Әдебиет • 17 Тамыз, 2021

Соңғы қисса

878 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Соңғы қисса

Қарағайдай кісінің жападан-жалғыз мақамдап, қисса оқып отырған үстінен түстім. Қарғадай балаға Құдай берді деп, қасына жетіп бардым да құлақ тостым. Ерекше мейірімді, айрықша қайырымды қоңыр үн құжырамыздың ішін тал бесікше тербеп тұрды. Бірақ қиссаның жолдары бірде қысқа, бірде ұзақтау, тіпті тынысы біткенше созылып кетеді. Ондайда демін терең бір алып, келген жерінен тамағын кенеп қайта жалғайды. «Кенесарының бұл тұста бәлендей аты шыға қоймаған. Қазақта ол кезде не көп, батыр көп. Кенесарының кейбір ерлігі ағаларының айбарының тасасында қала беретін» деп бір қайырады. «Сондықтан Жоламан оған тоқтамады. «Кім бар?» деген арманды сұрағына жауап таба алмай басы әңкі-тәңкі болды» деп екі қайырады. Бала болсам да «бұл не?» деп, қолындағы кітабына көз салсам, кәдімгі қара сөзді қиссадай мақамдап оқып отыр екен.

Кітаптың аты – «Қаһар», жазған адам – Ілияс Есенберлин. Бастауышты жаңа тауыссам да, бұл есім маған жақсы таныс. Мектепке бара жатқанда жолдан тауып алған бір кітапты есіме түсіреді. Егер шатастырмасам, сыртында жалаңаш мүсінді бір әйелдің суреті болған болуы керек. Терезенің әйнегінде ме, әйтеуір айға ұқсаған әйел жүзінің сынық сызығы әлі есімде. Бір ашып оқып, екі ашып оқып, қылмыс жасағандай қуыстанып жүрдім. Ортан беліне келгенде нағашыларымыз асырап алған әпкеміз үй жинасып жүріп тауып алыпты. Шешеме: «Масқара, мына балаңыз не кітап оқып жүр?!» деп, өзі­мен алып кетпегенде, бұл қылмыстан құ­­тылуым екіталайтұғын. Кітаптың аты – «Ғашықтар», жазған адам – Ілияс Есенберлин!

Кейін есейгенде сол Ілияс Есенбер­лин­нің «Алтын Орда» романын оқып отырып, ішімнен қалай мақамдатып кеткенімді өзім де байқамай қалыппын. «Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқ­та­ры­мен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді» деп бір қайырсам керек. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, на­мысқа шыдай алмай қан қақсап сыр­қы­рамақ?» деп екі қайырсам керек. Бала күнімізде үлкендер қиссаны өздері де ырғалып, беріліп тыңдаушы еді. Менің де кітапты ішіне кіріп, беріліп оқығаным осы шығар деймін. Шынында да Ілияс Есенберлин қара сөзбен қисса жазған қаламгер екен-ау!

 Ел ішінде «Көшпенділер» мен «Алтын Орданы» бірнеше қайтара оқып, сюжетін жатқа біліп алғандар бар. Үш-үштен алты кітаптан тұратын романдардың оларға ұнаған себебі, жазушы өзіміздің ата-бабаларымыз болып келетін хандар мен батырларды жамандамаған. Қан сасыған тарихты көрсетсе де, олардың ешбірін жеккөрінішті етіп суреттемеген. Керісінше киген киім, мінген ат, тіккен шатыр, істеген істері арқылы өзімізге жа­қындата түскен. Әркім әрқалай бұр­ма­лаған зерлі тарихты шерлі шежіреге айналдырған. Моңғолдың жорығымен басталып, Дешті Қыпшақтың дәуренімен жалғасып, Қазақтың қайтпас қайсар кү­ре­сімен біткен. Қазақтың туы мен қы­лышы қандай дүниені жарып шыққаны дәл осылай бұрын-соңды тәптіштеп жазылмаған шығар. Енді қарапайым оқырман, қара халық қана емес, бүкіл ресми тарихымыз да осы ізбен жүре бастағаны да шындық.

