Әдебиет • 24 Тамыз, 2021

М.Мақатаевтың Отан туралы толғаныстары

3925 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Еліне еміренген, елдіктен еңселенген нар тұлғалы ақынның халықшылдығы әр өлең жолынан ұшырасады. Сырласы да, мұңдасы да – ел-жұрты. Соған иық сүйейді, соған сүйенеді, соны сүйеді, еліне бас иеді.

М.Мақатаевтың Отан туралы толғаныстары

Ел, халық туралы өлеңдер бір сарынды емес. Бір-біріне жалғасқан, сабақ­тас­қан салмақты ойлардың, жүрек­жар­ды сү­йіс­пеншілік сезімінің үйлесімді үн­де­суі.

Қайтер дейсің қара бастың толғағы,

Өтер-кетер, шаруа ғой қолдағы.

Абдырасақ арқа тірер айбының,

Асқар тауың күрсінбесе болғаны.

Көлеңкелі күндерде халқына мұң-сырын жаюға құштар ақын әлдекімдер сияқты қара бастың қамына алданып қалмайды. Арқа тірер айбыны, асқар тауы туған еліне арқа сүйейді. Ол күрсінбесе, қайғыланбаса екен деп тілейді.

Көп ойланып, аз күрсінген халқыма,

Қараймын да, қайраттанам, шыдаймын.

Халқын терең сүйген азаматы оның қасіретін де көре біледі. Халқын көп ойлауы да – ертеңгі елдігін, еркіндігін, ынтымақ, бірлігін болжап тұрғандай.

«Аз күрсіну» деген поэтикалық ұғым­ның астарында халық төзімділігі, шы­дам­дылығы, қиындық кездессе де, күйзеліп, кү­ңіренбей, қайсарланып, қайраттанып, алдағы күннің жақсылығына ұмтылған өміршең, үміткер болмысы байқалады. «Көп ойлану» ұғымының тереңінде ха­лық­тың арманшылдығы да тұнып қалған.

(Ерікті елміз, бүлінбеген қорғаны,

Бәрімізге белгілі ғой ол жағы.)

Қайтер дейсің қара бастың толғағы,

Тек жұртымыз күрсінбесе болғаны.

Осы өлеңнің екі жолының жақшаға алын­уы да бекер емес. Ерікті елдің билігі де, байлығы да басқаның қолында еке­нін ас­тарлап меңзейді. Бодандық бұ­ға­уы де­генді іштен тынып, үнсіз астар­лаған. Ақын жұртының қайғы-мұң кеш­­­пей, қатардан қалмай, өмір сүруіне ті­лек­тес. Ақын – ел азаматы, ел жүрегі, ел ті­ре­гі. Ұлы дарындар әр кез өзін осылай се­зін­ген. Елі­нің күрескері, ары мен ай­бары, ме­рейі мен мақтанышы.

Туың қайда, туған елім?

Табынайын, ардақтай.

Жауың бар ма, туған елім?

Атылайын садақтай.

Өзінің көрген қорлығы, тартқан азабы аздай, өмірінің соңғы сәтіне дейін ел па­рызын, ел мүддесін ойлаудан тартын­бай­ды. Тау тарланы тауына табынады. Толағайдай қуат алады. Туған еліне жау тисе, садақтай атылуға да әзір. Қай дәуірде де ақындар ел басына күн туып, жау шапқан қан майданда, қаруын қолға алып, жырымен демеу болып, ұлты­ның рухын көтерген, ерлерінің намысын жаныған, жеңіске жігерлендірген. Ақтамберді де, Қазтуған да, Шалкиіз де, Тәттіқара да, Үмбетей де, Махамбет те – міне осындай тарлан тұлғалар, батырлық бол­мыс иелері. Мұқағали да өзінің өткір үні­мен сол күрескерлік, ерлік, батырлық, қайсарлық рухына батыл қосылды.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп асқақ азаматтық парасатымен па­йым­дау жасаған Абай үнін жаңғыртады.

Талай нөсер төгілер, болар жасын,

Алапат күн әйтеуір жол алмасын.

