Әдебиет • 24 Тамыз, 2021

Кофе және әдебиет 2

484 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып ойланасың: әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасы қанша айшылық жол екен? Жер мен Күннің арақашықтығындай ма, әлде одан сәл жақын ба? Жалпы, бірінің біріне қатысы бар ма өзі? Қатысы болса, мерейтойлық аудармамен ғана шектеле ме? Ал қатысы жоқ десеңіз, әлем әдебиетін неге құбылаға теңейміз? Жұмыс күнінің басында осындай беймаза сұрақтар ойға қайдан келеді екен...

Кофе және әдебиет 2

Әлем деген кім? Өзімізден бас­қа әдебиеттің бәрін шетел деп біле­міз. Іргедегі орыс әдебиеті бір төбе болса, ағылшын, қытай, француз, тағы­сын тағылар әлем әдебиетінің негізгі өкілдері. Кеңес уақытында мемлекеттік идеологияға сай алыс-жақын шетелдермен қарқынды әде­би-мәдени байланыс орнады. Cоның нәти­жесінде, қазақ әдебиетінің 50-жыл­дардан бастап 80-жылдарға де­йінгі кезеңінде әлем әдебиетінен көп­теген аударма жасалды. Тәуелсіздік жылдарында сол шығармалардың бір шоғыры мемлекеттің қолдауымен «Аударма» баспасынан қайта басылды. Осылайша, хакім Абайдың жолымен, «орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» деп орыстан үйрену үшін әдебиетінің жақсысын өз тілімізге аудар­дық. Үлкен әдебиеттердің шы­ғар­масы қалай жазылатынын көру үшін қазақ оқырманына алып келді. Яғни ең алдымен, бұл байланыстың өзіміз үшін пайдасы көп болды. Әри­не, екіжақты әдеби-мәдени байла­ныстың нәтижесінде қазақ авторлары да өзге тілдерге аударылып, мың-сан данамен жарияланды. Мәскеу жұрты Абай мен Әуезовті білмесе де Олжас Сүлейменовті таныды (содан бері Сүлей­меновті орыс әдеби ортасы ұмыт­қан жоқ).

Бүгінгі таңда да аударма ісі белгілі бір деңгейде жүріп жатыр. Бірнеше жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік үлгілері БҰҰ-ның алты тіліне аударылған еді. Бұдан бөлек «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аудармашы мамандар мен ғалымдар, жоғары оқу орны оқытушылары бірлесе отырып, түрлі тақырыптағы әлемнің 100 оқулығын қазақ тіліне аударды. «Фолиант» баспасы да кейінгі жылдары көркем аудармалар басып шығаруда. Сондай-ақ Qasym баспа үйі қазақ әдебиетінің ең жақсы шығармалары мен әлем әдебиеті­нің қазақ тіліндегі сәтті аудармала­рынан бөлек тиісті қаламақы­сын төлеп, арнайы аудармалар да жасатып жүр. Мәселен, аудармашы Кенжебай Ахметов М.Булгаков­тың «Ит жүрегі», Л.Толстойдың «Өмір туралы» шығармаларын аударды. Бұдан бөлек Тәкен Әлімқұловтың 60-жылдары аударған «Кішкентай ханзадасы» да (авторы Антуан де Сент-Экзюпери) бар. Бердібек Соқ­пақбаевтың ең соңғы жазылған шығармасы «Ергежейлі еліне саяхат» алғаш кітап болып осы Qasym kitaphanasy сериясымен жарық көрді.

Әрине, ағысы қатты әдебиет үшін бүгінгі нәтиже аздық ететін болар. Ағыс­қа бетпе-бет келетін болсақ, жақ­­сы шығармалардың жазылуы жа­ғынан да, оқылуы жағынан да төтеп бере алмайтынымыз анық (бірақ кейде «бұл барша әлем әдебиетіне ортақ мәселе ғой» деп көңіл жұбатамыз). Сондықтан бар мен жоққа таңба басып, айқындаудан һәм баға беруден аулақпыз.