«Көшпенділер» мен «Алтын Орда­да­ғы» суыртпақтап тартылған сырдан ұққанымыз, Шыңғысхан бізге аса бөтен болмай шықты. Мұны «Алтын Ор­да­ның» алғашқы парақтарындағы Бату хан мен «Көшпенділердің» бастапқы беттеріндегі Әбілқайыр ханның жадында жаңғырған оқиғалардан білеміз. Ондағы Шыңғысханның сырлары мен мұңдары, өс­иеттері мен қасиеттері, жосықтары мен жоспарлары бәрі-бәрі қай жағынан алс­аңыз да қазақ даласына тіреліп тұр. Мұңын айтқанда туған шешесінің, сырын айтқанда алған жарының, өсиетін айтқанда тұңғыш ұлының қазаққа тән болып келуі қайта-қайта пысықталып қояды. Әсіресе, Алтын Орданың даңқы мен дақпырты, қандай тас пен ағаштан қалай қиып салынғаны, ең бастысы күм­бездерінің төбесі жарқырап қазақ даласын қалай асқақтатқаны аса бір сүйі­ніш­пен суреттеледі.

 Шыңғысханның төрт ұлы төрт құ­бы­ланы түгендеп, төрт ұлысты билегенде ұланғайыр қазақ даласы көрші-қоң­сыларымен бірге Жошының үлесіне тие­тіні тарихтан белгілі. Міне, сол Жо­шының перзенті Бату «Алтын Орда» романында ерекше бір махаббатпен шер-шемені ішіне толған қайғылы хан етіп бейнеленеді. Жазушының дәурені жүріп тұрған хандар туралы жазғанда «қайғылы жартастар» деген сияқты метафоралық тіркестерді молынан қолдануы да олар­дың ішкі-тысқы сипаттарын аша түседі. Батудың қыпшақ бөрік киюі, салынып жатқан қалада тұрмай, даладағы қосында шатыр тігіп жатуы да біраз жайттан хабар береді.

 «Бату хан ақырын күрсінді. Ол енді Ақ Еділдің сол жағасында жатқан астана Сарай-Батуға көз аударды» десе, бүйрегің бүлк етеді. «Өзінің осындай әшекейлі, мәрмәрлі кент тұрғызғанына іштей мәз-мейрам еді» десе, еріксіз тәнті етеді. «Бірақ өзі алты ай жаз бойы бұл сарайларда бір күн тұрып көрген емес» десе, атаң­ды көргендей елжірей қаласың. Ал енді «Қыпшақ даласынан бастап, мадиярлар жеріне дейін созылған тұсты Ақ Орда хандығы дейдісі» бәрімізге де өте таныс кеңістік. «Сарай қаласының алыстан күнмен шағылысқан алтын күмбездеріне қарай орұсут князьдары бұған Алтын Орда деп ат қойған» дегені де ешкім өзгер­те алмас таза тарих.

­Есенберлин Бату туралы жазғанда қиссадағыдай түрлендіре толғайды. «Шың­ғыс ұрпағының ішінде ең тәкаппар батыры осы Бату» деп бір көтеріп қояды. «Ел шапқанда, жауға аттанғанда әскерінің ең алдында болатын» деп екі көтеріп қояды. «Алтын Орда сарайында отырғанда үстіне жібек, кіреуке, құндыз, торқа киіп көрмеген» деуі де қиссаға тән қисын. «Бәз-баяғы ата-бабасындай жаз түйе жүн шекпен мен құлын терісінен істелген тайжақысы, қыс тобылғы күрең тоны мен қасқыр ішігі үстінен түспеген» деуі де образға іші бұрғандық. Ал айта алмай отырғаны: «Басына жаз ақ тиіннің терісімен көмкерілген қыпшақы бөрік, қыс қарсақ тымақ киетін. Бөркі ғана Қыпшақтікі» деген жолдар сияқты.