Мына нұрлы өмірге тірек болған,

Адамзаттың ұрпағы жоғалмасын!

Жер дүниенің тыныштығын, адам­зат­тың амандығын тілеуден туған ақ тілеу. Қазіргі күндерге, келешекке аманат, өсиет­тей. Әлемде небір дауыл да, сел де, тас­қын да, алапат апаттар да бірінен соң бірі болып жатыр. Таби­ғат­тың тосын мінезі тыйылар емес. Бірақ сұм соғыс, қасірет, та­биғат, апат зарда­бын шектірмесін, адам­зат ұрпағы жоғал­май, жер бетінде тәтті тір­лігін мәңгі жал­ғас­тырсын деген тілек қан­дай пәк! Ақ пе­йіл­ден, ақ жүректен ақтарылған таза тілеу.

Ол жер бетінің гүлденіп, жайқалып, кер­е­меттей түрленуін аңсайды. Арам­та­мақ, аз­ғын, ақымақтарды ақылдылардың үй­­ре­тіп, сезім мен сананың шаттыққа кенелер шағын күтеді.

Адамзатты мәңгі-бақи әлдилер,

Ақыр түбі ақыл менен парасат! – деген ғаламдық ғибратты ой қорытады. Қа­зіргі заманға да ақыл менен парасат ауа­дай қажеттілігі күн санап айқындалуда. Онсыз мынау әлемді зұлымдық пен жа­уыз­дық, арамдық пен азғындық билеп барады.

Басымды иіп, тіземді бүгіп тұрып,

Ажарымда айдындай шуақ тұнып.

Отанымды сүйемін күліп тұрып,

Отанымды сүйемін жылап тұрып.

«Ажарында айдындай шуақ тұнуы» – Отанға ұлы махаббаты, шексіз сүйіс­пен­шілігі. Басын иіп, тізесін бүгіп тұрып, Ота­нының алдында тағзым етуі де аза­маттық асыл қасиеті. Ол Отанын сүйді. Хал­қын сүйді. Отанының алдында басын иді. Отанға деген шынайы құрмет, адалдық, мейірім мен махаббат – ақын өлең­дерінің өміршең өзегі. Кеудедегі от жа­лынын, жыр жалынын Отанына ар­на­ды.

Мейлі, мені шығарсын шірік қылып,

Мейлі мені тастасын лақтырып.

Отанымды сүйемін күліп тұрып,

Отанымды сүйемін жылап тұрып.

Ақынға ең қымбаты – Отан. Отанға де­ген шексіз махаббаты жырда жасындай жарқырап тұр. Отанға деген сүйіс­пен­­шілігін еш жоғалтпады, көз жұмғанша сақ­тады.

«Отаным жат көрмесе екен» деп те маза­сыздыққа беріледі. Сөйтеді де, өзін қайрап: «Қайсыбір пенделерге бола қапа­лан­­ғаныммен, Отанға өкпелеуім бетсіз­ді­гім», деп тағдырының ауырлығына бола, Отанға реніш, өкпе артпайды. Отан –
ақын жүрегіндей асқақ ұғым. Қасиетті ұғым. Ол оны өле-өлгенше жүрегінен өшір­ген жоқ. Ғажайып жырларында күн­дей жайнап, айдай шуақтанып тұр. Еш­қашан сөнбейді!

Отан, одақ, достық, интернационализм туралы кеңестік кезеңде ақындар аз жыр­ламады. Сол өлеңдерде құрғақ, мадақ, ма­рапаттау, әсіреқызыл лепіру бар. Мұқағалидың «Отан» туралы өлеңі Отан­ның қадірін шын сезіндіретін, оны сүю­дің ұлы күрескерлік мұрат екенін пайым­датады.

Семсері бол Отанның қынабында,

Сертке ұстаса, селт

етпей жалтылдаған.

Нағыз отансүйгіш, елім, жерім деген пат­риот келбеті көз алдыға келеді. Сертке ұста­ған семсердей өткір болу, селт етпей жалтылдау – шынайы күрескерлік, патриот­тық болмысты сездіреді.

