Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Шанхайдағы ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінің ашылу салтанатына қатысты
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған еліміздің делегациясы 29 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласына келді. Кеше мұнда биылғы жылғы халықаралық дәрежедегі ең айтулы оқиғалардың бірінен саналатын Шанхайдағы ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Дүниежүзілік көрме – бұл адамзаттың ақыл-ойы мен шығармашылық шабытының шырқау орталығы болып табылады. 1851 жылы Лондонда алғаш рет дүниежүзілік өнеркәсіп көрмесі өткізілді. Содан бергі өткен жылдар ішінде бұл халықаралық бастама әлемдегі экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени жетістіктерді паш ететін орталыққа айналды. Сонымен бірге, дүниежүзілік көрме тарихи тәжірибелерді таныстыратын, инновациялық идеялармен алмасатын, әлем халықтарының болашаққа деген бірлігін шыңдайтын тұғырлы орын болып келеді.
ҚХР 2010 жылғы Дүниежүзілік көрме орталығы ретіндегі жетістікке мемлекеттегі соңғы жылдары жүргізілген тиімді реформалардың, осы елдегі жылдан жылға нығайып келе жатқан бүкіл әлемге ашықтық саясатының арқасында, осыған байланысты халықаралық қоғамдастықтың қолдауы мен сенімінің нәтижесінде қол жеткізді. Кеше салтанатты жағдайда “Тамаша қала – тамаша өмір” ұранымен ашылып отырған ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесі – ХХІ ғасырдағы қала өмірінің барлық қуаты мен жетістіктерін паш еткен, сондай-ақ, әлем қалаларының даму келешегін айқындайтын маңызды шара. Сарапшылардың болжамы бойынша, биылғы жылдың соңына таман Жер шарындағы адамдардың 55 пайызы қалалық тұрғындар болып есептелмек. Сондықтан қала өмірінің болашағы бүкіл планета тұрғындарын, даму деңгейіне қарамастан барлық мемлекеттерді толғандырып отырған тақырып екендігі даусыз. Ендеше, Шанхайдағы ЭКСПО-2010 көрмесі салтанат құратын 184 күн бойы барлық әлем назары Аспанасты еліне ауатындығы да рас.
Міне, сондықтан да болар ҚХР биылғы Дүниежүзілік көрмені өткізуге ерекше шығармашылық ізденіспен, барынша дайындықпен келген екен. Ақиқатында Аспанасты елі ауқымды халықаралық шараларды өткізуде алдына жан салмайтын сияқты. “Тамаша қала – тамаша өмір” ұранымен өтіп жатқан ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесі қаланы кесіп өтетін Хуанпу өзенінің қос жағалауында, Наньпу және Лупу көпірлерінің ортасында орналасыпты. Көрменің жалпы аумағы 5,28 шаршы шақырымды алып жатыр. Оның ішінде ЭКСПО-2010 көрмесінің 3,93 шаршы шақырымы Шанхай қаласының Пудун ауданында, 1,35 шаршы шақырымы Пуси ауданында қоныс тепкен. Бұл “Тамаша қала – тамаша өмір” Дүниежүзілік көрмесінде әлемнің 200 мемлекетінің және халықаралық ұйымдарының павильондары орналасқан. Көрме Аспанасты елінің көне де атақты қаласы Шанхайда үстіміздегі жылдың 1 мамыры мен 31 қазаны күндері аралығында өтетін болады.
Шанхайдағы ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесіне қатысатын Қазақстан делегациясын бастап келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті кеше Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао қабылдады. Екіжақты кездесу барысында тараптар көршілес екі елдің экономикалық және ынтымақтастық байланыстарына жоғары баға беріп, алдағы уақыттағы дамыту перспективаларын тілге тиек етті. ҚХР басшысы біздің еліміздің дағдарыстан кейінгі даму қарқынының жоғары деңгейін, Елбасының тиімді реформаларының арқасында биылғы жылдың І тоқсанда экономикалық жетістіктерге жеткендігін атап көрсетті. Одан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Шанхайдағы “Хуавэй” ғылыми-зерттеу орталығы корпорациясында болып, әлемге танылған орталықтың қызметімен танысып, басшыларымен пікір алмасты.
