Өнер • 23 Тамыз, 2021

Мұстафа

482 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Халыққа белгілі ғажайып ән «Бүркітбайды» білеміз де, ал оның иесі кім екенінен мүлде хабарымыз жоқ. Арқада классикалық әндердің туын тіккен Баянаулада бұл әнді әншінің әншісі дерлік үздік өнерпаздар шырқаған. Қазақ радиосының алтын қорында «Бүркітбай» атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің орындауында сақталған. Бұл әншінің замандастары, кейбір шәкірттерінің репертуарында «Бүркітбай» әні жоқ. Орындалу мәнері өте күрделі кесек бітімді әнді игере алмаған болулары керек.

Мұстафа

Ел арасында да тамаша әншілер бар, құдайға шүкір, сол шіркіндердің де бұл әнге жүрегі дауаламаған. Бір ғажабы-Алматыда игі жақсылардың – Қалибек Қуа­нышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Ришат және Мүслім Абдуллиндер және басқа да өнер ие­ле­рі­нің арасында «Бүркітбайды» академик Қаныш Сәтбаевтың орындауы таң-тамаша қалдыратыны аңыз-әңгіме болып шертіледі. Осы жолдардың авторы Жүсіпбек Елебековтен бұл жөнінде сұрағанда: «Бүркітбай» әні біздің кезімізде көріне-көзге ұмытылып бара жатқандай болып көрінді маған. «Мен әншімін» дейтін есті өнерпаз бұл әннің табиғатына тенор дауыс емес, күндей күркіреген қуатты дауыс керектігін сезеді, әрине. Сондықтан «Бүркітбайдай» сүйегі ірі әнге талап қылудан қорқады, қаймығады. Ал Қанышекең «Бүркітбайды» бала кезінен өз еліндегі әншілерден тыңдап өскен жан, бұл әнге ешбір әнді теңестірмейтінін де білем. Әнге деген әуел бастағы ынтасы қоя ма, оны өз көңіл күйінің бір дауасы ретінде айтумен келеді. Талай рет тыңдадым, Қанышекеңнің зор тұлғасына, кең көкірегіне лайықты ән кең тыныспен күркіреп шыққанда біз келтіре алмаған кейбір иірімдері еріксіз бас шайқатып, қызықтыратыны бар. Оған тәнті болған жандардың жылы лебіздерінің аңызға айналатыны содан да шығар, тегінде», деді.

«Бүркітбайдай» ән шығарған Мұс­та­фа­ның есімі ешбір музыка маманының зерттеулерінде жоқ. Оны тек академик Әлкей Марғұлан Шоқан Уалихановтың өмірбаянын жазғанда ұлы ғалымның ұстазы Н.Ф.Костылецкий қазақтың бай әдебиетіне, оның ішінде фольклорына, музыкасына ерекше біліктілікпен, ыждағаттылықпен қарайтынын дәйекті түрде келтіреді. Костылецкий өз шәкірт­терін зерттеу ісіне баулығанда, әлбетте, солардың бірі Шоқанға өте тағылымды кеңестер беріп отырған, Шоқан өз ұс­та­зының осы ақылымен өз еліне және нағашы жұрты болып келетін Мұса Шор­ма­нов аға сұлтан болып отырған Баянаула жағына жиі-жиі хат жазып, әдеби, музыка мұраларын жинайтын білікті, ел тарихына зерделі тиянақты жандармен тұрақты түрде байланыс жасаған. Әлкей Марғұлан Шоқанның өмірбаянының бір тұсында: «Судя по архивным материалам, Н.Ф.Костылецкий снабжал своих воспитаников инструкцией по собиранию қазахского фольклора и описанию казахских народных игр. Сохранились многочисленные письма и записи казахского фольклора, адрессованные на имя Н.Ф.Костылецкого. Эти записи, кроме Чокана Валиханова, ему посылали Халиулла Ускембаев, брат Абая, известный мелодист Мустафа Буркутбаев (из Баян-Аула), Садвакас Анаев (из Кокчетавского округа), Ханходжин (из Аягуза) и.т.д.» деп сол кездерде ел-елдегі сауатты жан­дар­дың кімдер екенін дәйектілікпен жазып келтіреді. «Бүркітбай» әнінің иесі Мұстафаның кім екенін осы зерттеуден ғана біліп отырмыз.

