01 Мамыр, 2010

ДОСТЫҚ БӘЙТЕРЕГІНІҢ ДІҢГЕГІ

621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында облыс әкімі Сергей Дьяченконың қатысуымен кіші Ассамблея мүшелерінің дөңгелек үстел басындағы мәжілісі өткізілді. Облыстың жаңа басшысы еліміздегі қуатты қоғамдық ұйымның Қазақстан дамуындағы үлес-қарымын жоғары бағалап, алдағы бірлесіп атқарар жұмыс жоспарларын талқыға салды. Биыл өзінің 20 жылдығын атап өтетін этномәдени бірлестіктер Ассамблеяның қызмет ауқымын кеңітуде айрықша белсенділік танытты. Олар достық пен ынтымақ негізі мемлекеттік құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыруда деп біледі және осы бағытта белсенді іс-қимылдардың ұйытқысы саналады. Ассамблея қызметін жандандыруға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігіне ризашылық білдірілді. Мәселен, өткен жылы бұл мақсатқа 46 миллион теңге жаратылса, 2010 жылдың бюджетінде оны 52,4 миллион теңгеге ұлғайтуға шешім қа­был­данып отыр. Ассамблеяның жастар қанаты да өнегелі істердің жаршысына айнала білді. Қазір Көкшетаудың 26 мектебінде жастар ұйымы жұмыс атқарады. Облыс әкімі бұл бағытта “Нұр Отан” ХДП облыстық фи­лиа­лымен тығыз байланыс орнату қажеттігін еске салды. Облыстық корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Моисей Чжен ақсақал Елбасы Н.На­зарбаевтың жуырдағы Кореяға сапары қазақстандық отандастарын қуанышқа бөлеп, ертеңгі күнге сенімін ұштағанын атап өтті. Ол кіші Ассамблеяның жаңа төрағасы, елімізге белгілі қоғам қайраткері С.Дья­ченконың достық байрағын желбіретудегі қызметіне табыстар тіледі. Чешен-Ингуш бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев еліміздегі діни қауымдастықтар арасындағы байланыстардың әлемдік үлгісі қалыптасқандығын мақтанышпен тілге тиек етсе, неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Қазақстанның әлемдік жоғары беделінің арқасында шет ел қауымдастығының бізге қызығушылық танытып, арнайы гранттар бөле бастағанын атап көрсетті. Ұлттық бірлестіктердің ғылыми үйлестірушісі Нина Митчинова, облыстық мұрағат директоры Александр Положенцов этнос өкілдерінің оқуы, жастарға білім гранттарының бөлінуі, аймақтық семинарларға қатысу, ұлттық өнер мамандарының тапшылығы мәселелерін көтерді. Кездесу жұртты елең еткізген оқиғамен аяқталды. Облыстық Кабардин-Балкар этномәдени бірлестігінің басшысы, Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов ақсақал өзі басқаратын ЖШС қарауындағы 160 орындық балалар бақшасын, ауылдық-дәрігерлік амбулатория мен асхана ғимараттарын коммуналдық меншікке тегін өткізетінін мәлімдеді. Облыс әкімі С.Дьяченко ұлттық бірлестіктердің бірнеше өкілін жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.