Үкімет • 13 Тамыз, 2021

Спорт саласына шұғыл реформа қажет – Қырымбек Көшербаев

129 рет көрсетілді

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев еліміздің спорт саласына кезек күттірмес реформаның қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сіздердің ел алдындағы еңбектеріңіз бен Олимпиададағы жетістіктеріңізді ескеріп, мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлық қабылдады. Бұл еңбектің еленгені, төгілген тердің өтеуі деп білеміз. Марапаттарыңыз құтты болсын!

Осы орайда бір мәселені айтпай кетуге болмайды деп ойлаймын, Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін ашып, ондағы ахуалдың қандай екенін ашық көрсетті.

Спорт саласына шұғыл реформа қажеттігі көрініп тұр. Бірде-бір спортшының алтын немесе күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы бұрын- соңды болмаған жағдай. Жалпы командалық есепте 83 орынды місе тұту біздің еліміз үшін әрине сын», деді Қырымбек Көшербаев.

Оның айтуынша, Токио Олимпиадасына қатысты жанкүйерлердің сын-ескертпелері мен халықтың талабы орынды.

«Сондықтан Токио Олимпиадасынан сабақ алып, қорытынды шығаруымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттық әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді деп нақты айтты.

Мемлекет спортты өркендету үшін, спортшыларымыздың әлемдік аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғауы үшін бар жағдайды жасап отыр, қаржы уақытылы бөлінеді, оқу-жаттығу жиындары дер кезінде ұйымдастырылады. Ұлттық құрама мүшелерінің материалдық тұрғыдан тапшылық көрген кезі жоқ. Спорттық инфрақұрылым жыл сайын жаңарып келеді, дегенмен нәтиже әлі төмен», деді Қ. Көшербаев.

Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 15:58

Ұқсас жаңалықтар