18 Қаңтар, 2014

Елбасы Жолдауына – ел қолдауы

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

18 01-AkordaЖыл сайын Қазақстан халқына арналған Мемлекет басшысының Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған Басты құжат болып есептеледі. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.

Елбасы биылғы Жолдауында Қазақ елі өткен жиырма екі жылда қыруар іс тындырғанын, үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырғанын атап өтті. Соның ең бастысы, «Қазақстан-2050» Стратегиясының қабылдануы дер едік. «Стратегия – күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ, нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты Болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін.

 Бүгін мен дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарымызды ұсынғым келеді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет нақты тұжырымдама жобасын жасады. Осы Жолдаудағы менің тапсырмаларым ескеріле отырып жөнделгеннен кейін түпкілікті бекітілетін бұл құжатты жалпы алғанда қолдадым. Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз», - деді Президент биылғы Жолдауында оның маңызын жұртшылыққа түсіндіріп.

Енді «Қазақстан» ,«24 kz», «Хабар» телеарналары арқылы Жолдауға байланысты Қазақстандағы шетелдік дипломаттар мен еліміз азаматтарының айтқан пікірлерін бере кеткенді жөн санадық:

Слайман Арабиат, Иорданияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан дұрыс бағытта келеді. 2050 жылға дейінгі Стратегия сәтті басталды. Президенттің саяси ұстанымының арқасында Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысына төтеп берді. Халық та ел Басшысын қолдап отыр. Өйткені, олардың мақсаты бір – дамыған мемлекетке айналу. Қазақстанда еңбек етіп, осы игі өзгерістерге куә болу мен үшін үлкен қуаныш.

Джун Кукита, ЮНИСЕФ өкілдігінің Қазақстандағы басшысы:
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – ұзақмерзімді жоспар. Мұндай жүйелі түрде әзірленген құжат бойынша елді дамыту тек көреген Басшының қолынан келеді. Өздеріңізге мәлім, ЮНИСЕФ жалпы балалар денсаулығына қатысты мәселені ұдайы көтеріп келеді. Ал Қазақстанның даму жоспарында бұл бағытқа ерекше мән берілген. Біз бұған өте қуаныштымыз.  

Ерлан Сыдықов, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры:
Елбасы Жолдауында үлкен жетістіктерге жетуіміздің басты факторы ғылым екені баса айтылды. Ғылымсыз алға экономика, өндіріс те жүрмейтіні анық. Ал дамыған 30 елдің қатарына жетудің басты көрсеткіші – ғылымға көңіл бөлу. Сондықтан да Президент ғылымға қаражаттың бөлінетіндігіне маңыз берді. Бұл баршамызды қуантады.

Шамшидин Амитов, ҚР ІІМ Алматы академиясының Заң институты бастығының орынбасары:  
Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының қызметкерлерінің жағдайын жақсарту үшін жалақыларын көтерді және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің азаматтық конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды және Ішкі істер органдарында  тек қана кәсіби шеберлердің қызмет етуін талап етіп отыр. Сол мақсатта біздің академияда ішкі істер органдарына кадрлар даярлау бойынша үлкен жоспарлық жұмыстар атқарылуда. 

Әскер Периев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Ұлтаралық келісім, этносаралық келісім мәселесі шешіліп қойған. Жалпы, алған қойылған талаптар өте ауқымды. Соның бастысы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түпқазығы болып саналатын «Мәңгілік ел» идеологиясы. Елбасы биылғы Жолдауында осыған бірнеше рет тоқталып, оның маңызын айтып берді.
Дайындаған: Әмірхан Алмағанбетов.

Дереккөз: «Қазақстан», «Хабар», «24 kz» телеарналары

Фото: Ақорда. kz.

Соңғы жаңалықтар