Жазушы архив пен аңыздағы дерек-дәйектерді бұрмаламай алған шығар, біз де жазушыны бұрмаламай алып отырмыз. Бату ханның Барақтан басқа төрт ұлы болғанын айтып, «аналары мұсылман дініндегі Қыпшақ руына жататын Қоңырат, Маңғыт руларының қыздарынан» дейді. Тек үлкен баласы Сартақтың шешесі ғана ойрат бекзадасынан үрімдепті. Сол Сартақ елден бөлініп христиан дінін ұстаныпты. Бату: «Мұсылман бола ма, кәпір бола ма, маған бәрібір, тек әке тағын сақтай білсе жарады» деген екен. «Бірақ мұ­сылман дініндегі қыпшақтар Сартақты «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп жақтырмаған» делінеді романда. Сартақтың тақ мұрагері бола тұрып, таққа отырар-отырмастан мүрдем кетуіне сол да себеп болуы мүмкін.

Ал романда айтылатын кенжесі Ба­рақтың шешесі хорват қызы еді. Әуел­гіде баласының атын не Орұсут, не Қыпшақ қойғысы келіпті. Кейін Барақ деген есімге тоқтапты. Бәрібір қыпшақ жасай алмайтынын білген шығар. Бірақ ниеттің өзі неге тұрады. «Қыпшақ қой­ғанда, ұзақ жасар ма еді» деп өкінеді. Осының бәрі Бату ханның өзінің қай топыраққа табан тіреп тұрғанын білетінін көр­сетеді. Тарихи шындық пен жазушы қиялы шебер ұштасқанда Бату ханның моңғол екенін ұмытып та кетесіз. Романда түркі тектес ру-тайпалар туралы көп айтылады. Шыңғыс ханның да, Бату ханның да ұлы жорықтарында қазақ даласы мықты тыл болып есептелінеді. Ондағы ру басылар, батырлар мен билер ең сенімді серіктеріне айналады.

Рас, ол Сарай-Батудағы моңғол ғиба­датханасының үстін алтынмен жап­тырған. Бірақ Батудың даңқты Жошының ұрпағы екенін оқырман еш ұмытпайды. «Әкесі Жошы дүние салып, доңыз, яғни 1227 жылы бүкіл Жошының алып ұлы­сы­на бұл ие болғанда жиырма үште екен». Содан бергі жиырма тоғыз жылда айналасы түгел жергілікті адамдар, ұстанған салт-дәстүрі де солармен ара­лас-құралас. Шыңғыс ханның: «Адам қасиеті ана сүтімен келеді. Мұрагер әке тағына отырғаннан кейін, ана еліне тартып кетуі мүмкін» деген де сөз бар екен. Сол сөз «Алтын Орда» романында бекер келтіріліп отырған жоқ. Қарақорымдағы ұлы жиынға сенімді өкіл етіп жіберген бауыры Беркенің мұсылманшылығына қарсы болмайды. «Ұлы қаһан тағына Мөңкені отырғыз, көнбегендердің басын ал» дейді. Берке аңыз бойынша Мөңке таққа отырарда, қолына Құран ұстатқан адам. Соның бәрін біле тұра, Бату хан «қой» демейді.

Ол кезде мектеп оқулықтарында Бату­дың аттың белін қайыстыра қайқайып отырған суреті жүруші еді. Есімі Батый деп берілген бұл қорқынышты да құбы­жық адам әлдебір кінәздіктен алым-салық жинауға келіпті-міс. Сондағы Бату ханның ұлы жорықтарын тоқтатып қойып, сарбаздарына алым-салық жинатып жүрген көрінісі қандай қораш һәм жабайы десеңізші. Осындай тәрбие мен саясат үстемдік құрып тұрғанда әне, Есенберлин Батудың шын бейнесін қалай жарқ еткізді. Рас, ол да қанішер, бірақ Жошыдан қалған ұлы ұлыстың туын жықпай отыр. Оның бабасы Шыңғыстың төртінші ұлы Төледен тараған ұрпақтарға билік тиіңкіремей жүргенін ескеріп, Қарақорымдағы ұлы қаған тағын Мөңкеге алып берудегі әділдігі мен әккілігін айтсаңызшы. Батудың қора-қопсы аралап алым-салық жинап жүрген әпербақан біреу емес, ұлы жорықтар мен үлкен саясаттың адамы екені романда осылай көрініс табады.