Сүй, Отанды!

Шыныңмен сүйіп өт те.

Гүл боп қадал ойына, қырына да! – деп ақын жүректен толғанады. Гүл болып қадалу – елдің нағыз арқасүйер тірегі, қорғаны, қамқоры болу. Елді гүлдендіру, көркейту, бақытты өмірге кенелту, жайлы, жақсы тұрмысқа жеткізу жолында жан-тәнін аямаған асыл азамат келбеті. Отан­ды шын сүюдің асқақ мағынасын көкейге терең ұялатады. Біліміңмен, қа­бі­летіңмен, қажырыңмен, ойыңмен, ар­ман-мұратыңмен Отанға қызмет ет деген ұлағатты ой жалындаған. Осы қанат­ты қағида бүгінге де, ертеңге де керек.

«Ала жібін ешкімнің, баса көктеп, аттаман» деп ақын «Отаным, саған айтамын» толғауында тебірене ой толғай келе, өмірдегі арман, мұратын, ұстанымын білдіреді. Ақынның асыл мақсаты, берік мұраты, көңіл кредосы, жүрек алауы жырда жұлдыздай жарқырайды.

Мұқағали поэзиясын, күнделігін, прозасы мен естеліктерін саралап, сараптап, таным талқысында таразыласақ, оның адал өмір сүргені, ақындық өнерге ақ ниетін танытқаны, адамдарға ақжарқын кө­ңілін сыйлағаны айқын аңғарылады. Ол тірлігінде ала жіпті аттамады, өнерде еш­кімді алаламады, адамдарды, олардың еңбегі мен талантын аялады.

«Тиме, намысыма» өлеңі ақынның намыс­тылығын, намысқойлығын аңғар­тады. «Ерді намыс өлтіреді» деген халық­тық қағиданы ойға нық түйген ақын на­­мыстың туын көтерген өткен дәуір­де­гі ата-бабаларының рухына, өрлігіне сүйе­неді.

Жақынынан, жауынан,

жолдастардан,

Ата-бабам намысын қорғап қалған.

Момын қазақ намысын жібермеген

Жоңғар, Шыңғыс, жөйт

пен қалмақтарға.

Мұнда жөйт сөзі орнында шүршіт тұруы керек сияқты. Өйткені қазақ халқы ір­ге­лес елдермен ұзақ жылдар шап­қын­шы­лық соғыстарға тайсалмай төтеп бер­ге­ні аян. Ақынның ел, ұлт атынан сөйлеуі де заңды. Бұл ұлтшылдық көзқарас емес. Ұлт­­жандылық, ұлтты сүюден туған на­мыс­­тың алауы. Кеңестік кезеңде қазақ хал­­қын кемсіту, қорлау оқулықтардан бас­­тап баспасөзде жиі орын алғанда, бұ­ла­­­ғы­нан су ішіп, нанын жеп жүрген басқа ұлттардың кейбіреулері талай на­мыс­қа тиген. Сондайда ақын:

Сол қазақтың мен де бір жапырағы,

Арқасы бар, Алматы, Атырауы.

Ар-намысын аяққа таптатпайды,

Қашаннан да қазақтың топырағы, – деп қазақ жерінің кеңдігін медет тұ­та­ды да, батыл да байыпты байлам білдіреді. Кеңестік кездегі ұлтымызды төмен­шік­те­тіп, төбеден басып, еңсесін ез­гі­сі келген кердеңдеген келімсектердің кей­бір ерсі қылықтарына осылай өткір жауап береді. Бәлкім осы өлеңдер 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында жастардың ұлттық намысын маздатып,

сана-сезіміне ұшқын тастаған да болар. Өйткені 1976 жылдан бастап ақын кітаптары әр қазақтың қым­бат та құнды қазынасына айналып кетті, әркім Мұқағали өлеңдерін іздеп жүріп оқыды.

