейту кезінде жем-шөп қоры ескерілмеген», деді министрдің м.а Ербол Қарашөкеев

Ол Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының қазіргі жағдайына да осы фактор әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Маңғыстау облысын алайық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл жерде кеңес заманында 732 мыңға жуық мал басы болған. Оларға арналған жалпы ұзындығы 60 км болатын 3400 құбырлы құдық, 43 тоған мен су құбыры болған. Мемлекет арқылы жайылымдық жерлерді жақсарту шаралары жүзеге асырылып, өнімділігін сақтап қалды. Қазір облыста 840 мыңға жуық мал бар, олардың жалпы саны 15%-ға жуық өсті. 2014 жылдан 2020 жылға дейін 400-ге жуық ұңғыма салынды және қалпына келтірілді», деп түсіндірді Қарашөкеев.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев халыққа үндеу жасап, құрғақшылық пен жем-шөптің жетіспеушілігінен малдың жаппай қырылуы орын алған Маңғыстау облысының шаруаларына көмек беруді сұрады. АШМ қызметкерлері бір күндік жалақысын мұқтаж фермерлерге көмек ретінде аударды.