Егер еске түсірсеңіз, «Алтын Орда» романы Батудың төбе басында бес жасар кенжесі Барақты ойнатып отырған кезінен басталмаушы ма еді. Ол жазылмас сырқатын айналасынан жасырып, үлкен толғаныста отырғанында қызыл тон киген кішкене баласы Барақты бүркіт алып кетеді. Содан бастап әлгі бүркіт өзіме түссе кегімді алармын деп, үстіне қызыл жамылғы жабынып күнде төбе басына шығып отырады. Осы отырысында өткен-кеткеннің бәрін есіне түсіріп, қиямет сұрағынан көзі тірісінде өткендей болады. Ақырында ана бүркітті жәй бүркіт емес, Құдай басқа сал­ған тағдырым деп біледі. Кіші баласы Ұлақшы қасына келіп, бүркіт төмен ұшқанда атайын дегенде атқызбай қояды. Бұдан Бату ханның бойындағы адамдық пен кемелдікті көріп, еріксіз іштартасыз.

Оның өмірінің соңындағы басынан өтіп жатқан оқиғалар қиссадағыдай қилы-қилы хикметтермен шендестіріле баяндалады. Жарты әлемді жаулаған балуан денелі, арыс кеуделі Бату ханның бір құсқа шамасы жетпей қор болады. «Сөйткенше қыран қанатын жинап төмен қарай құлдилады. Бату ақ беренін бір-ақ сілтеп үлгерді, бірақ қайта сілтеуге әлі жетпеді. Бір қанаты қиылып түскен алып бүркіт жалп етіп барып анадай жерге құлады. Жалғыз қанатымен бір-екі рет жерді сабалап, көздері қып-қызыл боп Батуға қарап қалды. Екі қанды көз кездесті» деген жолдар да қисса оқып отырғандай әсерлі.

Бату өлгенде екі табыт істеліпті. Қа­рақорым алыс болғаннан кейін қару-жа­рағы салынған табыт сол жаққа жөнел­ті­ліпті. Ал денесі салынған екінші табыт Еділ жағасындағы қалың тоғайлы бір төбеге қойылыпты. Тарихта да солай болған деседі, жазушы қиялы да соған керемет үндесе кетеді. Астарына үңілген адам енді Батудың қарақорымдық емес екенін аңдауға тиіс. Бірақ оны ұлы дала перзенті ету жазушының ойында да болмаған. Тек Бату ханның өлімін оқырманның көзіне ыстық жас құйылта суреттейді. «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген сөз содан қалған шығар, кім біліпті.

«Алтын Орда» романында Ілияс Есенберлин Батудан кейін, Беркеге көбірек орын бөледі. Кейбір қылықтарын оғаш көрсе де, көңілі соған көбірек бұра­ты­нын жасырмайды. Тіпті оның басқа діндегі Сартаққа у бергізіп өлтірткенін де ақтап алатын эпизод бар. Қарақорымға аттанарда үлкендерге сәлем бермедің, алдынан өтпедің деп теріс батамен аттандырады. Өзеннің бойында атын суа­рып тұрған жерінде қуып жетеді де, кәдімгідей теріс батасын береді. Содан Сартақ жолда жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Одан кейін Қарақорымда Алтын Орда тағына сайланып қайтқан Ұлақшы да ордаға жетпей өмірем қабады. Егер орыс князімен анда болып жүрген хрис­тиан Сартақ таққа отырғанда тарих доңғалағы қалай қарай дөңгелері тіпті белгісіз еді. Солардың бәрін тарих сахнасынан ысырып тастап, таққа енді Бату ханның баласы емес, бауыры Берке жайғаса кетті.

