Спорт • 22 Тамыз, 2021

Топтық кезеңге жақындай түсті

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еурокубок бәсекелеріне қатысып жатқан Қазақстанның екі командасы өткен аптада плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойындарын өткізді. Биылғы Еуродода ойындарын Чемпиондар лигасынан бастап, үшінші деңгейлі жарыс саналатын Конференция лигасына дейін түсіп қалған Алматының «Қайраты» аталған турнирдің топтық кезеңіне біртабан жақындай түсті. Ал қазақстандық командалар арасында күні бүгінге дейін сенсация жасап келген Қарағандының «Шахтері» үшін күзгі маусымның ауылы алыс­тап кеткен сияқты.

Топтық кезеңге жақындай түсті

Чемпиондарды жолдан тайдырған команда

«Қайрат» Конференция лигасының плей-офф кезеңінде осы жарыста тәуір ойын көрсетіп келе жатқан «Фола» командасымен кездесті. Қазақстандық команда сияқты Люксембург клубы да былтыр өз елінің чемпионы атанып, биылғы Еурокубок ойындарын Чемпиондар лигасынан бастаған болатын. Алғашқы айналымда олар өз алаңында Гибралтар елінің «Линкольн» командасымен кездесіп, бірінші ойында 2:2 есебімен тең түскен еді. Бірақ сырт алаңдағы матчта қарсыластарынан 5:0 нәтижесімен жеңіліп, Конференция лигасына түсіп қалды. Ереже бойынша, Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде жеңілген команда бірден Конференция лигасына жол тартады. Сөйтіп «Фола» су жаңа жарыстың екінші кезеңінде Беларусь чемпионы – «Шах­тер» клубына тап келді. Солигорскінің командасы да биылғы маусымды Чемпиондар лигасында бастап, алғашқы айналымнан кейін Конференция лигасына түсіп қалған. Бұл текетіресте «Фола» екі матчтың қорытындысы бойынша 3:1 (2:1, 1:0) есебімен жеңіске жетіп, үшінші кезеңге жолдама алды. Тағы бір айта кетерлігі, «Шахтер» клубын 2018-2019 жылдары Қазақстанда жұмыс істеп, елорданың «Астанасын» жаттықтырған украиналық маман Роман Григорчук баптаған еді. Осы жеңілістен кейін ол өз қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Люксембург ұжымы келесі айналымда Солтүстік Ирландия чемпионы – «Линфилдпен» кездесіп, екі ойында да 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп 600 мыңнан аса ғана халқы бар шағын мемлекеттің ұжымы Конференция лигасының плей-офф кезеңіне бір-ақ шықты. Кіл чемпиондарды жолдан тайдырған «Фола» топтық кезеңге жолдама беретін ойында Қазақ­стан чемпионына қарсылас атанды. Бірақ бұл ұжымның алғашқы ойында «Қайратқа» шамалары жетпеді.

Люксембургтегі «Жози Бартель» стадио­нын­да өткен бірінші матчта алматылықтар алаң иелерін еш қиындықсыз жеңді. Ойындағы алғашқы голды «Фола» футболшылары соқты. Кездесудің 19-минутында босниялық футболшы Мирза Мустафич мергендігімен көзге түсіп, жергілікті жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Бірақ арада 9 минут өткенде Артур Шушеначев Вагнер Лавтың пасынан кейін таразы басын теңестіріп кетті. Ал 37-минутта бұл жолы А.Шушеначев бразилиялық футболшыға нәтижелі пас шығарып берді. Өз кезегінде Вагнер Лав тамаша гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Бірінші тайм аяқталар тұста «Қайрат» ойыншылары таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді. Жуырда ғана алма­тылық команданың құрамын толықтырған пор­тугалиялық жартылай қорғаушы Рикарду Алвеш­тің 43-минутта айып алаңының сырты­нан бағыттаған соққысы қақпа торында тулады. Бұл – Алвештің «Қайрат» сапындағы алғашқы голы.

Екінші таймда да «Қайрат» ойыншылары басымдықты өз қолдарында ұстады. 69-минутта қарсылас команданың ойыншысы өз алаңында тәртіп бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді сәтті орындаған Вагнер Лав ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:1. Осылайша «Қайрат» Конференция лигасының топтық кезеңіне бір аяғымен шығып тұр десе де болады. Алдағы бейсенбі күні өтетін қарымта кездесуде алматылық ұжымға тең ойын да жеткілікті. «Қайрат» Алматыдағы Орталық стадионда деңгейі жағынан өзінен әлдеқайда төмен клубтан жеңіле қоймас.

Қайрат

 Топтық кезеңнен үміт бар

Конференция лигасының бұған дейінгі кездесулерінің бірінші ойынын сырт алаңда өткізіп, қарымта кездесулерде пенальти серия­сы бойынша қарсыластарынан басым түсіп келе жатқан Қарағандының «Шахтері» плей-офф кезеңінде «дәстүрді» бұзып, алғашқы ойынын Қазақстанда өткізді. Елордадағы «Астана Аренада» Израильдің ең мықты командаларының бірі саналатын Тель-Авивтің «Маккабиімен» кездескен жерлестеріміз қолда тұрған жеңісінен айырылып қалды. Кездесудің есебін «Шахтер» футболшылары ашқанымен, «кеншілер» командасы екі минутта екі гол өткізіп алды.

Былтырғы Еуропа лигасының топтық ке­зе­ңінде өнер көрсетіп, екінші орынмен плей-офф сатысына дейін жеткен «Маккаби» қара­ғандылық команданың осы жарыстағы ең азулы қарсыласы саналады. Бірақ биыл Израиль командаларының қарқыны былтырғыдай қатты емес екені байқалады. Мәселен, Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде Хайфаның «Маккабиін» екі ойын қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңсе, Тель-Авивтің командасы өткен ойында Қазақ­стан чемпионатында төменгі орындарда келе жатқан «Шахтерді» 2:1 нәтижесімен әрең жеңді.

«Шахтер» мен «Маккаби» арасындағы бірінші кездесуде алаң иелері гол соғылған уақытқа дейін қорғаныста өте сауатты ойын көрсетті. Негізінен қарымта шабуылға иек артқан Магомед Адиев шәкірттері кездесудің есебін бірінші болып ашты. Алаңға екінші таймда шыққан Идрис Умаев арада бір минут өткеннен соң Ескендір Қыбырайдың пасынан кейін әдемі гол соғып, командасына басымдық сыйлаған еді. Бірақ қазақстандық жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. 75-минутта қонақтар сапынан Ави Рикан мергендік танытып, таразы басын теңестірсе, 77-минутта Эден Шамир ауттан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттап, командасына жеңіс сыйлады.

Енді «Шахтер» 26 тамызда Израильдегі «Блумфилд» стадионында қарсыластарын жеңіп, Конференция лигасының топтық кезеңіне шығуды көздейді. Оған қарағандылықтардың толық мүмкіндігі бар.