21 Қаңтар, 2014

Жолдауға жедел үнқосу

216 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ERA 1756Роман КИМ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Президент өзінің әр Жолдауында мем­ле­кетті алға жылжыту үшін елдің нақты, ай­қын мақсаты болуы қа­жет­тігін айтып келеді. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы мемлекеттің жан-жақты дамуына, оның ілгері жылжуына ық­пал ететін осындай бір­ден-бір айқындалған мақсат-міндет деп есептеймін. Әрине, бұл Стратегия үлкен, ауқымды кезеңді қамтиды. Алайда, Елбасы өз Жолдауында бұл кезеңнің белесін 5 кезеңге бөліп, бағындыру қажеттігіне назар аударды.

 

Мәңгілік Қазақстан жобасы – Жаңа дәуірдің кемел келбеті

 

ERA 1756Роман КИМ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Президент өзінің әр Жолдауында мем­ле­кетті алға жылжыту үшін елдің нақты, ай­қын мақсаты болуы қа­жет­тігін айтып келеді. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы мемлекеттің жан-жақты дамуына, оның ілгері жылжуына ық­пал ететін осындай бір­ден-бір айқындалған мақсат-міндет деп есептеймін. Әрине, бұл Стратегия үлкен, ауқымды кезеңді қамтиды. Алайда, Елбасы өз Жолдауында бұл кезеңнің белесін 5 кезеңге бөліп, бағындыру қажеттігіне назар аударды.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, өз Жолдауында Қазақстанның әрбір азаматының, еліміздің әрбір тұрғынының әл-ауқатының көтерілуі мен артуы үнемі назарда тұратынына тоқталды. Бұл мемлекет алдында тұрған ауқымды міндет деп ойлаймын. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі көтерген мәселелер жөнінде тапсырмалар беріп қана қоймай, олардың орындалуының нақты мерзімдеріне дейін белгілеп берді.

Әрине, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіне қажетті бірнеше алғышарт бар. Солардың бірі – Президент айрықша тоқталған агроөнеркәсіптік кешен. Мен Парламент Мәжілісіндегі Аграрлық комитеттің мүшесімін. Осы ретте, мен Елбасы атап өткен бірқатар мәселеге назар аударғым келеді. Мәселен, Президент өзінің сөзінде ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген кез келген азамат кешегі күнмен өмір сүрмеуі қажеттігін баса айтты. Яғни, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын көтеру үшін жаңа технологиялар, жаңа инновациялар ауадай қажет. Мемлекет басшысы, міне, осындай мәселелерді күн тәртібіне шығарды.

 

ERA 1241Ғани ҚАЛИЕВ,

«Ауыл» партиясының төрағасы:

– Агроөнеркәсіп кеше­ні – аса күрделі мәсе­ле. Мұнай мен газ, уран, басқа да жерас­ты қаз­ба байлықтары мәң­гі­лік емес, түбі бір тау­сылады, сарқылады. Халық­ты негізінен ауыл ша­руа­шылығы асырайды.

Біздің елімізде ауыл шаруашылығына қа­жет­ті жерлер көп. Өкінішке қарай, біздегі жер құнарлылығы дамыған ел­дер жерлеріне қарағанда төмендеу, ауа райы да қаталдау. «Биопотенциал» деген бар. Осы жағынан алғанда, біздің ауыл шаруа­шы­лығымыздың биоәлеуеті Ресейден 2,5-3 есе, Еуропадан 5 есе кем. Сондықтан ауыл ша­руа­шылығы саласына Үкімет тарапынан көбірек қолдау көрсетілуі керек. Бұл мәселе кейде ескеріледі, кейде ескерілмейді. Президенттің Жолдауынан кейін осы мәселелер қолға алынатын шығар деген ойдамын.

Елбасымыз ерекше тоқталған тағы бір мәселе – ғылымның жетістігін пайдалану. Ғылымды пайдаланбаса, экономиканың барлық саласы ешқашан дамымайды. Оның ішінде, әрине, ауыл шаруашылығы да бар. Соңғы кездерде ғылымды, онымен айналысатын ғалымдардың беделін төмендетіп жібердік. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайларын шешуді, олардың қоғамдағы орнын қайта қалпына келтіруді қолға алсақ, жақсы-ақ болар еді.

 

ERA 1903Александр СМИРНОВ,

«Суоми» этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Елбасы Н.Назар­баев өзінің әр жыл­дар­да­ғы жолдауларында мем­лекетке жаңа міндеттер жүк­теп қана қоймай, сол арқылы халықтың жүре­гіне сенім ұялатып келе­ді. Әрине, Мемлекет бас­­шысы белгілеген мақ­­сат-міндеттер, оларды жүзеге асыру оңай емес. Десек те, оларды ке­зең-кезеңмен бағындыруға болады деп ойлаймын.

Президент атап өткендей, алдағы уақытта біз «жасыл экономиканы» дамытуымыз керек. Өткен жылдың сәуір айында Қазақстан–Финляндия саммиті ұйымдастырылған болатын. Сол кезде де екі елдің президенттері «жасыл экономика» төңірегінде әңгіме қозғап, оны жаңғырту мәселесін талқылаған еді. Демек, болашақта қос тарап осы бағыттағы ауқымды жобаларды қолға алып, оларды бірлесе жүзеге асыратын болады. Менің ойымша, «жасыл экономиканы» басшылыққа алып, мемлекетті алға жылжыту бастамасы дер кезінде қолға алынып отыр. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі, «жасыл экономика» – болашақ, елдің болашағын айқындайтын тетік. Демек, сол арқылы біз ілгері қадам жасап, жаңаша өмір сүруіміз керек.