Осы күні кешкісін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің жетекшілігімен келген Қазақстан Республикасының делегациясы ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Төрткүл дүниенің назарын аударған көрменің ашылу салтанаты Аспанасты еліне тән отшашулармен өрнектеліп, ұлан-асыр мерекелік шараларға ұласты. Екі сағатқа созылған ашылу салтанатында Дүниежүзілік көрмеге қатысушы әлем қалаларының озық жетістіктері де бар қырынан көрініс берді.
ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінен кейін “Шанхай декларациясы” қабылданатын болады. Қытай елі осы көрменің жұмысы барысында атқарылған шаралардың дүниежүзілік көрмелер тарихында бетбұрыс кезең болатындығына ерекше үміт артады. “Шанхай декларациясы” арқылы Аспанасты елі осы көрмеге қатысушылардың барлық тәжірибесін жинақтап, әлем қалаларының даму тарихында жаһан жұртшылығына теңдесі жоқ рухани байлық қалдырмақ. Сондықтан да ҚХР “Тамаша қала – тамаша өмір” ұранымен өтіп жатқан Шанхайдағы ЭКСПО-2010 көрмесінің ашылу салтанатына да, ұйымдастырылып, өткізілуіне де айрықша мән беріп отыр. Дүниежүзілік көрменің ресми түрде жұмыс істей бастаған алғашқы күнінде-ақ өткізілген ауқымды шаралардан осыны айқын аңғаруға болады.
Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Дүниежүзілік көрмедегі Қазақстан павильонының ашылу салтанатына арналған шараларға қатысты. “Тамаша қала – тамаша өмір” ұранымен өтіп жатқан көрмедегі Қазақстан павильонының тақырыбы – “Астана – Еуразия жүрегінде”. ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінің негізгі мақсаты болашақ қаласының модельдері мен тұжырымдамалық шешімдерін ұсыну болса, “Астана – Еуразия жүрегінде” атты Қазақстан павильонының негізгі мақсаты ең жас және ғарыштық қадаммен дамыған әлемдегі елордалардың бірінен саналатын Астана қаласының тәжірибесі арқылы Тұңғыш Президентіміз, Астананың авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығымен дамып келе жатқан егемен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерін төрткүл дүниеге таныту болып отыр. Қазақстан павильонының ашылуынан кейін Үкімет басшысы еліміздің БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, Дүниежүзілік көрмедегі Қазақстан павильонының ашылу маңызына тоқталды.
Бұдан бұрын еліміз 2005 және 2008 жылдары өткен дүниежүзілік көрмелерге қатысқанда, павильондарды жалға алған болатын. Шанхайдағы ЭКСПО-2010 көрмесінде алғаш рет Қазақстан Республикасы көрмеге әкелген жетістіктерін паш ететін павильонды іргетасынан бастап өз күшімен салып шыққан. Қазақстан павильонының алып жатқан аумағы да ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ол – 1000 шаршы метр аумақты алып жатыр. Қазақстан павильонының дәл ортасында ел болашағының символы Астанадағы “Бәйтерек” монументінің жарқыраған биік макеті орналастырылған. Ол атшаптырым аумақты алып жатқан Қазақстан павильонының түпқазығы іспетті. Біздің көрмедегі павильонымыз ЭКСПО-2010 Дүниежүзілік көрмесінің беделді аймақтарының бірі “А” секторына орналасыпты. Біздің павильонның қос қанатында Оңтүстік Корея және Жапония мемлекеттерінің павильондары қоныс тепкен. Үкімет басшысы Жапония, Ресей және ҚХР-дың павильондарын аралап көрді.
Дүние жүзі қалаларының бүгінгі және болашақ дамуының жетістіктерін паш еткен ЭКСПО-2010 көрмесі барлық әлем назарын өзіне аударған. Осы бір жаһандық оқиғада Қазақстанның көрмедегі павильонының жұртшылыққа тигізген әсері ерекше болды. Дүниежүзілік көрмедегі еліміздің жетістіктері мен Қазақстан павильонының ашылу салтанаты туралы алдағы мақаламызда толығырақ баяндайтын боламыз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Шанхайдан.