Мұстафа... «Бүркітбай» әнінде:

Бүркітбай – әкем аты, ағам – Омар,

Ауылым айдын шалқар көлге қонар.

Құдайға бүгін алса ризамын,

Қыздары Жанқозының маған құмар, – дейтін шумақ бар. Мұстафа жайлы ойлай-ойлай жүріп, баянауылдық Кәукен Кенжетаевпен әңгімем қисындасып, үйлесе кетті. Менің көңіл дітімді түсінген сері көңілді Кәукен аға: «Менде әкем жазып жүретін бір дәптер бар, оны біздің Шәкен ағамыз әжуалап «Кенжетайдың кітабы» дейтіні бар. Мен саған сол дәптерді берем, тек жоғалтып алма, өзіме қай­тарасың ғой», деді.

Содан көп ұзаған жоқ, Кенжетай ақса­қал­дың дәптері қолыма тиді. Дәптерде жиырма үш шумақтай өлең жазылған.Енді сол өлеңді сөйлетіп көрейік:

Сүйіндік атам менің жұрт билеген,

Азулы дұшпанына жол бермеген.

Хан болып халқын билеп тұрғанында,

Халқынан ешбір шашау жібермеген.

Онан соң ел билеген ол-Құлболды,

Тағы да бас қылыпты Айдаболды.

Берген құдай бабамның бақытына,

Билеген шашау етпей тәмам елді.

 

Онан соң ел билеген Ер Төлебай,

Туар ма, енді адамзат болып сондай.

Халықты Абылаймен бірдей көріп,

Ат қойған ел бар ма, деп Жанғозыдай.

 

 Бес бала Төлебайға берген құдай,

Едіге, Жолан, Еламан, Малгелді бай.

Бірі – би, бірі – батыр, біреуі – бай,

Аты шыққан алты Алашқа

болып солай.

 

Онан соң ел билеген Шоң мен Шорман,

Бақыты келе жатқан ескі қордан.

Абылай аспас Сарыарқа даласында,

Орта жүз баласына болды қорған.

 

Мирас болып билігі қалған Шоңға,

Торыайғыр төрт аяғы бірдей жорға.

Әділдік қара қылды қақ айырған,

Ұрпағы өсе берген болып сонда.

 

Мұстафа – өзім атым,

атам – Жолан,

Адамдық сайып келед, міне, содан.

Қонағын Қара бидің күткені үшін,

Жоланға «мырза Жолан» атақ қонған.

 

Бүркітбай – әкем аты,

Мұстафа – атым,

Сүйіндік нәсілінен арғы затым.

Естіген, тыңдаған жан ғайып қылма,

Шығарған осылай ғып мінәжатым.

 

Бүркітбай – әкем аты, ағам – Омар,

Ауылым айдын шалқар көлге қонар.

Құдайға бүгін алса ризамын,

Қыздары Жанқозының маған құмар.

Мұстафа өзінің кім екендігін, арғы ата-бабасы, зәузатын осылайша тол­ғай­ды. Кәукеннің айтуына қарағанда, бұл кең көлемді ұзақ өлең екен. Кейбір шумақтары келе-келе ұмытылған. Бұл – Мұстафаның өмірбаяндық өлеңі, зер­делі көңілмен ыждағаттап шежіресін шығарғанда, арғы атасы Орта жүз, оның ішінде Арғын. Арғынның Сүйіндігі. Сүйіндіктің Құлболдысы... Айдаболы. Айдаболда Ер Төлебай ұрпағынан. Ер Төлебайдан Едіге, Жолан, Еламан, Малкелді. Мұстафаның өз атасы – Жолан. Ал әкесі Бүркітбай осы дәп­тер­де болыс болған деп жазылыпты. Сол кездерде ел ішінде бақастық, бақталастық өршіп, Хұсайын Боштаев дейтін мансапқор шығып, Бүркітбай болыстың тілмашына у беріп өлтіреді. Сүттей ұйып отырған ел бүлініп, партия болып екі айырылады. Төрт ауылынай болып отырған жұрт көршілес Шақшан болысына бөлініп кетеді. Солай бөлінген ел Ажыбай-Жанқозы деп атанады. Осыған күйінген Мұстафа ел ішіндегі осы лаңды өлең ғып шығарады:

Бір залым Хұсайындай пайда болды,

Азғырып арабшыдай тәмам елді.

Кесапат залымдығы асып кетіп,

Жай жатқан елімізге салды қолды.

 

Хұсайын салды талас болыстыққа,

Мал беріп, жағымтал боп бар ұлыққа.

Бозғышын Жанқозының ертіп алып,

Әлек сап тыныштық бермей

тәмам жұртқа.

 

Нышан жоқ бетте қаннан,

бір сұр жылан,

Әрекет салды елге құдай ұрған.

Садақа бастан құлақ, дегендейін,

Бауыр ел Ажыбайға кетіп қалған.

 

Хұсайын жарым елге болыс болған,

Еламан түгелімен мұнда қалған.

Айырып бастан жақты елді бұзып,

Жеттің бе, мұратыңа құдай ұрған.

 

Бір досы Хұсайынның аты – Поляк,

Көп поляк мұсылманға салған әлек.

Көзі көк, мұрыны біздей бір антұрған,

Ішіп-жеп момындарды қанын жалап.

 

Бір бұзғыш шыға келді аты – Құсбек,

Ат қойды халық оған алақұс деп.

Әзәзіл шайтандайын елді бұзып,

Азғырып, өсек айтып жүргені тек.

 

Хұсайын залымдығы әбден асты,

Ажыбай – Жанғозы боп араласты.

Бала – атадан,бай

айырылып қатынынан,

Бұзылып ел шуласып зар жыласты...

Мұстафаның жанын жеп, жүрегін күйдірген ел ішіндегі келеңсіз оқиға оның жай ғана әнші, ақын емес, айтарын әділет сөзі етіп, батыл айтуы азаматтық намысы зор қайраткерлік болмысына сәуле түсіреді. Оның жүрегін жарып шыққан жыры кезінде ел-жұртқа кең тарапты.

Кәукен кезекті бір жүздесу кезін­де осы өлең жазылған дәптердегі біраз шумақтардың өзгергенін көріп, кей жерін түсіне алмай, шарасыз күйге түсті. Солай әбіржіп: «Ел ішінде жүрсек бұл хикаяның бәрін зерделі жандардың аузынан естіп, болған жайға көз жеткізіп, біліп алар едік, амал не, біз Алматыда тұрып жатырмыз. Елмен байланысымыз сиреп барады және ел әңгімесіне зерек жандар азайды да. Ал Мұстафаның «Бүркітбай» әнінен басқа да әндері болғандығын әкем байғұс осы дәптерге жазып қалдырыпты», деді.

Дәптердегі ұзақ жыр – хикая болып шертілген өлеңнің ішінен шығады екен «Бүркітбай» әні. Кең тынысты ән сол кезде:

Бүркітбай – әкем аты, ағам – Омар,

Ауылым айдын-шалқар көлге қонар.

Құдайдың маған берген абыройы

Қыздары Жанқозының маған құмар.

 

Сұрасаң біздің Ақбет қасын керген,

Шаштарын он күн тарап,

бес күн өрген.

Иіс май, әдеколон бірдей жағып,

Айнасы жүз теңгелік жүзін көрген.

 

Бүркітбай – әкем аты,

Мұстафа – атым,

Айтайын оның баян хикаясын.

Ішінде Жанқозының мен – Төлебай,

Сүйіндік – сұрасаңыз арғы затым,

– деп шырқалып, Мұстафаның серілік, әншілік өнерін дүйім елге паш етіпті. Оны даусы зор Қали Байжанов сияқты сирек бітімді, алапат сезімді, ойлы әншілер біздің заманымызға саф алтындай жарқыратып жеткізген.

Мұстафа Ақбет есімді апасын, оның сіңлісі Жүнжібасты әлпештеген екінші бір әнін:

Ақбет қыз Жанқозыда қыздың басы,

Бүркітбай өлең айтар Мұстафасы.

Тағылған өнебойы інжу-маржан,

Артынан ержетеді Жүнжібасы.

 

Он беске Жүнжібастың

келген жасы,

Еркөңіл ел билеген бар апасы.

Қосылып апа-сіңлі ән салғанда,

Баянның шаттанады тау мен тасы, – деп шалқыта шырқапты.

Мұстафа өзінің тектілігін бек түсі­ніп, өмірде еркін өсіп, әннің қызулы қуа­тымен ешкімге есе жіберіп дес бер­мепті. Айбатты, айбынды мінезімен топты жара сөз сөйлепті. Жоқ-жітік ке­дей жандарға мейірімді болып, оларға қолұшын беріп, кем-кетігін түзеп, ба­ла-шағаларына қамқор болыпты. Баянаулада Қылмойынтас деген жер бар, міне, осы маңда ертеңнен қара кешке дейін ерні кезеріп, нәр сызбай қой соңында жүрген байғұсты аяп:

Дегенде қызылды қой, қызылды қой,

Байеке ас берісің бұзылды ғой.

