Кеше 45 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды
Ағымдағы жылғы 12 наурыз күнгі тасқыннан соң бүтін бір ауылды су шайып, адам шығыны да орын алғаны белгілі. Мемлекет басшысы зардапты жою мақсатындағы барлық шараны жедел қолға алуды тапсырды. Қашанда кең қолтық халқымыз бұдан шет қалмады. Осылайша Қызылағашта қайнаған еңбек басталып, құрылысшылар құрылысты қысқа мерзімде аяқтауға күш жұмылдырса, өзгелер де азық-түлік, киім-кешек, ақшалай демеушілік танытқанын атап айтқан артық емес.
Содан бері күн сайын облыс әкімі мен орынбасарлары, құрылыс ұйымдарының басшылары қатыстырылған жиында атқарылған жұмыс пен оның сапасы қаралып, әр сағатты тиімді пайдалану барысы жіті бақыланды.
Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамыр мерекесі қарсаңында Қызылағаштағы шатырлы қалашыққа жиналған тұрғындардың жүздері жарқын, көңіл-күйлері көтеріңкі. “Алматы қала құрылысы”, “Ауыл құрылысы” және басқа компаниялар сәулетшілері салған үйлерге қоныстанатындар қуанышы тіпті ерекше.
Көшелердегі анадайдан көз тартатын жаңа жобамен салынған баспаналардың іші-сырты ұқыпты қолдың табын сездіреді. Тасқын болған кезден бері халықпен бірге қайғырып, дамылдамаған облыс әкімі Серік Үмбетов, орынбасарлары, комиссия төрағасы Амандық Баталов, Серік Мұқанов, Тынышбай Досымбеков, тағы басқа құрылыс ұйымдары басшыларының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеттері арқасында 45 үй бітіп, кілт тапсыру салтанатымен жалғасты.
Облыс әкімі Серік Әбікенұлы қызылағаштықтар мен жиналғандарды ынтымақ пен бірлік, қоныс тойы қуанышымен құттықтады. Бүгінгі күнге жұдырықтай жұмылу мен шыдамдылық бір-бірімізді түсіну нәтижесінде қол жеткізілді. Бабалардың “Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды” дегеніне көз жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болып, барша қазақстандықтар қиын кезде қолұшын берді. Ол үшін баршаға рахмет. Сіздердің мал-мүліктеріңіздің орнын толтыру мәселелері де қолға алынған. Бүгінгі күнге салынуға тиісті 530 жаңа үйдің 344-інің қабырғасы қаланса, 113 үйдің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Тасқыннан зардап шеккен Қызылағаш, Егінсу, Ақтоғандағы құрылыстарда 69 компания құрамында 500-ден астам техника мен 4000-нан астам адам еңбек етуде. Ауыл халқының тілек білдіргендері де жұмысқа тартылды. Көріп отырсыздар, жаңа үйлер сап түзеді. Амандық болса, маусым айында барлық жұмыстың тиянағын келтіруді жоспарлаудамыз. Осылайша ауыл жаңарып, жасарады. Қоныстарыңыз құтты болсын, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, жақсылық тілеймін, деді.
Бұдан соң облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, облыстың “Құрметті азаматы” Бәтима Сақауова сөз алып, қиындықты бөліскенде ғана жеңілдейтінін жеткізді. Бір айдан астам кезеңдегі қолға алған жұмыстарға жақсы бағасын берді. Өмір болған соң кейде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Шыдамды халықпыз. Осынымыздан айрылмайық. Сонда ғана қиындықты жеңеміз. Ауылдың көрікті болатынына еш күмән жоқ. Осы жұмыстың басындағы азаматтарға алғыс айтамын, деді.
