Оқиға • 18 Тамыз, 2021

XVII Еуразиялық медиафорумы онлайн форматта өтеді

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың 15-17 қыркүйек аралығында XVII Еуразиялық медиафорумы өтеді. Жиынға қазақстандық және әлемдік жетекші БАҚ өкілдері, халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

XVII Еуразиялық медиафорумы онлайн форматта өтеді

Еуразиялық медиафорум аясында әлемдік саясат пен экономика, БАҚ, экология, білім және футурология сияқты салаларды қамтиды. Танымал халықаралық және қазақстандық сарапшылар пандемияның жаһандық үдерістері мен адами қарым-қатынасқа әсерін, медиа мен технология саласындағы тенденцияларды, нақтыланбаған ақпараттың көбею проблемасын, бүгінгі экологиялық күн тәртібін, сондай-ақ, болашақ әлемнің келбетін талқылайтын болады.

«Соңғы 2 жыл күрделі мәселелерді талқылау және оны шешу жолын іздеуде біріге отырып әрекет ету адамзат үшін маңызды екенін көрсетті. Алдағы форум пандемия кезінде әлемдік қауымдастық үшін маңызы артқан мәселелерді көтеріп, қайсысына ерекше назар аудару керектігін анықтауға және әрі қарай не істеу керектігін түсінуге арналған. Осыған орай, форумды өткізуге қолдау көрсеткен серіктесттерімізге алғысымызды білдіреміз», деді EAMФ бас директоры Алмагүл Ахметжанова.

Еуразиялық медиафорум үш күн қатарынан онлайн форматта өткізілмек.

Бірінші күн әлемге танымал сарапшылардың практикалық шеберлік сабақтарына арналады. Сондай-ақ, форумның бірінші күні аясында дәстүрлі дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Жиында «Түркітілдес елдердің БАҚ-ы. Қазіргідей жағдайда ынтымақтастықты дамыту» тақырыбы аясындағы мәселелер талқыланбақ. 

Екінші күннің  қатысушыларын 4 сессия күтеді, оның ішінде:

  • «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сессия»;
  • «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?!»;
  • «Ақпарат көп - шындық аз»;
  • «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік» тақырыптары қамтылған.

Үшінші күн жоспарындағы жиындарда да маңызды мәселелер назарға алынатын болады:

  • «Ашушаңдық дәуірі. Әлемді билеп тұрған кім?»;
  • «Медиа және технологиялар. 2021 трендтері»;
  • «Еңбек нарығының болашағы және білім»;
  • «Орындалған келешек әлемі» тақырыптары бойынша жиындар өткізіледі.