Полиция департаменті қырық жастағы ер адамның қайтыс болғаны туралы хабарлама 21 тамызда таңғы 9-да түскенін айтты.
«Ер адам Құрманғазы көшесіндегі үйдің тоғызыншы қабатынан бірінші қабаттың күнқағарына құлап кеткен. Ол жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. Орын алған оқиға жазатайым оқиға ретінде тіркелді», деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
БҚО-ның ебек инспекциясы жөніндегі басқармасында аталған факті бойынша тергеу басталды. Мұнда жөндеудің бас мердігері «Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» ЖШС екені анықталды. Бұл компания Оралдағы «ТКШ жаңғырту» бағдарламасының операторы болып табылады. Серіктестік мердігер ұйым ретінде «Жайық Сити» ЖШС жалдады. Олар өз кезегінде, «Максот» ЖК қосалқы мердігер ұйымымен шарт жасасқан.
Инспекторлар бұл ұйымдардың жұмысында бұзушылықтар анықталғанын айтты. Олардың айтуынша, құрылыс ұйымдарында ішкі бақылау жоқ, адамдар еңбек шарттарын жасамай жұмыс істейді, оларға жеке қорғаныс құралдары берілмейді және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілмейді.
«Максот» ЖК иесі өзінің туысын жұмысқа шақырды. Ол кірпіш зауытында жұмыс істеді және ауруханада болды. Ер адам қауіпсіздік техникасын бұзу салдарынан қаза тапқан болуы мүмкін», деді БҚО еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазбек Жұмагереев.
Жыл басынан бері БҚО-да 54 жазатайым оқиға тіркелді, оның 36-сы өндіріспен байланысты. Жұмыс орнында бес адам қаза тапты.