Саясат • 17 Тамыз, 2021

Екі ел арасындағы ежелгі байланыс дамиды

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үндістанның Қазақстандағы елшісі Шубдаршини Трипати ханым Алматыда еліміздің жетекші басылымдарының өкілдерімен кездескен кезде екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айтып берді.

Екі ел арасындағы ежелгі байланыс дамиды

 Осы жылдың мамыр айында ғана қызметіне кіріскен елші ханым мейірімді және жомарт халқы бар осы әдемі ел туралы бұрыннан естігенін, оның солтүстік пен оңтүстік аймақтарын аралап үлгергенін, осы мерзім аралығында Қазақстанды жаңа қырынан танығанын айтты.

«Біздің елдеріміздің арасындағы ежелгі және тарихи қатынастар 2000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Елдер арасында тауарлармен үнемі және тұрақты алмасу болды. Ең бастысы, идеялар және мәдени ықпал алмасу да байқалды. Мен, екіжақты қатынастар тұрғысынан, стратегиялық әріптестердің екеуі де – Үндістан да, Қазақстан да өздерінің тиісті қасиеттерін толыққанды көрсеткенін қуана мәлімдеймін. 2019 жылғы маусымда Арыс қаласындағы оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыстан кейін Үндістан Қазақстанға қалпына келтіру операцияларына көмектесу және құрбандар санын азайту үшін бомбаларды залалсыздандыру бойынша күшейтілген костюмдер берді. Қазіргі COVID-19 пандемиясының өршуі кезінде Үндістан үкіметі гидроксихлорохин дәрі-дәрмегін Қазақстанға COVID-19-бен күресте гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Сол сияқты биыл біз тап болған дағдарыс кезінде Қазақстан Үндістандағы пандемиямен күресу үшін арнайы рейспен медициналық жабдықтар жеткізді, сол үшін біз Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз. Осындай терең түсіністікпен және бір-бірімізге деген өзара сыйластықпен біздің екіжақты қатынастарымыз үшін зор әлеует бар екенін көріп отырмын», деді Шубдаршини Трипати.

Бүгінгі таңда Үндістан – көптеген азық-түлік және ауыл шаруашылығы та­уар­ла­рының, оның ішінде сүт және жеміс-жидектердің ірі өндірушісі, сондай-ақ бидай, күріш, шай және мақтаның екінші ірі өндірушісі.

Елші ханым нақтылап өткендей, Үндістан – IT қызметтерінің ең ірі орталықтарының бірі. Әлемдегі 20 үздік IT компаниялардың бесеуі – үнді компаниялары. Үндістанның тех­ноло­гиялық компаниялары өсуді қамтамасыз етеді, қорларға, денсаулық сақтауға, білім алуға қол жетімділікті арттырды, жұмыс орындарын құрды және кедейшілік деңгейін азайтты.

Үндістанның ғарыш саласындағы же­тіс­­­тіктері бүкіл әлемге әйгілі. Соңғы 75 жыл ішінде Үндістан әртүрлі әлеуметтік-эконо­микалық салаларда өте тез дамыды, алдағы 10-15 жылда әлемдегі ең ірі экономикалық мемлекеттер үштігіне кіреді деген үміт бар.

Үндістан өзінің стартаптарға негізделген экожүйесімен танымал. Сарапшылар бұл ел әлемдегі ең жас кәсіпкерлердің отаны екенін айтады. Бұл деректі елшінің сөзімен нақтыласақ, Үндістандағы кәсіпкерлердің  орташа жасы 27-ге тең.

Үндістан елшісі дипломатиялық еңбек жолын 1991 жылы бастаса, Қазақстан – елші ретінде келіп отырған екінші елі.