Егер осынау мәселе шешімін тауып, ұлттық регламент қабылдана қалса, мүдделі тараптарға не береді, оның өндірушілер мен экспорттаушыларға, тұтынушыларға қандай пайдасы бар? Өйткені мұндай хаттар тегіннен тегін жазыла салмайтыны аян. Осының жай-жапсарын баяндамас бұрын, қазіргі уақытта бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралып жатқанын да айта кету керек.
Қысқасы, бизнес қауымдастық Үкіметті түтінсіз, никотині бар өнімдерге техникалық регламентті қабылдауға неге шақырып отыр? Яғни қазір нарықта электронды сигареттар, вейптар мен табақ қыздыратын бұйымдар сатылады. Бірақ олардың қауіпсіздігіне ешқандай кепілдік берілмеген, талаптар жоқ.
Үкіметке хат жолдап отырған мүдделі тараптардың уәжіне құлақ қойсақ, осынау техникалық регламентті қабылдау үш бірдей мәселені шешеді екен. Хатта түсіндірілгендей, ұлттық техникалық регламентті қабылдау бірінші кезекте жосықсыз бәсекелестікті болдырмау, өнім қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды белгілеу үшін қажет. Бүгінгі таңда нарықта қайдан, қалай шыққаны белгісіз, көлемі үлкен контрафактілік және сапасыз өнімдер айналымға түсе алады, әрине, бұл тұтынушыға да, мемлекетке де қауіп төндіреді.
Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі құрамында никотині бар түтінсіз өнімдерді темекі өнімдеріне жатқызғанымен, бұл ЕАЭО Шартына тікелей қайшы келеді. Бұл ретте Еуразиялық комиссияның қорытындысына сәйкес темекі және құрамында никотині бар өнімдерді реттейтін Денсаулық туралы кодекстің нормалары бірыңғай нарықта кедергі ретінде танылады. ЕАЭО комиссиясы Қазақстан Үкіметінен елдің ұлттық заңнамасын Одақ актілеріне сәйкестендіруде қажетті шаралар қабылдауды сұраған.
«Осыған байланысты «Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылар одағы» РЗТБ, сондай-ақ «Аман-саулық» ҚҚ, «Қазақстанның тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ, сауда кәсіпорындары қауымдастығы және басқалары ұлттық техникалық регламентті қабылдауды ашық қолдайды», делінген хатта.
Жалпы осы арада түтін шығармайтын шылымдарға қатысты түйткілдер бұрыннан да бар екенін атап өту керек. 2019 жылдың соңында Тұтынушылар лигасы темекі өнімдері мен құрамында никотині бар өнімдерді тұтынушылардың, оның ішінде қыздырылатын темекі мен электронды сигареттерді пайдаланушылардың өтініштерін қарау үшін шұғыл желіні іске қосқаны есімізде. Осы кезде тұтынушылардан 50 мыңнан аса өтініш тіркеліп, олардың 70%-ының сауалы құрылғылардың қауіпсіздігімен, атап айтқанда, құрамында никотині бар өнім кәдімгі темекіге қарағанда қаншалықты қауіпсіз деген мәселемен байланысты болған.
Азаматтардың өтініштерін қарастыра отырып, Тұтынушылар лигасы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) адам ағзасына аз әсер ететін темекі өнімдері түрінде электронды темекі қыздыру жүйелерін сатуға рұқсат бергенін анықтады. Америкалық зерттеулерде темекіні қыздыру жүйесін пайдалану кезінде темекімен салыстырғанда жану процесінің орын алмайтыны түсіндіріледі. Бұл мұндай құрылғыларға зиянды және ықтимал зиянды заттардың пайда болуын азайтуға мүмкіндік береді. Осының негізінде темекі шегуден темекіні қыздыру жүйесін пайдалануға толық көшу адам ағзасына зиянды және ықтимал зиянды заттардың әсерін азайтады деген қорытынды жасалды. Қазақстанда мұндай зерттеулер жүргізілмегендіктен, тұтынушыларға кеңес беру кезінде Лига шетелдік деректерге сүйенді.