Ұлтты сүю, Отанды сүю ақынның аза­мат­­тық, әлеуметтік лирикаларында бір­шоғыр. Мұқағалидың Отан, туған ел, атамекен жайлы өлеңдері көп ақын­дар­ға тән схе­матизмге, тақырыптық тар шеңберге, жа­лаң дидактикаға, ұраншылдық пен әсіре­­қызыл, әсірелеу, марапаттауларға ұрын­байды. Ақын халықпен емін-еркін сыр­ласады, ақ көңілімен мұңдасады. Сол арқылы елін сүйетіндігін, мұң-азабына күйетіндігін танытады.

Өткеннен өнеге алу бар да, оның құн­­ды­лықтары мен жақсылықтарын үл­­гілеп, ба­ғалау да – зор ізгілік. Мұны та­­ным-түй­сігі терең, көкірек көзі көре­ген, өт­кен­нен мол өріс алған, рухани ке­мел­­ден­ген талант қана ұғынып, ұлағат­тайды. Осынау жырдың заңды жалға­сын­дай аса бір ризашылықпен жазылған «Ба­ба­ларым, рақмет сендерге» атты өлеңі М.Мақа­таевтың биік ақындық талантын айқын­дайды.

Бабаларды құрметтеп бағалау – қазақ әде­бие­тінде байқалмаған үрдіс. Ақын ал­ды­мен бабалар қалдырған асыл қазына­лар­ды, мәдени құндылықтарды екшеп, ерекшелейді.

Бабаларым, рақмет сендерге,

Балаларым болмасын деп көр кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде.

Бабаларым, рақмет сендерге!

Жыраулардың жазбай кеткен

жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты

мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Сонау дәуірлерде күңіренте тартқан қо­быз­дағы қоңыр күйлерімен бірге әні мен тілін де бағалайды. Бабалар ұр­пақ­тары өнерсіз қалмасын, яғни көр кеуде болмасын деп осыны мұра етіп қал­дырғанына ризашылық танытады. Қа­сиет­­ті қыл қобыздың атасы Қорқыт жайлы білетінін әрі көне қобыз шанағына өткен заманның мұң, зарын, арман-аңсарын жеткізген күйлерін тыңдағанын тебі­реніспен еске алады. Жыраулардың жаз­бай кеткен жырларын, яғни елі, жері жайлы ой-толғаныстарын, арулардың аш­па­ған сырын, яғни махаббат хикаяттарын қобыз сарынына қосып жырлағанын да құрметтейді.

Құлазыған сенің құла түздерің,

He білмеген, не көрмеген, ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның

жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

Осылайша, ойды халықтың ежелгі әде­би мұраларына аударады. Құлазыған құла түз тұнған тарих беттерін ауыз­екі ақын­­дардан іздеуі де ғылыми білім­ді­лігін, халқымыздың тарихына, мол ауыз әде­­биетіне жете қанықтығын аңғар­тады. Осынау өлеңнен бүгінгі еліміз­де жүр­гі­зіліп жатқан «Рухани мұра» мұрат­та­ры­мен үндестік сеземіз. Әдетте тарихымызды, даңқты қайраткерлерімізді зерттеуде сол дәуірден қалған, бүгінге ауызша жет­кен аңыз-әңгімелер мен тарихи жырлар, толғаулардан сол кезеңдегі басты тарихи оқиғалардың тынысын сезіндік, ұлы қолбасшы, батыр бабаларымыздың ерлік өнегесімен қуаттандық. Ақынға бұл өлеңді жазуға атақты ғалым Ә.Марғұлан еңбектерін оқу әсер етті ме екен? Тіпті көне әдеби мұраларды қолдау арқылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары әзірлеген 100 томдық «Баба­лар сөзін» болжап кеткендей көрі­не­ді. Осынау ұлттық баға жеткізгісіз бай­лы­ғымыз халқымыздың сөз өнерінің әлемде жоғары тұратынын аңғартады. Сөйтсек, мұнымыз да аз екен. Өлеңді оқы­­ғанда ақын көргенділігі тағы да алды­мыз­дан шығады.

Мен білмеймін.