Романда Беркенің өмір шежіресі де бүге-шігесіне дейін тәптіштеп жа­зыл­ған екен. Оған себеп ағасы Бату хан сияқты, ол да шебер алдырған, ол да сарай салдырған. Бізге ыстық көрінетіні оның жат жерде сұлтандық құрған Бейбарыспен хат-хабар алысқаны да болып тұр. Сөйтіп, біз турасын айтқанда орыс болмадық, қазақ болдық. Берке мұсылмандық жолды ұстанғандықтан да аласапыран заманда өз таңдауымызды жасауға мүмкіндік туды. Хандар бірінің басын бірі алып қырылыса берді, бірақ халық өз орнында қалды. Тіпті романда мынандай бір жантүршігерлік эпизод бар.

Тақ мұрагерлері Өзбек хан мен Елбасмыш бала күндерінде жан қиыспас дос болады. Бір күні құрған тұзақтарына үй арасында ұшатын жаман торғай түседі. Өзбек бірінші жетіп, артынан Елбасмыш келгенде торғайдың басын жұлып лақтырып жібереді. Сонда бассыз торғай кеудесінен жаны шықпай ұшып кетеді де, екеуі соған қатты қайран қалады. Кейін ержеткенде жауларын басын шапқаннан кейін де қайта тіріліп кететіндей үсті-үстіне шапқылай беретін әдет табады. Ақыр соңында Өзбек хан Елбасмыштың басын шапқанда тоқтамай денесін қылышпен қидалап тастайды.

Міне, жері хан ордасына айналып, даласы қанға бөккен қазақ осындай қырғын-сүргіннен де басын жоғалтпай аман шығып отыр. «Алтын Орданы» тауысып, «Көшпенділерге» көшкенде сол тарихқа сіз де куә боласыз. «Алтын Ордадағы» Шыңғыс хан, Жошы, Бату, Берке, Өзбек, Ақсақ Темір, Едіге, Мамай, Тоқтамыстар артта қалып, енді Әбілқайыр, Жәнібек, Керей, Абылай, Кенесарылармен жо­лы­ғасыз. «Көшпенділердің» бірінші кітабы «Алмас қылыш», екінші кітабы «Жанталас», үшінші кітабы «Қаһар» бірінен бірі өтеді.

 Қазақ хандығының жеке бөлініп шығу себебін өзіміз таппасақ, басқа ешкім та­уып бермейді. Олар біздің тарихымызды зерттеуде нақ басса да, тап бас­­­­­пайды. Осы арасына «Көшпенділерде» ерекше мән берілген. Жазушы оның ешкім байқай бермейтін сырын ашып көрсетуді парыз санаған. Сонымен бірінші себебі, Дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр ордасын қазақ даласына тіксе де, бар ынта-ықыласын өзі жаулап алған Мауренахр, Соғды, Қорасан жағына аударған. Сөйтіп, солардан қыз алып, Орда салтын да көбіне Мауренахр елінің әдет-ғұрпына қарай көшіре бастаған. Бара-бара Дешті Қыпшақтың даласын талақ қылғандай болып, Мауренахр шаһарларының бірін хан ордасы етіп бекітуді дұрыс көрген. Бұған көшпелі Дешті Қыпшақтың асау жылқы тәрізді арда ру-тайпалары көнгісі келмепті. Түздегі кәсібін, даладағы дәс­тү­рін, санадағы салт-ғұрпын қайдағы бір отырықшы мауренахрлықтардың аяғының астына тастатпауға бел ше­шіп­ті. Сол үшін де өз алдына ел болып қалуды жөн көрген ата-бабаларымызды қалай мақтан тұтсақ та жарасады.

Жазушы мұны: «Сейхүн дарияның орта шенінен төмен қарай сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын, Жетісу бойындағы көне заманнан келе жатқан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді көптеген салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ деп талпынған-ды» деп жазады. Сол туды көтерген Жәнібек сұлтан мен Керей екенін бүгінде тәуелсіз елдің еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін бәрі біледі. Себебі Ілияс Есенберлин осы тарихты түгел кешегі тоталитаризм заманында басым кетеді деп қорықпай, қарапайым халыққа да түсінікті түрде көркем шежіре етіп жазып шығарды.

