Кез келген этнологиялық толымды еңбектің тарихшы, мәдениеттанушы, тіл мамандары, әлбетте, әдебиет пен фольклорлық мұраны зерттеушілер тарапынан ерекше ынта туғызатыны сондықтан. Осы ретте ащы да болса, ақиқатын ашық айтуға тура келіп тұрған бірер жайт жөнінде. Соңғы кезде еңбектерін зерделі зерттеушілер іздеп жүріп оқитын көрнекті қазақ этнограф-ғалымдары Х.Арғынбаев, М.С.Мұқанов, Е.А.Масанов, В.Ф.Шахматов, сондай-ақ этнографиялық мәселелермен тікелей айналыспаса да, іс жүзінде халқымыздың этникалық бірегейлігін әр қырынан әйгілеген С.Е.Толыбеков, С.З.Зиманов, А.Еренов, Б.С.Сүлейменов сынды және тағы да басқа қазақтануға өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалымдардың дәріпті дәстүрін жалғастырушылардың қатары сұйылып кеткендей көрінеді. Рас, қазақ этнографиясының мәселелерін әртүрлі деңгейде зерделеушілердің көңілден шығар еңбектері де баршылық. Әңгіме ұлан-ғайыр жерімізде ежелден орнығып, қазан төңкерісіне дейін жасап келген қазақ тіршілігінің табиғи-тарихи болмысы мен бітімін төлтума этникалық ерекшеліктері жағынан зерттеген еңбектердің әлі де болса жетіспей тұрғандығы жөнінде болып отыр (ең көрнекі мысал ретінде қазақтың дәстүрлі қой шаруашылығы жөнінде Әлихан Бөкейханның 1904 жылы жарық көрген көлемді мақаласынан кейін бірде-бір іргелі этнографиялық зерттеудің жасалмағандығын айтуға болады).
Айтылған қисын тұрғысынан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбайдың ғылыми жетекшілігімен «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты әрқайсысы 100 б.т.-қа жуық бес томдық ұжымдық ғылыми энциклопедияның 2011-2014 жылдары жарық көруі отандық этнология үшін ғана емес, еліміздің мәдениеті мен білім салаларында да елеулі оқиға болды. Энциклопедияның барлығы 3784 беттен тұратын осы (бірінші) нұсқасы басылып шыққан сәтте-ақ қалың көпшіліктің де, ғылыми ортаның да шынайы ризашылығын туғызып еді. Сонда да энциклопедияның алғашқы басылымын дайындау барысында үлкен тәжірибе жинақтаған авторлар ұжымы өздерінің шығармашылық жұмысының қарқынын әсте тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде еңбектің 2017 жылы методологиялық тұрғыдан да, деректік негізі мен негіздемесі жағынан да барынша өңделіп, толықтырылған екінші басылымы оқырмандардың қолына тиді. Энциклопедияның бірінші басылымындағыдай қалыппен (форматпен) жарық көрген бұл бес томдық басылым барлығы 4208 беттен тұрады. Яғни бұл басылым алғашқы нұсқамен салыстырғанда 424 бетке ұлғайды. Себебі соңғы басылымға жаңадан 147 мақала енгізілді. Ондағы 700-ге жуық мақала мүлдем қайта жазылды. Теориялық-методологиялық тұрғыдан қайта өңделген 682 мақаланың деректік негізі тың мәліметтермен толықтырылды. Сондай-ақ 527 мақала түбегейлі редакциялаудан өтті.
Қарастырылып отырған энциклопедияның екінші басылымы көлемді кіріспеден (25 бет), әрбір томға алфавиттік ретпен орналасқан барлығы 5846 мақаладан, қажетті ғылыми анықтамалық бөлімнен тұрады. Кіріспеде (авторы Нұрсан Әлімбай) энциклопедияның бағыт-бағдары, концепциясы, деректік негізі мен негіздемесі, тарихнамасы, сан
алуан мәліметтерді жинақтап, жүйелеудің және талдаудың принциптері (әдіс-тәсілдері) сияқты мәселелер бойынша тиянақты ақпарат берілген. Осы тұста еңбектегі ғылыми-анықтамалық бөлімде энциклопедияны жасақтау барысында пайдаланылған зерттеулердің және дерек ретінде қолданылған материалдың молдығы мен алуандығы бірден назар аударатындығын атап өткен жөн.
