Қазақстан • 14 Тамыз, 2021

Қазақстан дипломаты «Пәкістан жұлдызы» марапатын алды

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елордада қазақстандық дипломат Бақытбек Шабарбаевқа Пәкістан Президентінің атынан «Ситара и-Пәкістан» («Пәкістан жұлдызы») марапатын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан дипломаты «Пәкістан жұлдызы» марапатын алды

Бақытбек Шабарбаев 11 жыл бойы Қазақстанның Пәкістандағы елшісі лауазымын атқарды. Осы қызмет жолында екі ел арасындағы тауар айналымы бірнеше есеге артты.

«Айта кетсек, 1992 жылы Пәкістанда Қазақстан елшілігі ашылған кезде сол команданың мүшесі болған. Жалпы ол біздің елде 20 жылға жуық уақыт қызмет етті. Осы орайда одан үлгі аларлық жағдайлар баршылық. Бұл ретте Бақытбек Шабарбаев біз үшін үлкен құрмет пен абыройға ие», деді Пәкістан Ислам Республикасының елшісі Саджад Ахмед Сихар.

Сонымен қатар ол Б. Шабарбаевтың Қазақстан мен Пәкістан арасында қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін ескере отырып, Пәкістан Президенті «Ситара и-Пәкістан» марапатын табыстайтынын айтты.

«Бұл марапат 2020 жылы табысталуы тиіс еді. Алайда тиісті себептерге байланысты Бақытбек мырза Пәкістанға бара алмай қалды. Сондықтан бұл марапатты бүгін Нұр-Сұлтан қаласында табыстау рәсімін ұйымдастырдық. Пәкістан Президенті атынан Қазақстанның белгілі дипломатын марапаттау біз үшін зор мәртебе», деді Саджад Ахмед Сихар.

«Ситара и-Пәкістан» - аталған елдің жоғары азаматтық марапаты. Оны Пәкістан Президенті шетел азаматтарына ерен еңбегі үшін табыстайды.

Еске сала кетейік, 2018 жылы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Бақытбек Сейсебайұлы Шабарбаев Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды.