Қоғам • 23 Тамыз, 2021

Қазақша үйреніп жүрген АҚШ-тың жаңа бас консулы Алматыға келді

484 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж ханым Алматыға келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақша үйреніп жүрген АҚШ-тың жаңа бас консулы Алматыға келді

Бұл туралы Алматыдағы АҚШ бас консулдығы мәлімдеді.

Шетелде қызмет еткен жылдары бас консул Сэвидж Әзербайжан мен Мозамбиктегі АҚШ елшіліктерінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші, АҚШ-тың Беларусьтегі елшілігінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші және консул, ал Люксембургтегі АҚШ елшілігінде Саяси және виза мәселелері жөніндегі қызметкер болған.

Бас консул Сэвидждің консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл облыстары кіреді.

«Бас консул қызметіне кірісу мен үшін ерекше уақыт болып тұр. Себебі биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр, әрі АҚШ пен Қазақстан дипломатиялық қатынасының да отыз жылдығын атап өтудеміз. Әлі де қарқыны басылмаған пандемия ерекше назарда және екі елдің COVID-19 індетіне қарсы бірлескен күресі АҚШ Миссиясының басымдылығы болып қала береді», деді бас консул Сэвидж.

Бас консул Сэвидж - қазақ тілін Қазақстанға келер алдында оқып-үйренген алғашқы АҚШ-тың Бас консулы.

«Осы қызметіме дайындалу кезінде қазақ тілін аса қызығушылықпен оқыдым. Қазақ тілін Қазақстан халқымен байланысымызды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін қолдануға асықпын», деп атап өтті бас консул Сэвидж.

Бас консул Сэвидж АҚШ Мемлекеттік департаменттегі қызметін 2004 жылы бастаған. АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы болып тағайындалғанға дейін ол Вашингтонда орналасқан Жаһандық қоғаммен байланыс бюросының Шетелдік БАҚ өкілдері орталығын басқарған.

Вашингтонда қызмет еткен жылдары Сэвидж ханым Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бөлімінің басшысы және Ресей бөлімінде Саяси, әскери және сыртқы істер кеңесшісі, сондай-ақ Джорджтаун Университеті Дипломатияны зерттеу институтының Вирджиния және Дин Раск атындағы стипендия иегері және зерттеуші болды.