Энциклопедия тек қазақтың тарихи этнографиясын ғана зерттеуге арналған. Бұл оның энциклопедистика саласындағы этнографиялық (әлеуметтік және мәдени антропологиялық) бағыттағы туындылардан түбегейлі айырмашылығы болып табылады (осы құралыптас энциклопедиялық еңбектердің күллісі тарихи-этнографиялық тақырыптармен қатар, қазіргі кезеңдегі этникалық мәселелерді де қамтитындығын қаперге саламыз). Мұндай «салалық» ұстаным авторларға қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың тіршілік құру жүйесін категориялық-ұғымдық (проблемалық-тақырыптық) принцип бойынша барынша мол қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жерде категориялық-ұғымдық принцип зерттеудің әдіс-тәсілі ретінде әншейін айтылып отырған жоқ. Энциклопедияда қажетті деректер корпусы ғылымда модустар, универсалийлер немесе когнитивтік түзілістер деп аталатын этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар арқылы жүйеленіп, талданылады (бұл да қарастырылып отырған еңбектің тағы бір методологиялық ерекшелігі болып табылады). Алайда бұлардың осы тұста – «таза» ғылыми когнитивтік түзілістер емес, тек дәстүрлі қазақы ортада ғана күнделікті қолданыста болған іс-тәжірибелік, практикалық маңызы айрықша категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі екендігін ерекше екшеп айтқан ләзім.
Расында да, энциклопедияның кіріспесінде (автор Нұрсан Әлімбай) атап айтылғандай, көшпелілер ата-бабаларынан беріліп отыратын осы когнитивтік түзілістер арқылы әртүрлі әлеуметтік және табиғи құбылыстарды зерделейді. Осылар арқылы өздерінің сан-салалы, сан деңгейлі шаруашылық-мәдени харекеттерін жоспарлап, жүзеге асырады әрі үнемі толықтырып отырады. Сол себепті аталған когнитивтік түзілістерді, кіріспенің авторы айтқандай, көшпелі тіршілік кешкен қазақ этносының сан ғасырлық іс-тәжірибесі, білімі түзілген интеллектуалдық «резервуар-қоймасы» десе де болады. Көшпелі ортада осы «резервуар-қойманың» әрбір жаңа ұрпақ үшін ата-бабаларының іс-тәжірибесін терең игерудің сарқылмас бастау-көзі болғандығы сондықтан (15-б.).
Айтылған жайтқа байланысты аталған категориялар, ұғымдар мен атаулар әртүрлі тарихи-этнографиялық мәселелерді проблемалық-тақырыптық принцип бойынша жүйелеп, зерттеудің де мейлінше тиімді әдіс-тәсілдері де болып шықты. Ғылымда когнитивтік тәсіл деп аталатын осы ұстанымға сәйкес, еңбекке қажетті сан алуан тарихи-этнографиялық мәселелерді «түгендеп», жүйелеу, сондай-ақ әртүрлі себептермен ғалымдардың назарынан тыс қалып келген әртүрлі аспектілерді іздестіру және жинақтау алдын ала жасалған аталған категориялық-ұғымдық (терминологиялық) реестр бойынша жүргізілді. Осы ретте бұған дейін ғылымда беймәлім болып келген әртүрлі этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар ұзақ жылдар бойы ел арасынан авторлардың өздері жинаған мәліметтері негізінде қалпына келтірілгендігін ерекше атап өткен жөн. Сонымен бірге белгісіз және қолданыстан шығып қалған көптеген когнитивтік түзіліс-бірліктер сан алуан архивтік, баспасөз, тарихнамалық, фольклорлық, сондай-ақ қазан төңкерісіне дейінгі Ресей зерттеушілерінің еңбектеріндегі ақпараттардан тірнектеп «теріліп», жинақталды. Сөйтіп, тіпті «Қазақ тілінің әдеби сөздігі» (Алматы: Арыс, 2006-2013) атты он бес томдық әйгілі еңбекке кірмеген 4000-нан астам этнографиялық мәнді когнитивтік түзіліс-бірліктер ғылыми айналысқа тұңғыш рет енгізіліп отыр. Яғни бұрын отандық этнологияда мүлдем қаузалмаған осыншама мәселелер ғылыми энциклопедиялық форматта зерттелінді. Осылайша когнитивтік тәсілмен «инвентаризацияланған» дәстүрлі қазақы ортаның күнделікті қолданысындағы этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар энциклопедиядағы барлық мақалалардың тиісті атауларына айналды. Бұл ұрымтал методологиялық шешімнің қабылдануын оның авторы Нұрсан Әлімбайдың дәйекті пікірінше, авторлар басшылыққа алған когнитивтік ұстаным-концепцияның қисынымен түсіндіруге болады.