Осыған байланысты, 2020 жылдан бастап Тұтынушылар лигасы никотині бар өнімдерге арналған ұлттық техникалық регламентті әзірлеу процесіне белсенді түрде қатыса бастағаны белгілі. Және олар бұл құжатты қабылдау қажеттілігіне сенімді, өйткені бұл жерде тұтынушылардың қауіпсіздігі туралы сөз болып отыр.
Қазіргі жағдайға сәйкес, нарықта құрамы беймағлұм, өндірушілер қолданып отырған қоспалары мен ингредиенттер, сондай-ақ олардың батареялары қаншалықты қауіпсіз екені белгісіз көптеген қауіпті өнімдер айналымға түсе алады. Негізінен Қазақстан нарығында ЕАЭО, Қытай, Америка және Оңтүстік Азия елдерінде өндірілген электронды темекілер ұсынылған.
«Мұндай жағдай қазақстандық тұтынушыларға қауіп төндіреді, әзірше регламенттер мен стандарттар жоқ, бұл нарықты реттеудің заңнамалық тетіктері де жоқ. Осы санаттағы расталмаған, сертификатталмаған тауарларды елге әкелуден туындайтын ықтимал тәуекелдерді жете бағаламауға болмайды. Қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, «Никотині бар өнімдерге және никотинді жеткізу жүйелеріне арналған толтырғыштарға, оның ішінде никотинсіз өнімдерге қойылатын талаптар» техникалық регламентін әзірлеу және қабылдау қажет деп санаймын», дейді «Қазақстан тұтынушылар лигасы» Қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы Светлана Романовская.
Сондай-ақ хатта «Қазақстан темекі түтінінсіз» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова Үкіметке, атап айтқанда Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған ашық хатында ұлттық техникалық регламентті қабылдамауды ұсынады. Өйткені оның пікірінше, өнімнің қауіпсіздігіне міндетті талаптар қоюдың қажеті жоқ. Алайда Тұтынушылар лигасы өкілдерінің көзқарасы мынадай: бұл тәсіл АҚШ-тың контрафактілік электронды темекі құрылғыларда Е дәрумені ацетаты бар болғандықтан, жүздеген қолданушыны ауруханаға апарып жатқызған қайғылы жағдайлардың мысалына сәйкес, іс жүзінде оның соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.
Денсаулық туралы кодексінде құрамында никотині бар түтінсіз өнімдер де темекі өнімдеріне жатады, бірақ бұл ретте олар темекі өнімдерінің техникалық регламентіне сай келмейді. Өйткені олар қағидатты түрде басқа өнімдер болып табылады. Осылайша, Қазақстанның құқықтық өрісі ЕАЭО халықаралық шартына қайшы келіп отырған сыңайлы.
Кеден одағының техникалық регламентінде темекі өнімдері деп дәстүрлі темекі өнімдері ретінде қарастырылады. Нәтижесінде, түтінсіз, никотині бар өнімдерді олармен теңестіру шешімі жоқ қарама-қайшылықты тудырады. Еуразиялық комиссия жаңа түтінсіз өнім үшін жеке техникалық регламент әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда кәдімгі темекіні құрамында никотині бар өнімдермен асығыс теңестіре отырып, шын мәнінде, осы реттеуден шеттетілді.
Бірақ Денсаулық туралы кодекс пен халықаралық актілер арасындағы көрсетілген қайшылықтарға қарамастан, Қазақстанда ұлттық техникалық регламентті қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейді. Біріншіден, бұл мемлекет қазір ел нарығында пайда болған, жаңадан шығып жатқан түтінсіз өнімдердің сапасына бақылау жүргізе алады. Екіншіден, техникалық регламент мұндай құрылғыларға қауіпсіздіктің бірегей, заңға қайшы келмейтін бүтін талабын қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар регламент қабылдау Қазақстан нарығында контрафактілік және көшірме тауарлардың сатылымға шығуына бөгет болады.
Қысқасы, бизнес қауымдастық елімізде түтінсіз, никотинді өнімдерге техникалық регламентті қабылдау қажет деп есептейді. Шешімі – құзырлы мекемелердің еншісінде.
АЛМАТЫ