Ал шет тілдерге аударылу әдеби ортада әрқашан жазушылық басты мақсат болып келген. Мерзімдік һәм мерейтойлық аудармалар, одан бөлек өз қаражатымен жеке автор­лардың мақсатты түрде аударылуы науқанға айналды. Кім қалай жазса да, әйтеуір бір тілге аударыл­сам екен дейді. Ұлы арманына жету жолында тынбай еңбек етеді. Ре­тін тауып, кітабы өзге тілде басылып шығып жатса, жазушылығын жарты әлем мойындағандай күй кешеді. Осы өмірде жеткен басты жетістігім дейді (көңілшек адам болса, көзіне жас алуы да мүмкін). Яғни шығармасы шет тілге аударылса, ол оның жетістігі. Өзі өзі үшін тәуір жа­зушы болғанда, жетістігіне де өзі ғана шын қуанады. Суық ақылмен қарасақ, бұл мінез «жазушылық мақтан» деген шығармашылық ауруға жатады. Ал адамгершілік тұрғысынан келсек, әрине, біреу оқысын, оқыма­сын, қуансын, қуанбасын – жазғанда­рың өзге тілге аударылып жатса, неге шат­танбасқа?! Әлқисса.

Сонымен байыппен әлем әде­бие­ті кімдер екенін анықтадық. Ал әлем әдебиеті­не қазақ әдебиеті кім? Һәм қаншалық­ты таныс? Әрине, ешқандай әдебиет­тің бізді жатқа оқуы міндетті емес. Һәм ол біз үшін аса маңызды бол­мауы керек. Жер планетасының сонау бір бөлігінде Қазақстан деген елде қазақ әдебиеті өмір сүрсе, өзінен алыстағыларға ол да әлем әдебиеті саналар-ды. Ал ол әдебиеттің жағдайы қандай, шамасы қалай? Деңгейі ше? Ол – сол ұлттың мемлекеттік мәселесі.

Әрқашан әлемге құлақ түреміз: бар жаңалық сонда. Букер сыйлығы табысталса, елең ете қаламыз. Нобель сыйлығын кім алады деп жаз ортасынан болжай бастаймыз. Әйтеуір, әлемге көз салсаң, жылда бір лауреат, мыңдаған доллар. Сонда да сан-қилы пікірталас. Ал біздің жалғыз жаңалығымыз бар – Мемлекеттік сыйлық. Бір жақсысы, ешқандай әдеби болжам һәм зерттеу жазылмай-ақ оқырман кім немесе кімдер алатынын біліп отырады. Оның өзіне алдағы жылдары беретін «лайықты» автор таусылатын сияқты. Сөйтіп таңдау бірден орта буын ақын-жазу­шыларына түсіп кетіп, өзімізді өзіміз таңғалдырмасақ болды. Ал Алаш сыйлығы қазір «тыныштықта» өтетін болған. Кім алып, кім қойды – санына жете алмайсың, о шеті мен бұ шеті алыс.

Сонымен биылғы Нобельді кім ала­ды? Осы жолы Муракамидің ба­ғы жана ма екен? Әлде Улицкая ма? Бәл­ки, саяси оқиғаларға байланыс­ты ауғандық авторға немесе сол та­­қы­­рыпқа берер. Әлемдегі әдеби оқи­ға­лардың бар­­лығы әйнектің арғы жағында өтіп жат­қандай. Әрине, арамызда биік-биік ­таулар мен теңіз жатыр. Стокгольм мен Нұр-Сұлтанның ара­сы алыс шығар... Дегенмен, әр жыл сайын әлемдегі үлкенді-кішілі әдеби оқиғаларға қарап отырып, қа­зақ әдебиеті тым шалғайда сияқты кө­рінеді: оның бәрі басқа бір әлемде бо­лып жатқандай. Бәлки, біз басқа пла­нетада тұрып жатқан шығармыз...

 

P.S.: Қазіргі қазақ әдебиетінде өт­кенді аңсау һәм қимау симптомы әлі де белең алып тұрғанын айта кетейік. Жүрекке салмақ салып қана қоймай, «бұқаралық сана» қалыптастырған бұл сағыныштың басты себебі, әрине автордың материалдық жағдайы. Шығармашылық адамдарының, салыстырмалы түрде алғанда, тым жақсы өмір сүрген кешегі дәурені бүгінгі авторлардың тәтті түсіне айналса керек.

Кеңес заманының көзқарасында әдебиет, ең бірінші, идеологияның насихатшысы болды. Сол үшін де әдебиетке көзсіз қомақты қаржы бөлінді. Бұл саясаттан пайда тауып, жақсы өмір сүрген жазушылардың қарасы көп. Шетелдік шығармалардың оқтын-оқтын қазақ тіліне аударылуы да осы саясаттың игілігінен туған іс.