Экономика • 15 Тамыз, 2021

«Дельта» штамының экономикаға ықпалы

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниені дүр сілкінткен «Дельта» штамы жаһандық экономиканы еркін билеп-төстеуге айналды. Ұлттық банк өкілінің айтуынша, қазіргі ахуал тым шиеленісіп кете қойған жоқ, тиісінше мамыражай да емес. Қазақстан экономикасының өткелде тұрғанына қанша уақыт болды десеңізші.

«Дельта» штамының экономикаға ықпалы

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, «Дельта» штамының жоғары қарқынмен таралуы әлемдік экономиканың даму бағытын қайта қарауға мәжбүр етті. Жаңа штамм, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы іскерлік ахуалды әлсіретіп жіберген. Әсіресе, Индонезия, Таиланд, Филлипин, Оңтүстік Кореяда өндірістік сала көрсеткіштері төмендеп кеткен. Эпидемиялық ахуалдың нашарлауы инвесторлардың тәуекелге дайындығын төмендетіп, бұл дамушы нарықтар активтерінің серпініне теріс әсер етіпті: шілдеде АҚШ доллары бағамының дамушы елдердің валюталарына қатысты қалыпты жаһандық нығаюы байқалған.

– Мұнай нарығындағы ахуал әлемдік валюта нарығындағы ахуал сияқты шілдеде екіұшты және құбылмалы болды. ОПЕК+ елдерінің уағдаластықтары туралы және коронавирустың «Дельта» штамының таралу серпіні туралы жаңалықтар аясында мұнай бағасы біресе көтеріліп, біресе төмендеп отырды. Айдың қорытындысы бойынша мұнай бір баррель үшін 76,33 АҚШ долларына дейін, 1,6 пайызға өсті. ОПЕК+ қатысушы елдерінің шілденің басында жоспарланған кездесуі нәтижесіз аяқталды. Альянс мүшелері 18 шілдеде келісімге келіп, 2021 жылғы тамыздан бастап ай сайын өндіру көлемін тәулігіне 0,4 млн баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Айдың аяғында инвесторлар АҚШ-тағы апта сайынғы мұнай қорының төмендеуі туралы деректерге байланысты отынға сұранысты едәуір қалпына келтіру мүмкіндігіне назар аударды, нәтижесінде бағалар бір баррель үшін 76 АҚШ долларынан астам деңгейіне дейін өсті. COVID-19 «Дельта» штамының таралу қарқынының күшеюі биыл тамыздың басынан бастап мұнай бағасын белгілеуге айтарлықтай теріс әсер етті: бағалар 8,4 пайызға төмендеп, бір баррель үшін 69,9 АҚШ доллары деңгейіне жетті, – дейді Ә.Молдабекова.

Ұлттық банктің ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға көтеруінің арқасында теңге 424,45 долларға дейін, 0,7 пайыз­ға қалыпты түрде нығайған. «Мөлшер­леменің көтерілуі ішкі валюта нарығында теңгерімді ұстап тұруға және сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға ықпал ететін қосымша фактор болады», дейді ол.

Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырмаған. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын конвертация­лау көлемі 1,1 млрд долларды, ал квази­мем­лекеттік сектор тарапынан валю­таны сату 479 млн долларды құрап­ты. Тамыздың басынан бастап «Дель­та» штамының таралуы мен мұнай баға­сы­ның төмендеуі аясында теңге бір доллар үшін 425,53 теңге деңгейіне дейін 0,3 пайызға әлсіреген. Алдын ала деректер бойынша, алтын-валюта резервтері бір айда 76 млн долларға шамалы азайып, биыл 30 шілдеде 35,0 млрд долларды құ­рапты. Резервтердің төмендеуі еркін айыр­басталатын валютадағы активтер­дің қысқаруы есебінен орын алды дейді.

– Резерв қысқаруының негізгі се­бептері ретінде – клиенттердің кете бас­тауын және 126 млн доллар мемлекеттік қарызды төлеуге байланысты Ұлттық банктегі ЕДБ қаражатының 655 млн долларға азаюын айта аламыз. Екінші жағынан, алтын портфелінің өсуі ЕАВ-дағы активтердің төмендеуін толықтай теңестіруге мүмкіндік берді. Әлемдегі коронавируспен күрестегі күрделі жағдай және әлемдік экономиканың белгісіз даму перспективалары аясында алтынның бағасы шілдеде бір унция үшін 1 828 долларға дейін 4 пайызға өсті, ал Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің құрамындағы алтын портфелі 959 млн долларға өсті, – деген дерек айтады ҰБ өкілі.

Жыл басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2 млрд долларға жетіпті. Акциялар нарығының өсуі оң инвестициялық кірістің негізгі қозғаушы күшіне айналып, ҰБ Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру және ең көп кірісі бар активтер сы­нып­тарының үлесін арттыру стратегия­сы шеңберінде акциялардың үлесін ұлғайт­қан. Акциялармен қатар дамушы нарықтардағы корпоративтік облигация­лар мен еурооблигациялардың үлесі де көбейген.

Ә.Молдабекова алдағы уақытта ұлт­тық валютаға әсер ететін факторларға қа­тысты мынадай болжам айтады:

– Коронавирустың «Дельта» штам­ы­ның таралуы – негізгі тәуекел факторы және экономикалық өсу қарқыны бо­йынша болжамдарды қайта бағалауға әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде біз коро­навирустың «Дельта» толқыны аясында қаржы нарықтарының түзетілуін бай­қап отырмыз. Бірінші кезекте, бұл да­мушы нарықтарға қатысты. Биыл 27 шілдеде Халықаралық валюта қоры әлемдік ІЖӨ болжамын қайта қарап, оны 2021 жылы 6 пайыз деңгейінде сақ­тап қалды. Бірақ осы қайта қарау шең­берінде дамыған елдерде өсу 5,6 пайызға дейін артып, дамушы елдер бойын­ша болжам 6,3 пайызға дейін төмен­деді. Ұлттық банктің жуырдағы база­лық мөлшерлемені арттыру туралы ше­шімі халықаралық инвесторлар үшін теңгедегі активтердің тартымдылығын қолдайды, олардың әкелінуі жыл басынан бері 392 млрд теңгені құрады.

Ол сондай-ақ 11 тамызда Moody's халықаралық рейтингтік агенттігінің Қазақ­станның тәуелсіз кредиттік рейтин­гін «Ваа3» деңгейінен тұрақты болжаммен «Ваа2» деңгейіне дейін арттыруы ішкі валюта нарығы үшін маңызды оң оқиға екенін де атап өтті.

Соңғы жаңалықтар