Басыңа әлде орнап бақ,

Шаһар салып, жасадың ба

жаннат-бақ.

...Әлдеқалай тасқа түскен таңбаны

Табынамын, тарихымдай ардақтап.

Әрине, басына бақ орнап, даңқы дү­бір­леген дәуірлерде бейбіт өмір бақы­ты­на бөленген бабаларымыз небір шаһарлар салған. Дәл Иран бағындай болмаса да жаннат бақ жасағанын тарихшыларымыз жаңа дәлел, дәйектермен анықтап жүр. Мұқағали көріпкел тасқа түскен таңбаларды тарихындай ардақтап та­бынумен бүгінгі уақытта кең көлемде жүр­­­гі­зіліп жатқан «Мәңгілік мұра» мем­­ле­кет­тік бағдарламасына нұсқап тұр­ғандай. Қа­зір­гі уақытта тастағы таң­­ба­лар, жа­зу­лар, суреттер арқылы та­­рих­шылар та­­ри­хы­мызды жаңа зерттеу, дерек, дәйе­к­­тер­мен түгендеп, то­лықтыруда.

Ақын тарих тереңіне ойды тарта келе, ұлт­тық құндылықтарымызды қастерлеп, қа­сиеттейді.

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Іздедім де, сәттерімде, түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!

Құлазыған қу далаң, тау-тастағы қо­ныс мекенің, іздерің де тарихтан сыр ашпайды. Сенің бүкіл тарихи тағ­дырың, бол­мыс-бітімің, тіршілік, тыны­сың дом­бы­раның пернесінде деген тағы­лым­ды тұжырым түйеді.

Мұқағали – терең білімді ақын. Үнемі із­денген, ізденгенін көкірек қазына­сы­на сақтаған. Домбыра арқылы сонау замандардан халқының небір ба­сы­нан кешкен аласапыран тарихи оқиға­ла­ры, бабаларымыздың ерлік істері мен даналық өнегелері, дәстүр-салттары дә­ріп­теліп бүгінге жеткенін зерек зердемен зейінге зерделеген. Осынау жырларды оқыған сәтте «Мәңгілік мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларымен тығыз сабақтастық табамыз.

...Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!

Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.

Кеңес өкіметі кезінде ұлт тарихын шы­найы жазу қатаң идеологиялық заңды­лық­та мүмкін болмады. Фольклорлық мұралар жарияланбады. Ақын ел тарихын, өткен заман болмысын домбыраның пернесінен іздеуі аздай, енді ұрпаққа қалдырған небір аңыз-әңгімелерінен, жыр-толғауларынан іздеуді, соған жү­гі­ну­­ді ұсынуы тәуелсіздік талаптарымен үндеседі.

Домбыра, қобыз сарындарымен сақ­тал­ған әрі тастағы таңбалар, жазу­лар­мен жеткен аңыз-қисса, жырларда жал­ғас­қан, та­рихқа жүгінумен елдігіміз­дің қайта ті­ріл­генін паш етеді.

Мұқағали ұлы ғой, ұлы. Ұлылығын қа­лай мойындамайсың. Осынау жолды оқып отырғанда, дәл бір тәуелсіздікті бол­жап, білгендей, «сәл мызғып алып», бүгін қата­рымызға қосылып ақсия күліп, алшаң­дай басып келгендей-ақ.