Салтанатқа жиналғандар арасында арнайы алыстан ат арытып келгендер де көп болды. Су тасқыны болған алғашқы күннен халықтың жағдайын еліміздің бас газетінің бетінен түсірмеген “Егемен Қазақстанның” бір топ журналисі де қуанышқа ортақтасты. Газеттің Алматы қаласындағы филиалының жетекшісі Қорғанбек Аманжол, филиал қызметкерлері Бақыт Балғарина, Берсінбек Сәрсенов, Думан Мұхаметжанов және қуанышты мақаланың авторы Күмісжан Байжан қуанышты сәтті бірге бөлісті. Қорғанбек Аманжол қызылағаштықтарға құтты болсын айтып, газет ұжымы атынан ыстық лебізін жеткізіп, “Сабат”, “Бірәлі – дастан” жинақтарын оқырмандарға сыйға тартты. Мұндай апат елімізді айналып өтсін, деген тілегін қосты аға басылым журналистері.
Салтанатқа Алматыдан арнайы келген сазгер Мыңжасар Маңғытаев жаңа үйде тек жақсылық болып, іші шаттыққа толсын деген лебізін жеткізсе, Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова, Гульвира Разиева әннен шашу шашты. “Мұқағали” журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы да өткенге салауат айтып, бүгінгі қоныс тойының жалғасуына тілегін қосты.
Көпті көрген қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқтарбай Қанапиянов бата берді.
Сәні мен салтанаты жарасқан алғашқы үйдің кілтін алған Бақытжан Мешенов толғанысын былайша тарқатты:
– Қиын күндер артта қалды. Жасалған жақсылықты ұмытпаймыз. Қас-қағымда баспанасыз қалып, жиған-тергенімізді су шайғанда жанымыз күйзелді. Елімнен, жұртымнан айналайын. Міне, сол зардаптың орны толды. Қуанған мен қорыққан бірдей деген, жайнаған үймен бірге тұрмысқа қажетті жиһаз, төсек-орын, газ плитасымен жабдықталған үйдің кілтін алдым. Елбасына, облыс әкіміне отбасымның атынан алғыс айтамын. Зайыбым Оразгүл мен балаларымның қуанышын көрсеңіз. Ауылдағы мектеп, мәдениет үйі, әкімдік ғимараты да күрделі жөндеуден өткізілуде. Енді бірер айда ауыл жайнап, барлық отбасы қуанатынына күмән жоқ, деді.
Кіммен сөйлессең де жаңа үйдегі өздеріне көрсетілген қамқорлыққа риза екендігін жеткізеді. Облыс әкімі түп түзу көшедегі пайдалануға берілген Шыңғысбек Шөмшекбаев, ұстаз Жақсылық Советбеков, Ажар Қодасова, Кішкентай Оразаева, тағы басқалардың шаңырағына бас сұғып, үлкендер бата беріп, жайылған дастарқаннан дәм татты.
Ауылдың шығысындағы саябаққа арналған алқапта жас қайың, терек, қарағаш, тағы басқа жас өскіндер жапырақ жайып, табиғат әсемдігін әрлей түскен. Облыс әкімі саябақта тасқын құрбандарына ескерткіш орнатылатынын да айтты. Сәулетші Қаби Баулықов жасаған ескерткіш жобасы мақұлданып, жұмыс басталған. Ескерткіште таудан құлаған алапат су тасқынының қоршауында қалған баласын қалайда аман алып қалу үшін жанталасқан ананың тіршіліктегі мәңгілік символы ретіндегі алып ағаштан таяныш іздеген сәті бейнеленбекші. Осылайша келешекте Алматы-Өскемен күрежолының бойына орналасатын ескерткіштің биіктігі 7 метр, ені 14 метр болады. Беріктастағы тақтаға құрбандардың есімдері қашалып жазылмақшы.
Қызылағаштағы қоныс тойы осылай басталып, маусымның аяғына дейін өзге отбасыларын жаңа үйге қоныстандыру үшін құрылысшылар жұмыла еңбек етуде.
Жиналғандар Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының концертін тамашалап, көптен бергі жабырқаған көңілдерін ән әуезімен суарды. Көпшілік Қызылағаштағы бүгінгі қуанышты шақ ұзағынан сүйіндірсін деген тілекпен тарқады.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Суреттерде: Қызылағаштағы қоныс тойының өту салтанатынан көріністер; жаңа үйлер әсемдігімен көз тартады.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.