
Бәрін парақтап оқи бастасаңыз, ішінен өмірдің шынайы кейпі, сол тұстағы қоғамның бейнесі сыр шертеді. Сіз Кафканың күнделіктер топтамасының он жетінші бетін аштыңыз делік, ол жерде мынадай сөздер кездеседі: «Уақыт неткен тез десеңізші! Лезде он күн өте шықты, осы уақытта мен ештеңеге қол жеткізе алмадым. Өткен уақыт енді қайта айналып келмейді, қолға түспейді. Ештеңені жалғастыра алмаймын, ендігі күндері мен дәрменсізбін» немесе «Мен ұзақ үзілістен кейін қолыма қайта қалам алғанымда, құр ауаға сөздің суретін салғандай күй кештім» деп төгіледі. Бұдан не түйеміз? Күнделік бетінен кәдімгі Кафканың бір сәттік болса да өкініші мен ішкі қыжылы сайрап тұр. Жорғалаған уақытты ұстап тұрудың саусақтан сырғанаған құмды шеңгелдеп тұрумен бірдей екенін Кафкаға дейін де небір данышпан тұспалдап айтпады ма?! Демек, Кафкада да «ендігі жазарым бұрынғымнан өзгеше һәм тынысты болса екен» деген алғаусыз үміт бар деуге болады. Уақыт әр қаламгерді толқытады, тоқыратады.
Адам жанының нәзік те жұмбақ сырлары ақ қағазға төгілсе, одан артық үйлесім мен сәйкестікті таппаспыз. Екеуі бірін-бірі толықтайды, ой құрайды. Күнделік арқылы оқырманына сыр айтқан қаламгерлер көбеймесе, азайған емес. Қуатты ойдың иелері санасындағы «жарылысты» қашанда алдымен ой дәптеріне, сосын қағаз бетіне жазып қалдырғанды жөн санаған. Дүние әдебиетінің дүлдүлі Рабиндранат Тагордың рухани әлемі – бұл ешқашан сарқылмайтын қазынасы бар кең мұхит, онда эстетика, руханият, философиялық талғам мен тұжырым, ғарыштық сана дегендер шексіз күйде өмір сүреді. Оның күнделік кітапшасы – неше жүз мыңдаған данамен тараған жауһардың бірі. Біз оның күнделігі нелерді сөз еткеніне тоқталмақпыз.
Оның әр сөйлемі ойлануға жетелейді. Тагордың күнделіктерін әуелі түсіну үшін, сосын бағалау үшін тек шынайылық керек. Оның әр жазған күнделігінің артында шығармашылық ұлы мақсат болған да шығар. Ақынның даналығымен әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған күнделік беттерін әрі қарай парақтай түсейік. Ол бүй дейді: «Біз ғылым деп атайтын нәрсе әрқашан адамға тән. Енді біз оны басқа адами қабілеттерден оқшаулап, арнайы атау арқылы білдік. Себебі қазіргі заманғы адам өзінің ыңғайлылығы үшін табиғи күштерді қолдануға тырысады. Бұл «ыңғайлылықты» дамыту оның басқа әрекетінен асып түсті. Адамдар тас үгітіп, жер қазып, мата тоқыған сәтте оның жайлылық инстингі оянады. Ол сәтте олар жеңімпаздық күйде болады». Адамзат өмірінің шашыраңқылығына шын күйінген Тагордың қаламы, тылсымға толы ғұмыры оның не жазса да, оймен, пайыммен жазуына түрткі болды. Сол үшін де ол «жартылай аш, жартылай жалаңаш халықта адамгершілік болмайды» деп тоқетерін айта салды. Яғни қарны тойымсыз қоғамның намыстан аттайтынын дәп басып отыр. Біртуар ақындығымен қатар ол драматург, романист, жазушы, композитор, суретші, ағартушы, қоғам қайраткері болды. Сондықтан біз оның бойында өнердің толық жиынтығы болды деп санаймыз.