Оның үш кітап «Алтын Орда», үш кітап «Көшпенділерінде» Жошының ұлы Бату хан таққа отырған 1227 жылдан, Кенесары хан опат болған 1847 жылға дейінгі бүкіл тарих қамтылады. Бұл романдарда осы алты ғасырдағы хан, батыр, билер түгел бар. Ал енді мұның Фирдоусидің әлемге әйгілі «Шаһ­на­ма­сынан» несі кем?!

Екі трилогия да тәмсілдерімен тар­тымды, аңыздарымен арналы, ше­жі­ре­лерімен шерлі-шеменді, қаһар­ман­дығымен қарымды, идеяларымен іргелі. «Саясат үшін құл-құтанды басына шы­ғарып, Беркеге обал қылды» дейтін тұстары да жоқ емес. Бірақ соңына түскен солардың басшысын атпен ша­уып бара жатып садақпен атып түсіргенде терің бір кеңіп қалады. Жазушы қанша саясат қысса да, өмірлері жорықта өткен хандарың басын қорламауға тырысады. Осынша ұзақ екі шығармада да ел арасында айтыла беретін мазақтамалар жоқ. Керісінше хандардың мінездерінің ірілігін көбірек келтіреді. Бұл романдар сонысымен де қаһармандықты жырлаған көркем шежіредей оқылады.

«Көшпенділердегі» Әбілқайыр ханның Жәнібек сұлтанға қастық жа­самақ болғаны да екеуін де еш қор­лаусыз сурет­те­леді. Әбілқайыр Жәнібек сұлтан­ның Қазақ ордасын құрмақшы болған ниетін біліп, хандар салтымен аңға шақырады. Аң қызығына түскен сәтінде, жаналғыш Жәнібекті аттан ауда­рып түсіреді. Өзінің шамасы жетпей тыпырлап жатып: «Хан ием, желкесінен ұр!» деп сойылын меңзейді. Сонда оңтайы келіп тұрса да, Әбілқайыр хан Жәнібекті ту сыртынан салып қалмайды. Қайта қарақшының өзін төбеден бір қойып, жерге тығып жібереді. Осындағы жазушының көркем қиялы сол сәттегі қазақ қосынының тағдыры қалай қыл үстінде болғанын дәлме-дәл жеткізіп тұр. Бір сәт, бір қимыл, бір шешім ғана бүкіл көштің жолын қиып тастағандай екен-ау демеске әддің де жоқ.

Аталған екі трилогияның көп жерін еміренбей, тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал қисса-қисса дейміз, нағыз қисса Кенесары туралы «Қаһар» романы болса керек. Жазушы басқаларындай емес, бұл романды айрықша шабытпен жазады. Кенесарыны: «Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арық тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойын­ды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт сары. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сез­діреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың. Бұл Абылайдың немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді» деп суреттеуінің өзінде ерекше сүйіспеншілік жатыр.

«Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған көк мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:

– Бес жүз қадамнан тиетін Әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, – деді.

Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар дегені еді. Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп,бір тізерледі де, қынынан қылпылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.

– Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін!».

Бұдан арғы тарихтың бәрі мұ­қым қазаққа ол да белгілі. Бірақ соны Ілияс Есен­берлин қай кезде жазды, мәселе сонда. Одан кейінгі Кенесары туралы шығармаларда дәл мұндай от ұш­қын­да­майды. Романды оқып тауысқанда кей сөздерін ішіңнен ыңылдап қайталай бересің, қайталай бересің. Ең соңғы қисса, бәлкім, осы шығар, кім білген?!

Осы мақаланы жазарда екі трилогия­ны да қайта шолып шықтым. Бұрын таныс болғаннан кейін есіме түсіріп қана отырдым десем де болады. Соның бәрінде қара сөзді қиссадай мақамдап оқып отырған қарағайдай кісінің қоңыр үні құлағыма үздіксіз келді де отырды. Бәлкім әкемді сағынғандықтан да шығар, өзім де кейде ыңылдаймын да жүремін. Ішіңде жүретін сол ыңыл, сол әуен, сол мақам үзілмесін деңіз!..