...Жақында өткен бір әдемі әдеби кеште қырғыз халқының әні шырқалды. “Махаббатым саған арналады” деп түйінделетін сол ән “Бегімайдың жыры” деп аталады екен. Қазақ даласында қырғыз бауырымның елге, жерге деген сағынышы жүректерде жыр болып тұнып жатыр. Ал қырғыздың өз жерінде қантөгіс. Жүрегім дір ете қалды. Береке, бірлік болмаған жерді шайтан жайлайды деуші еді. Сол рас болып шықты. Бірақ айырқалпақты ағайындарымды жамандыққа қимадым.
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігін жариялағаннан бері қай жерде, қай жиында болса да береке, бірліктің мәнін ұғындырып келеді. Ынтымағы жоқ халықтың қандай күйге ұшырағанын көріп жүрміз ғой.
Қазақстанда тіршілікке тыныс беріп, жүрекке нұр себетін мамыр айы халқымыздың бірлігі мерекесімен басталады. Бұл – басымызға қонған бақты ынтымаққа жетелейтін мейрам. Елбасымыздың аңсаған арманы да осы. Президентіміз ұйытқы болған ынтымақ осы мерекенің негізгі өзегіне айналып, айналаны алтын нұрға бөлеп тұр.
Жақында ғана Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке жиналған алпауыт елдердің басшылары Қазақстан Президентіне ерекше құрмет көрсетті. Бұл не құдірет!? АҚШ президенті Барак Обаманың өзі Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп атап, Елбасының осы саладағы еңбегін ерлік деп бағалады. Өйткені, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші ел болып танылғанын 90-шы жылдардың жылнамасы кезінде талай рет жазған. Арада жиырма жыл уақыт өткенімен, Қазақстанның бұл бастамасын бейбітшілікті қолдайтын әлем халқы үнемі айтып келеді. Кешегі жаһандық саммит соның бір дәлелі ретінде есте қалды. Қазақстан тағы да халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Биыл Қазақстан барысы серпінді секіріс жасады. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекет Қазақстанға Еуропа төрін ұсынды. ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет Азия елдері ішінде Қазақстан биік тұғырға көтерілді. Революция жасағыш Украина мен Қырғызстан да қиналғанда жанына жұбаныш іздейтін ел осы біздің Қазақстан болып тұр. Кеше елімізге келген БҰҰ Бас хатшысы барлық елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Мұның бәрі Елбасымыздың ерен еңбегі нәтижесінде болып жатқанын ұмытпайық, ағайын!
Иә, “Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді”. Бұл – Елбасымыздың қайталаудан жалықпайтын мақалы. Кешегі Арқа төріндегі батпақтан бас қала – Астананы көтерген ұлы тірлік осы бірліктің арқасында болды десек, қателеспейміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерін бір шаңырақтың астына жинап, адамзатты түрлі қатерден сақтау жөніндегі мәмілені көтерген де Елбасымыз. Жер-жердегі тарыдай шашылып кеткен қазақтарды атажұртқа келіңдер деп үндеген де – Елбасымыз. Мекке мен Мединеде, Пайғамбарымыздың қағбасында тұрып, халқына саулық, еліне тыныштық тілеген де осы Елбасымыз болатын. Халықтың біліміне денсаулығы сай болсын деп “100 мектеп, 100 аурухана” салып беріп жатыр. Міне, енді “Балапан” бағдарламасы да қанатын қомдап тұр.
Әрине, Елбасымыздың туған елі үшін жасап жатқан ұшан-теңіз еңбегін түгелдей тізіп шығу мүмкін емес. Көзіқарақты оқырман оны күнделікті газет-журналдардан оқып, теледидар мен радиодан көріп-тыңдап жатқаны анық. Өздерінің Елбасына деген құрметін, ыстық ықыласын, алғысын “Президент поштасына” жолдап жатқандар тіптен көп.
Біз халық қалаулысы ретінде сайлаушылармен жиі жүздесеміз. Көнекөз қариялармен кеңесіп, ардагерлердің аманаттарын естіп, арқаланып қаламыз. Әлбетте, әңгіме елдің тұтқасы болып отырған Елбасынан басталады. “Президентке балама жоқ!” – дейді олар. Не үшін айтты екен деп ойланып қаламыз. Содан кейін суыртпақтап сыр тартамыз ғой енді. Олардың уәжі салмақты шығады. Таразылап көрейік.
Қазақта “Кедей бай болсам, бай құдай болсам” дейді деген сөз бар. Кедейдікі дұрыс, ал байдың құдай болғысы келетіні асылық енді. Қай бір жылы Президенттік таққа 4-5 адам таласты. Дұрыс, демократия болсын деген шығар. Бірақ, халық өзінің тұңғыш Президенті, тәуелсіздік алғаннан бері елдің ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Халық бұл жолы да қателеспеді. Ел экономикасы ілгері жылжып, әл-ауқат деңгейі көтерілді. Тіпті кешегі әлемді дүрліктерген дағдарысқа да дамумен жауап берді. Осындайда “тақ таласы” кезінде “Қазақстанды байлыққа белшесінен батырамыз” деп үйіп-төгіп уәде берген әлгі азаматтарымыз қайда жүр деген сұрақ туады. Президенттікке өтпей қалғанымен, ел азаматы ретінде Елбасымен қатарласып, қанаттасып неге жүрмейді олар. Кейбір тәуелсіз басылымдар елдегі тату тірлікке қара күйе жағып жатқанда неге “қойыңдар” демейді. Бәрімізге ел ортақ, жер ортақ, Президент ортақ. Ендеше, елдің бірлігі мен тату-тәтті тірлігі үшін ынтымақтасып жұмыс істеген жөн-ау, өзі. Ал сендер, халық қалаулысы ретінде осыған ұйытқы болыңдар, дейді зиялы қауым.
Жалпы, өз басым Елбасымыз қолға алған істің қашан да жеңіспен аяқталатынына сенімдімін. Қабырғалы халқы, еңселі елі тұрғанда Қазақстанның биігі аласармайды.
Пернебек РАЙЫМБЕКОВ, облыстық мәслихаттың депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы.