Медицина • 19 Тамыз, 2021

Өскеменде фармацевт ұсталды

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемен қаласында полиция қызметкерлері психотроптық заттарды сатумен айналысқан 48 жастағы фармацевтті ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Өскеменде фармацевт ұсталды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Новаторов көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары дәріханада кәмелетке толмағандарға «трамадол», «тропикамед» препараттары рецептсіз сатылып жатқандығы туралы арызданған.

Соған орай Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сатып алушының кейпіне еніп аталған дәріханаға барды. Фармацевт оларға «тропикамед» препаратын 1200 теңгеге сатқан.

«Полиция қызметкерлері 48 жастағы фармацевтті ұстап, одан 11 дана «тропикамед» және 2 «Трамадол» препараттарын тәркіледі. Жиналған материал ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша дәріхана иесін әкімшілік жауапқа тарту үшін Медициналық фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментіне жолданды», делінген ақпаратта.

Жыл басынан бері өңірде фармацевтикалық қызмет ережесін бұзудың 5 фактісі анықталған. Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері – 1 805700 теңгені құрады.