01 Мамыр, 2010

ҚАРАҒАНДЫ ТЕАТРЫ ОРАЛДА

833 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бұл күндері Батыс Қазақстан облыстық қазақ дра­ма театрының ғимаратында Қарағанды облыстық С.Сейфул­лин атындағы қазақ драма театрының гастролі өтуде. Шалқар көлі жағасында дүниеге келіп, Орал қала­сындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте білім алған, Қарағанды театрының бүгінгі директоры әрі көр­­­кем­дік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұма­бековтің айтуынша, театр Ұлы Жеңістің 65 жылдығы­на орай осының алдында үлкен құраммен Атырауда болса, енді Оралға жол түсіп отыр. Қарағанды театрының 78 жылдық тарихы бар. Мұнда кезінде Қазақстанның халық әртістері Жәмилаш Шашкина, Әсия Аблаева, Қараған­дыбек Сатаев сынды сахна саңлақтары еңбек еткен. Одан кейін де бірнеше буын алмасқан театр тек Қазақ­стан ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де өнер көрсетіп келеді. Гастроль шымылдығы Мұхтар Әуезовтің “Айман-Шолпан” музыкалық комедиясымен (режиссері – Есмұқан Обаев) ашылды. Премьерасы өткеніне екі жыл тола қой­маған спектакльде Айман бейнесін Бота Мақсұтова сомда­са, Шолпанды тағы бір жалынды жас әртіс Баян Әу­кешова шығарды. Қойылымдағы алуан түрлі кейіпкер­лерді Думан Еспаев, Қайрат Кемалов, Сламбек Жұмағали, Нұржібек Жансүгірова және басқалар сахана төрінен көрсетті. Оралдықтарды қарағандылықтар бұдан кейін де М.Хасеновтің “Hі-Fі махаббатымен”, Әлімбек Оразбековтің “Бір түп алма ағашымен” Сұлтанәлі Балғабаев­тың “Ғашықтар болмайтын ғасырымен” Сәкен Жүнісовтің “Жаралы гүлдерімен” және Оспанхан Әубәкіровтің балаларға арнап жазған “Қожа мен спорт” ертегісімен сусындатты. Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.
Соңғы жаңалықтар

Елімізде бір жылда 795 мың қалдық жиналды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 14:20