Бүгінде менің айналамда білікті инженерлер тобы жұмыс істейді. Олар финдермен бірлесіп, бірқатар жобаларды әзірлеуде. Біздің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындап жатқан бір ауқымды жобамыз бар. Оны уақыты келгенде көріп, бағасын бересіздер деп ойлаймын.

 

ERA 1681Бақыт СҰЛТАНОВ, Қаржы министрі:

– Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 30 ең дамыған елдің қатарына кіруге қатысты нақты міндеттерді 7 басымдық бойынша айқындап берді. Соның ішінде «Мәңгілік Ел» деген ұлттық идеяның 7 қағидатын алға тартуы қазақстандықтар үшін мол мүмкіндіктердің ашылып отырғандығының айғағы болса керек. Бұл өте жауапкершілікті іс болғандықтан, оған барлығы да атсалысуы қажет.

Және де Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банк алдына 7 тапсырма қойылғандығын да айта кеткен жөн. Жолдауда көрініс тапқан міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет нақты жоспарлар құратын болады. Тұтастай алғанда, ел экономикасының өсімі 6-7 пайыз деңгейінде сақталып, тұрақты дамитындығына сенім мол.

 

ERA 1576Серік ҮМБЕТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы «дамыған ел» ұғымының уақытқа сәйкес өзгеріп тұратын категория екендігін, дамыған елдерде ха­лық­тың мүлде жаңа өмір сапасына қол жеткізгенін тағы да айтып өтті. Бірақ осындай нарықтық жағдайда қол жайып біреуден көмек күтпей, өзіңнің қармануың қа­жеттігін, еңбектенуің, оның ішінде тиімді еңбектену қажеттігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Халқымыз «Еңбек етсең – емерсің» демей ме. Ал мемлекеттің міндеті осыған барлық жағдайды жасау десек, заңдық негіздер қаланған қоғамда бүгінгі күні орта және шағын бизнестің тынысы ашылып, оларға кідіңдеп баратын тексерулер азайды. Ендігі мақсат – шағын бизнесті орта деңгейге көтеру. Орталар, әрине, алға ұмтылсын. Ал әлемнің көшбасшы елдерінде осы орта деңгейдегі бизнес алатын үлес қомақты. Ал орта деңгейдің көбеюі халық тұрмысының жақсарғаны ғой.

Елбасы баға қалыптастырудың ашық тетіктері арқылы тиімді жер нарығын құрудың маңыздылығына мән берді. Шынында, Жолдауда айтылғандай, ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ал жақсы мағынадағы бәсекелестік тиімділік, жоғары өнім. Сондықтан да бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясының үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергілерді жою қажет деген ойға толық қосыламын. Аграрлық сектордың дұрыс дамуы дегеніміз, егер осы сектордағы халықтың дені өзіміздің қаракөздер екенін ескерсек, ол ұлтқа жасалған жанашырлық деп ұққан жөн.

Елді мекендерде шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындар желісі құрылып жатса, оларды несиелеуге ниет түбірімен дұрысталып және ол ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алса, ауыл шаруашылығының айдарынан жел есетін болады.

 

ERM 7099Николай ҚУАТОВ,

Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы, генерал-майор:

– Біз Мемлекет бас­шысының Қазақстан хал­қына кезекті Жол­дауын өз аузынан естіп, зор әсер алдық. Дәулетті мемлекет болғанымыз қарапайым тілмен жет­кізілді. Мұны біз ұзақ жылдардан бері ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының 1991 жылдан бастап Қарулы Күштеріміздің, армиямыздың дамуына жасап отырған қамқорлығын сезініп, оны өз көзімізбен көріп келеміз.

Жолдауда Мемлекет басшысы ғылым мен білімге, қазақстандық патриотизмге баса назар аударды. Мұның, әрине, бізге, болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырған, әсіресе, болашақ Отан қорғаушы әзірлейтін әскер басшыларына қатысы бар. Расында, Қазақстан дәулетті де сәулетті мемлекетке айналды, Жоғарғы Бас қолбасшының белгілеген бағыт-бағдары бойынша қойылған тапсырмалар толығымен орындалды. Және де Жоғарғы Бас қолбасшының алға қойған тапсырмалары мақсатқа сай. Ол үшін әркім өз орнында жұмыс істеп, еңбек етуі тиіс, өзінің бар білімі мен тәжірибесін мемлекеттің өркендеуіне арнауы қажет.

Ғылымға байланысты сөзінде Жоғарғы Бас қолбасшы ғылымсыз алға басудың мүлдем мүмкін еместігін шегелеп айтты. Біз курсанттардың – болашақ офицерлердің санасына отансүйгіштік сезімін сіңіріп келеміз. Сондықтан курсанттар, болашақ офицерлер Отанды сүюге, Отанды қорғау үшін біздің еліміздің және Жоғарғы Бас қолбасшымыздың бұйрығын орындауға әрқашан дайын екендігін айтқым келеді.