Саясат • 20 Тамыз, 2021

Мұхтар Тілеуберді ЕО-ың Орталық Азия бойынша арнайы өкілімен кездесті

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия бойынша турнесі аясында Қазақстанға сапармен келген Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Тілеуберді ЕО-ың Орталық Азия бойынша арнайы өкілімен кездесті

М.Тілеуберді делегацияны Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сондай-ақ, ол еуропалық дипломатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Қ.Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың іске асырылу барысымен таныстырды.

1

ЕО арнайы өкілі Қазақстанға алғашқы сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастығын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Орталық Азия – Еуропалық одақ» диалогтық платформасы шеңберінде тараптар 5-6 қазанда Алматы қаласында гибридті форматта өткізілі жоспарланып отырған алдағы Азаматтық форумды талқылады. Аталған форум Орталық Азия және Еуропалық одақ азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтеді.

Келіссөздердің тағы бір тақырыбы Ауғанстандағы жағдай болды. Тараптар осы елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша қолдау мен бірлескен шаралар қажеттігін атап өтті.

2

Сонымен қатар, ҚР - ЕО Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру барысы талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары Ынтымақтастық кеңесінің отырысы барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар тұрақты жұмыс байланыстарын орнатуға келісті.