Осылайша қыруар тарихи-этнографиялық мәселелердің «бар-жоғын» олардың әрқайсысының байырғы төл атауы арқылы «қуалап» іздестіру, түгендеу, жинақтау, жүйелеу және зерделеу тәсілі өзінің ерекше тиімділігін айғақтады. Бұл тәсіл, ең алдымен, авторларға жоғарыда аталған мәселелердің қатарын барынша ұлғайтып, мол қамтуға мүмкіндік берді. Осы айтылғанның бірер көрнекі мысалы ретінде энциклопедияның 3-томындағы көлемді де мазмұнды «Кілем» атты мақаланы келтіруге болады (авторлары Нұрсан Әлімбай, Рүстем Шойбеков). Осы бұйымның композициясына, эстетикасына, түрлеріне, аймақтық ерекшеліктеріне және оны дайындауға қажетті шикізаттарға, құрал-жабдықтарға, технологияға, қолданысына, тіршілікқамы функциясына байланысты атауларды «қуалап», іздестіріп, жинақтағанда олардың ұзын саны 100-ге жуықтайды екен! Осы ретте мұндай тәсілдің еңбектегі мақалалардың басым көпшілігінде қолданылғандығын айрықша атап өткен жөн. Энциклопедияның тақырыптық-проблемалық диапазоны өзінің айрықша ауқымдылығымен ерекшеленетіндігі сондықтан. Еңбекте барлығы 5 846 мақалада әртүрлі этнографиялық тақырыптардың ғана емес, солардың біразының ішіндегі маңызды аспектілердің де дәстүрлі атаулары болып табылатын ұзын саны 10 000-нан астам этнографиялық когнитивтік түзілістер қамтылды. Яғни осыншама этнографиялық маңызды мәселелер зерттеп-зерделеніп отыр.
Энциклопедиядағы қаузалған мәселелердің молдығы соншалықты, оларды атап шығудың өзі 200-ге жуық бетті алады екен! Жоғарыда айтылған когнитивтік түзілістер арқылы зерттелген көп мәселелердің ең негізгілерін ғана атап өтелік: қазақтың дәстүрлі тіршілігінің табиғи ортасы, оның шөп және су ресурстарын ұқсатып игерудің көшпелі ортада ежелден орныққан іс-тәжірибесі, байырғы экологиялық мәдениет, халықтық білімдер жүйесі, дәстүрлі космогониялық, этногониялық, астрономиялық, географиялық және т.б. түсініктер, шаруашылық-мәдени харекет, оның бағыттары, кәсіпшілік түрлері, тіршілікқамы мәдениеті, көшпелі социумның әлеуметтік құрамы мен құрылымы һәм басқару жүйесінің институттары, институционалдық, соның ішінде, әдеттік құқық қатынастар жүйесі және оның механизмдері, жүз, тайпа, ру, бірата, отбасы сынды құрылымдар, туыстық жүйе және туыстық қатынастар, тіршілік цикліне байланысты ғұрыптық-салттық іс-әрекеттер сынды және басқа да толып жатқан тақырыптар қарастырылып отырған еңбектің мазмұнын құрайды.
Күні бүгінге дейін аталған энциклопедияның теориялық жағынан сапалы екендігін, оның деректік негізі мен негіздемесінің дәйектілігін ерекше атап өткен әртүрлі ғылыми басылымдарда және баспасөз бетінде жарияланған белгілі ғалымдардың рецензияларының саны 20-ға жуықтапты. Осы ретте, әсіресе, Scopus және Web of Science базасына кіретін «Milli Folklor» (2015 Yil 27. Sayi 105. S. 155-158) мен Cumhuriyet Tarihi Arastirmalari Dergisi (2019. Sayi 30. S. 417-423) атты Түркияның беделді ғылыми басылымдарында түрік ғалымдарының энциклопедияны жоғары бағалағандықтары назар аударады.
Қазақтың тарихи этнографиясының шын мәніндегі дәріпті ғылыми шежіресі іспеттес осынау іргелі еңбек Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық деп есептеймін.
Сейіт Қасқабасов,
ҰҒА академигі