Қоғам • 24 Тамыз, 2021

«Хат қоржын» оқырман

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» оқырман

...үлгі алуға үндейді

Бет түзейтін ағаларымыз көп болсын

Мұхамедқали Қабылбекұлы Қазамбаев 1956 жылы 1 желтоқсанда Павлодар облы­сының Ертіс ауданына қарасты Кутузов кең­шарында дүниеге келді. 1974 жылы орта мек­тепті тәмамдаған соң, Саратов қала­сын­дағы авиациялық училищеге оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін қызметін Орта Азия әскери округінің Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы 73-ші әскери полкінде жалғастырады.

1979-1981 жылдары Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында қызмет атқарды. 1980 жылы осы елдегі әскери қимылдарда көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, ал 2006 жылы жеке құ­рамды шебер оқып-үйреткені үшін «Айбын» орденімен марапатталды.

2007 жылы Әуе қорғанысы күштерінің бас штаб бастығы болып тағайындалды. 2009 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, кейін запастағы полков­ник ретінде зейнеткерлікке шығып, Әскери стра­тегиялық зерттеулер акционерлік орта­лығында жұмысын жалғастырды. Ал 2015 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетіне қызметке шақырылды. Мұхамедқали Қабыл­бекұлының басшылығымен осы жоғары оқу орнында қыруар жұмыс атқарылды.

Зайыбы Гүлнар Әбетайқызымен бақытты ғүмыр кешіп, екі бала тәрбиелеп өсірді. Немерелерінің қызығын көріп отыр.

Өткенсіз болашақ жоқ демекші, бұл шағын жазбаны тарихтан сыр ақтарып, өскелең ұрпаққа тәрбие мен үлгі болсын деген ізгі оймен жазып отырмын.

Асылбек АМАНДЫҚҰЛЫ

ТАРАЗ

...өкінішін жеткізеді

«Жазықсыз жапа шеккендерге» жанашыр қажет

Күнпарақты ақтарып отырсам, осыдан тура он жыл бұрын «Egemen Qazaqstan»-ға «Сөзі шын, сықағы тың» атты мақала жа­зып­пын. Аға газеттің шекпенінен шыққан қа­ламгер сол жылы 60-тың асқа­рынан асқан еді. Оған ағын судай зулап өткен тағы он жылды қосайық. Қазыхан да бұл күнде­рі 70-тің желкесіне мініпті-ау. «Соңыңнан ергендерге қарап, қартайғаныңды білесің» деген ғой.

Уақыт шіркінде байлам бар ма. Осыдан 30-40 жыл бұрын Қазыхан екеуміз «Жазықсыз жапа шеккендер» деген атпен нақақтан сот­талған 22 400 адам туралы кітап басып шы­ғаруға демеуші іздегенбіз. АЛЖИР орта­лығына дейін бардық. Ол сол еңбекті сарымайдай сақтап келеді. Ал «Солақай саясат» деген атпен шыққан 28 том – сол еңбектің жемісі.

Жасы 70-ке келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 70 кітаптың авторы Қазы­хан Әшкені Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығында қандай «сыбаға» күтіп тұр екен? Кітапты қа­лың оқырманға тарату үшін қол­ұшын созатын жомарт жан табылар ма?! Өйткені бұл кітапты оқыған да, оқымаған да арманда.

Қ.Әшкедей сегіз қырлы, бір сырлы аза­маттың ұлтжандылығы мен еңбекқорлығын, бала-шағасының аузынан жырып Алашты тірілткенін жоғары бағалау керек-ақ. Бұған ел ағалары не дер екен? Сіз не дейсіз?

Табыл ҚҰЛИЯС,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик-жазушы

НҰР-СҰЛТАН

...ойын ортаға салады

Жаратқаннан күдер үзбейік, ағайын!

Бүгінде адамзат ауыр күндерді басынан ке­шіп жатыр. Алты құрлықты ауыздықтаған ауыр кесел алапат күшін көрсетіп тұр. Мұны әркім әр­түрлі болжап, сан-саққа жорығысы келеді.

Бірақ бір нәрсе сананы мазалап қояр емес. Адамзат соңғы уақыттарда (шамасы, ширек ғасырдан астам көлемде болар) адамдықтан – өзінің кім екенін, бұ дүниеге не мақсатпен келгенін танудан алыстап кеткен жоқ па деген сұрақ көмейде іркіле беретіні бар. Әлемді әлекке салған бұл індет адамзаттың өз қолымен жасаған «игі де ізгі ғылымының» «нәтижесі» дейтіндер де табылып қалар, бәлкім.

Мұның зардабын тап басып дәл қазір ешкім де айтып бере алмас. Бұған Жаратқанның адамзатқа жіберген тағы бір сындарлы сы­нағы деп қараған жөн болар. Дамудың биік шы­ңындамыз деген Батыс елдері де індеттің алдында әзірге дәрменсіздік танытып отыр. Егер шын мықты болса, мұның бір емін таппас па? Озық медицинаның жетістіктері мен мүмкіндіктері қайда қалды сонда? Сұрақ көп, нақты жауап жоқ.

Қалай десек те, бұл – адамзаттың ортақ қайғы-қасіреті. Адами құндылықтарды әлсі­ретіп, тіпті жоғалтып алған адамзат баласына Құдайдың ұлы ескертуі болуы да ықтимал. Сондықтан адамзат алдағы күндерде бір сәт ойланып, дүние байлықпен емес, керісінше, бір-бірімен бірге болмақпен өлшенетініне ден қойса ғана бұл індеттің бетін қайтарар. Жаратқаннан күдер үзбеу – адамдық борышымыз емес пе?!

Арман НӘДІРБАЕВ,

Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия мұғалімі

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы

 

Соңғы жаңалықтар