Оның 1930-1931 жылдар аралығында Альберт Эйнштейнмен төрт рет кездесуі және екі алыптың әңгімелері жұртшылықтың назарын аударған оқиғалардың бірі болған еді. Тагор бұл жөнінде де күнделік бетіне:«Ол туралы ешқандай оғаш ой болған жоқ, арамызда интеллектуалдық алшақтық болды. Ол маған адамдар арасындағы қарым-қатынасты бағалайтын адам болып көрінді, маған шынайы қызығушылық пен түсіністік көрсетті» деп жазады. Байыптап қарасаңыз, Тагор үшін өмірдің әр сәті – маңызды оқиға. Ешкімге жұмбақ болып көрінгісі де келмейді. Өмірден әрнені түйсінеді, соны жазады.
«Құндылықтар үш түрге бөлінеді. Бірі – нарық үшін, екіншісі – дін үшін, үшіншісі эстетика үшін болмақ... Әр халықтың өткен тарихы мен әдет-ғұрпы өзіне ыңғайлы һәм түсінікті, бірақ басқа ұлттарға кедергі. Ағылшындар қанша ашық болса да, бірақ біз олардың тарихының көпке мәлім бір бөлігін ғана көреміз, түсінеміз, бұл біздің ойымызды қанағаттандыра алмайды. Мен ештеңеге өкінбеймін, өйткені қашан және қай жерде болмасын адамзат жетістіктері қанағат сезімін сыйлайды. Еуропа бүгінде ұйқысыз күйде тұрып-ақ жалпақ әлемнің есігін еппен қақты. Оның ықпалы – оның байлығына байланысты. Қай ақиқатқа сүйене отырып, Еуропа кеңістік пен уақытқа қол жеткізе алды? Оның ғылымы – ақиқат. Оның ғылымы білімнің барлық салаларын қамтиды және қызметтің барлық түрінде оң нәтиже берді. Бұл – үлкен күш. Өткен жылы Еуропадан оралғанымда мен жас әйелін ертіп Үндістанға бара жатқан неміс жігітімен кездестім. Олардың мақсаты – Үндістанның орталық бөлігіндегі беймәлім тайпалар арасында екі жыл өмір сүріп, олардың өмірін мұқият зерттеу екен. Бұған олар тіпті өз өмірлерін арнамақшы. Адамдар адамдар туралы көбірек білуі керек, білім ешқашан варварлық нәсілдердің табалдырығында қалмайды. Сіз Еуропаға барсаңыз, адамның қаншалықты құдіретті екенін сезінесіз. Осы құдіретпен Еуропа күллі адамзат өмір сүріп отырған жер шарын орнатты. Еуропаның адамзатқа кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жоюға қолданатын өміршеңдігі мәңгілік болмақ».
Оқып отырып ойға батасыз. Адамның қадір-қымбаты туралы сөз, талас-тартыс қай заманда да толастаған жоқ. Таланты жұрттан асқан Тагордың осы мәселе хақында қалам тербеуі де тегін емес. Бұл оның сергек санасы өткенді де, бүгінді де, тіпті ертеңгі болашақты да болжауға әрқашан дайын тұрғанын растайды. Күллі ғылымның негізін салған алып Еуропа туралы түйгендері адамзат баласын өркениетті қоғамға, ғылым мен білімге ынтық болуға үндейді. Әрине, өзі өмір сүрген заманның көзімен. «Оның өмірі бір сарындылықтан тұрмайтын өмір болды», дейді тагортанушылар. Әрине, асқақ қиялдың, азат ойдың, жүйрік қаламның иесі ешбір қағидатқа, ережеге бағынбай күн кешкені шүбәсіз. Талантқа тұсау салуды қылмыс деп білетін еркін қоғам оны пір тұтты, күн сөнгенше пір тұта береді. «Егер сіз барлық қатерге есік жаба берсеңіз онда ақиқат есігі сыртында қалады» деген де осы ұлы Тагор емес пе еді?! Бұл сөздің астары бізге шындықтың, ақиқаттың кездейсоқтық емес екенін түсіндіреді.
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН