Ақпараттық технология неғұрлым алға жылжып дамыған сайын, қолайлылық пен ізгі жетістіктер адамның өміріне де белсене араласып кетті. Жаңа технологияның игерілуі әсіресе білім беру саласына зор серпін бергені белгілі. Мұны біз заман талабына сай бүгінде әр оқу ордаларында өтіп жатқан онлайн тәртібіндегі интерактивті сабақтардан анық байқай аламыз. Соның бірі Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйытқы болуымен өткен “Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан” атты интерактивті сабақ еді.
Елбасының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын іске асыру жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бұл сабақ барлық қазақстандықтардың білім алуын, өркендеуін және әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің атқарып жатқан шараларымен оқушыларды таныстыру мақсатында өтті.
Қазақстан Республикасның Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова интерактивті сабаққа қатысып, оқушыларға Елбасы Жолдауының мән-мағынасын, маңыздылығын түсіндірді. Ол сонымен қатар еліміздің басты байлығы – Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ пен келісімді қадірлеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға үндеді.
Осы интерактивті сабаққа қатысқан мектеп оқушылары өздерінің пікірлерін, отансүйгіштік пен білімге құштарлық туралы өз ойларын ортаға салды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.