Қазақстан • 17 Тамыз, 2021

Қазақстан мен Корея арасында «Самал жел» бағдарламасы жанданады

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Корея «Самал жел» бағдарламасын жандандыруға уағдаласты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Корея арасында «Самал жел» бағдарламасы жанданады

Осы арқылы Қазақстанға жаңа инвестиция мен жоғары технологиялар келеді. Сондай-ақ екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылмақ. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин келіссөздердің қорытындысы бойынша брифингте айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Қазақстанның Азия аймағындағы екінші сауда серіктестігі екенін айта келе, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда-саттық көлемі 5,9 млрд долларға жеткенін жеткізді. Алдағы меже – осы көрсеткішті айтарлықтай арттыру. Қос тарап келіссөздер барысында енді шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келісті. Бұл ретте ауыр өнеркәсіп пен машина жасау, тау-кен және барлау, баламалы энергетика салаларына басымдық берілмек.

«Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз. Кореяның тәжірибесі мол, әлеуеті де зор. Осыған орай бүгін екі елдің компаниялары  бірқатар келісімшартқа қол қояды. Қазақстанда әлі де толық игерілмеген салалар көп. Сондықтан қазақ жеріне келуге ынталы корей компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі  Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясы мен іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға уағдаластық. Екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Пусанда Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдадық. Бұл – серіктестігімізді стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы. Келесі жылы Қазақстан мен Кореяның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады», деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.