Әлем • 19 Тамыз, 2021

COVID-19: Қатал шаралар талап етіледі

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Індеттің таралуының бәсеңдейтін түрі жоқ. Әлем елдері жағдайға қатысты түрлі шаралар қолданып, қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығара бастады.

COVID-19: Қатал шаралар талап етіледі

АҚШ індеттен бір күнде мыңнан астам адамның қайтыс болғанын мәлімдеді, бұл шамамен бір сағатта 42 адамның өмірі үзілді деген сөз. Мамандардың айтуынша, вирустың дельта штамы елдің аз вакциналанған аймақтарында кеңінен таралып жатыр. Ахуал соңғы айда қатты ушыққан. Мұндай, бір күнде мың адам қайтыс болған жағдай соңғы рет наурыз айында тіркелген.

Бастапқыда үкіметтер мен бизнес өкілдері вакцина салдыруды ынталандыру үшін ақшалай сыйақылар мен өзге де сыйлықтар ұсынғанымен, жағдай күрделенгенін көрген кейбір компаниялар мен штаттар жұмыс орнын сақтап қалғысы келетін жұмысшыларға вакцина салдыруды міндеттей бастады.

Әдетте қатал шаралар енгізетін Аус­тралия анықталған бір науқас үшін ел аста­насы мен оған іргелес аймақты бір аптаға жабатын болды. Кәсіпорындар мен өзге мекемелердің жұмысы шектеледі, ал тұрғындар күніне бір сағаттан артық сыртта спортпен шұғылдана алмайды. Жұмысты мүмкіндігінше үйден атқару міндеттеліп отыр.

Ал Жаңа Зеландия Үкіметі ел шека­расы жыл соңына дейін халықаралық сая­хатшылар үшін жабылатынын мәлімдеді. Премьер-министр Джакинда Ардерн журналистерге елдің әлі толық ашыла алмайтынын және вакциналау аяқталғанға дейін шекара жабық болатынын айтты. Жаңа Зеландияда екпе алу өзге дамы­ған елдерге қарағанда баяу жүрген. Тұр­ғын­дардың  шамамен 29 пайызы вакцинаның бір дозасын, ал 17 пайызы толығымен алған. Пандемия басталғаннан бері 4,9 мил­лион халқы бар елде 2557 инфекция жұқ­тыру және 26 өлім тіркелген.

Жағдайдың ушыққанын көршілес Ресей де мәлімдеді. Елде пандемия басталғалы күнделікті өлім санының ең жоғары көрсеткіші тіркелген, яғни бір күнде 808 адам қайтыс болған. Johns Hopkins университетінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Ресейде COVID-19 індетіне қатысты өлімнің ресми саны – 168 049 адам.  Бұл – әлемдегі бесінші көрсеткіш. 24 маусымнан бастап елде бір күнде
20 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелген.

Ал Олимпия ойындары аяқталған Жапонияда демалыс маусымы әлі біткен жоқ. Вирус жұқтырғандар саны артқанына қарамастан, халық үкіметтің сапарларға шықпай, барлар мен мейрамханаларға бармауға шақыруын тыңдар емес. Жапо­нияда күнделікті науқастар саны бір аптадан астам уақыт ішінде 10 мың­нан асты, ал соңғы төрт айда олардың жалпы саны екі есе артып, 1 миллионнан асқан. Жексенбіде аяқталған ойын­дар кезінде Токиодағы күнделікті анықталған нау­қастар саны үш есе өскен. Премьер-министр Есихидэ Суга баяу басталған, бірақ қазір жақсы жүріп жатқан вакциналауға үміт артып отыр.

Осылайша, әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттер індеттің жаңа қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Көп елде вакциналау про­цесі баяу жүріп, вирустан қайтыс бол­ғандар саны көбейіп барады.