«Бабалар сөзінде» қаншама құнды аңыз-әңгіме бар. Біздің фолькло­ры­мыздың байлығын оқып, танысқанда кеудені мақтаныш кернейді. 100 том қай елде бар екен. Жоқ болса, әлем ға­лым­дарына сөз өнерінің байлығымен қазақ­тар ең алдында тұрғанын дәлел­дейік. Оған кедергі не? Тіл ме? Даламыз қан­дай кең, байтақ болса, ой-танымымыз да сондай кең, сондай шалқар, керемет. Мұны сезіндіретін бай да берекелі тіліміз бар. Мұқағали сәуе­гей кезінде қазақ тілінің қандай қия­нат, қорлық көргенін жақсы біледі. Ға­ла­мат поэзиясында ғажайып тіліміздің байлығы мен құндылығын, білімділігі мен ілімділігін, Абай, Мұхтар ғұламадай ай­шықтап айғақтап кетті емес пе?! Ал Мұқағали «тарихымызды жазудамын бәрін мен, бабаларымның Ана тілінде!» деп қалай шаттана жар салады. Апыр-ау, Мұқағали өмір сүрген кезеңде тарихымыз Кеңестік саясат құрсауында, коммунистік идеологияның қатаң, қатал шартымен жұп-жұқа жазылған еді ғой. Енді міне, бабаларымыз тілінде, ақын мақтанышпен ай­шықтап көрсеткендей, Ана тілімізде жа­зылуда.

Ақын ана тілі дегенде ойын ағыл-тегіл ақтарады. Соңғы шумақта ана тіліміз­дің дана, баба тіліміздің өріс, өрке­нін өнегелеп тұрғаны да анық. Кө­реген көңіл туған тіліміздің түптің тү­бін­де мемлекеттік мәртебе аларын сезгендей. «Мына менің қайта туған кү­німде» деп ақын болашақты болжап, өзінің екінші өмірінің ел егемендігімен, тәуелсіздігімен ұласатынын қалай сезініп, түйсінген!Оркестрді ана тілінде сөйлетіп, дүрілдеп ұлы дүбір дүрмегінде дүбірлеп қосылуына тілеулестік танытады. Бұ­рын облыстарды айтпағанда, жалғыз Құрманғазы атындағы халық-аспаптар ор­к­естрі болса, бүгіндері «Отырар сазы», басқа да камералық, симфониялық оркестрлер халқымыздың ұлы мұраларын, күйлерін дүниеге дүбірлетуде. Моцарт пен Дантені ана тілінде сөйлетуі де – ұлт тілінің абыро­йын асыру. Өзі де бірінің «Реквиемінен» жан дүние толғанысын тоғыстырса, Италия классигінің «Құдірет­ті коме­дия­сын» ана тілінде сәтті аударды. Әри­не, Моцарт шығармалары ұлттық ор­кес­тр­леріміздің репертуарынан бе­­рік орын алса, Данте және күллі дүние та­ланттарының туындылары ана тілі­міз­де кеңінен тәржімалануда. Бұл да – тәуелсіздіктің жемісі. Қалай десек те, көреген Мұқағали Ана тілін бас әріппен көрсету арқылы еліміздегі ең басты, ең бірінші тіл екенін әрі туған тілімізді тү­летіп, ұлттық құндылықтарымызды жа­­һанға жарқырата көрсетіп, терең таны­туға баршамызды міндеттеп отыр. Көзі тірісінде Ана тілінің байлығы мен бере­кесіне кенелген ақын қазақ тілінің ғаламдық ғажап тіл екенін ұлы шығар­ма­ла­рында, тағылымды аудармаларында да дәлелдеп көрсетті.

«Күй қалса ғой» өлеңінде халық ара­сын­­­дағы ісмер, шебер, ағаштан небір бұ­­йым жасап шыққан әрі домбыра­шы Ахмет шалды бейнелейді. Сексенге ке­ліп өмірден өткен қарияның өнеріне құр­мет се­зімдерін білдіре келіп: «Күй қалса ғой ар­тында бұзылмайды, Ескір­мей­ді, тозбайды, сызылмайды», деп дом­бы­рашылық қабілетін ұрпақтарының жал­ғастыруына тілеулестік танытады. Ақын қазақтың күй өне­ріне аса зор сүйіс­пеншілігін білдірді, ха­лық барда, ұрпақ барда мәң­гілік үзіл­мей, үздіксіз өркендей бере­тініне се­нім­ді. Осы жырды оқып отыр­ғанда бү­гін­гі «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын болжап, білгендей, ұлттық күй өнері­міз­дің қа­дірін арттыруға жанашырлығын да бай­қатады.

 

 

Әнуар Тарақов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, ф.ғ.д.