Таңертең бір шайменен кетіп едім,

Жүрегім қарным ашып үзілді ғой.

 

Түбінде Қылмойынтас қойым

жатыр,

Баласы Сәрсекейдің мен бір пақыр.

Барады қарным ашып, ішім тартып,

Құдай-ау мына күніңді

шапшаң батыр,

– деп сай-сүйегіңді сырқыратады.

Мұстафа Бүркітбайұлы Баянаулада Шама Нұрұлы, Жарылғапберді, Жаяу Мұса секілді ірі ән саңлақтарының ортасында ғұмыр кешіп, олармен пікірлес болып, қазақ ғылымының шолпандай жарқыраған жұлдызы Шоқанның ықы­ла­сына бөленіп, бізге жеткен жалғыз әні «Бүркітбайдың» өзімен-ақ ха­лық композиторларының құрметті қатарынан орын алып, есімі ел жүрегінен өшпеген асқақ үнді үлкен талант. Бүгінде кешегі жойқын әнші Қали Байжановтың құді­рет­ті үнін жоқтатпай, Қайрат Бай­бо­сынов «Бүркітбайдай» классикалық әннің екінші тынысын ашып, бүкіл әлем кө­гінде күркірете шырқап, халықтың ән­шілік өнерінің қандай деңгейде екенін көрсетумен келеді.

 

 * * *

...1999 жыл, 17 наурыз.

Кәукен Кенжетаев екеуіміз опера театрында отырмыз. Жүзі ойлы. Бірден сөз бастай алмай, іштей өз ойын өзі қоштағандай болып, бас изеп күлімсіреді де: -«Бүркітбай» әні Қайрат Байбосыновтың репертуарына қалай іліккен?» деді.

Мен де ойлана қалып: «Бұл – 1971 жылдың күзі. Мен, өзіңіз білесіз, қазақ радиосы музыка редакциясында бас редактор Мансұр Сағатовтың орынбасары едім. Бір күні жұмыс кезі, қолында домбырасы бар, тұйғындай жұтынған әп-әдемі Қайрат Байбосынов келіп тұр. Ол осыдан біраз уақыт бұрын менің «Жайлаукөл кештері», «Арқаның аруы» деп аталатын әндерімді үйреніп алып еді. Сол екі әнді радиоға жаздырмақшы. Қайраттың қандай әнші екенін әлі ешкім біле бермейді. Өзі эстрада студия­сында Жүсіпбек Елебековтің шәкірті. Қайратты ең алдымен Мансұр Сағатовқа тыңдаттым. Қайрат менің әндерімді айтқысы келіп, домбырасын бірден құйқылжыта жөнелгенде мен оған: «Ақылбайдың әнін», «Бүркітбайды», «Жиырма бесті» деп қалдым. Қайрат қымсына бас изеп, «Бүркітбайды» кең тыныспен күркіретті. Ол «Жиырма беске» жалғасты. «Ақылбайдың әнін» орындалды. Мансұр тамаша композитор, мейлінше талғампаз адал жан, Қайраттың үніне таң-тамаша болып: «Бұл Қайрат Байбосынов бүгіннен бас­тап өзіңдікі... Студияда қандай ән жазғысы келеді, басы-қасында тек қана өзің бо­ла­сың. Жаңағы «Бүркітбай» сияқты әндер бізде неге жоқ? Осындай әндері үшін Байбосыновқа «зеленная улица» беріп, еш кідіріссіз жазу керек!» деді.

Біз Қайратты эфирге осылайша шы­ғар­дық. Жоғарыда келтірілген үш ән Қайраттың орындауында жаңа шыққан әндей болып, ел жүрегіне әбден орнықты ғой, Кәуке... осы әндермен Қайраттың да әншілік бағы ашылды».

Кәукен осы сөздерді мейірлене тың­дап: «Бүркітбайды» тек Қайрат Бай­бо­сыновтай әншілер ғана айтсын! Ән де ті­рілді, оның иесі Мұстафа да тірілді», деп ақ тісін жарқырата күліп, арқамнан қақты.

 

Ілия Жақанов