Қазақстан • 25 Тамыз, 2021

Қудаланған 2 423 адам ақталмаған

580 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның кеңестік биліктің күштеп ұжымдастыру, қазақ халқын тәркілеу, тонау және басқа да саяси науқандар, Қазақстан жеріне күштеп жер аудару (депортациялау) кезінде, сондай-ақ әскери тұтқында болғандары үшін қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмағандардың есімдерін анықтау бағытындағы жұмыс тобының құрамына енген облыстық мемлекеттік архивтің және тарихи-өлкетану музейінің мамандары бірқатар істердің басын қайырды.

Қудаланған 2 423 адам ақталмаған

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

Біз өз жұмысымызды құжаттық ақ­па­рат болуы мүмкін дереккөздерді анық­­таудан бастадық. Павлодар об­лыс­тық мемлекеттік архиві бойынша осын­­дай ақпарат болуы мүмкін 57 қор есеп­­ке алынды. Бұл қорларда 1928-1930, 1933, 1935-1960 жылдардағы қыл­­­мыс­­тық істер жинақталған.

Бүгінгі таңда жұмыс тобының мүшелері барлығы 1 077 істі қарап, зерделеді. Нәтижесінде, РКФСР-дің Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-інші бабы және басқа да баптары негізінде айыпталып, сотталған 2 423 адам туралы мәлімет табылды. Бұл қылмыстық істерде айыпталушылардың ақталуы жөнінде қандай да бір құқықтық құжат болмағандықтан, біз оларды ақталмаған қуғын-сүргінге ұшырағандар санатына жатқыздық. Алайда бұл қылмыстық істерді құқық саласының мамандары кәсіби тұрғыда жіті қарап, өздерінің нақты құқықтық бағасын берулері керек.

Мысалға, осындай қылмыстық істердің кейбірін атап өтсек, ол Лозов (қазіргі – Успен) ауданы «Стенька Разин» колхозының есепшісі И.Г.Ряб­цевті Қыл­мыстық кодекстің 58-7-(ди­­вер­сия) бабы бойынша айыптау ісі. Бұл адам тұқымның сорттарын контр­революциялық мақсатпен ауыс­­­тыр­ды деп айыпталған. Немесе Цю­­ру­пин (қазіргі Шарбақты) ауданы Киров атындағы колхоздың 6 жұ­мыскерін мал басын құртты және сат­ты деген айыппен 1932 жылғы 7 та­мыздағы қаулыға сәйкес айыптау қылмыстық ісі. Цюрупин ауданы Калинин атындағы колхоздың есепшісі Р.Батахаевты Қылмыстық кодекстің 58-10-бабы бойынша айыптау ісі. Ол астық дайындау науқанына қарсы шығып, колхоз жиналысының өтуіне кедергі жасады деп айыпталған. Урлютюб (қазіргі Железин) ауданы Пушкин атындағы колхоздың колхозшысы Т.Шүкімбаевты Қылмыстық кодекстің, 58-10-бабына сәйкес айыптау ісі. Ол Кеңес өкіметін құлатуға ша­қыр­ғаны, капиталистік құрылысты мадақ­тағаны, партия және өкімет саясатына наразылық білдіргені үшін айыпталып, бас бостандығынан айырылған.

Қазіргі уақытта Павлодар округтік және облыстық соттары архивтік қор­ларынан жұмыс тобы мүшелері анық­таған 1 077 қылмыстық істі цифрлан­дыру бойынша жұмыс басталды, яғни ақталмаған қуғын-сүргін құр­бан­дарының базасы әзірленуде. Ал­дағы уақытта жұмыс тобының мүше­лері Павлодар облысы Полиция депар­та­­ментінің Арнайы мемлекеттік ар­хивінде жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Облыстық мемлекеттік архив мамандары саяси қуғын-сүргін тақыры­бы бо­йынша зерттеу, іздестіру жұ­мыс­тары­мен 1990 жылдардан бері ай­налы­сып келеді. Мәселен, ұзақ жыл­дар «құпия», «аса құпия» тәрті­бінде сақталып келген архивтік құжаттар ашылып, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл құжаттардың негізгі мазмұны 1920-1930 жылдардағы Ке­ңес өкіметінің күштеу, зорлық, зом­былық механизіміне негізделген, шұ­­ғыл да дөрекі түрде жүргізілген жап­­пай ұжымдастыру, ғасырлар бо­йы көшпелі мал шаруашылығымен ай­на­лысқан қазақ халқын күштеп оты­­рықшыландыру, индустрияландыруды жүзеге асыру мақсатындағы шектен шыққан ауыл шаруашылығы салығы саясаты, соның салдарынан елді жайлаған ашаршылық, босқынға айналған халық туралы. Бұл архивтік құжаттарда 1930 жылдардың аяғы мен Ұлы Отан соғысы жылдары Ертіс­тің Павлодар өңіріне күштеп жер ауда­рыл­ған, депортацияға ұшыраған тұтастай халықтар мен олардың өкілдерінің аса ауыр тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық жағдайлары, орналасуы жөнінде де аса құнды тарихи деректер бар.

1989 жылдан бастап облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жеке тектік құжаттарын жинай бастады. Бұлар – естеліктер, хаттар, анықтамалар, фотосуреттер, партия ұйымдарының хаттамалары, өмірбаяндық, қызмет бабында жасал­ған құжаттар, тергеу хаттамалары, прокуратура, сот органдарының саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөніндегі құжаттары және т.б. Осы құжаттардың кейбірі қайғы-қасіретке толы жылдарда жендеттер қолынан таңғаларлық жағдайларда аман қалып, сол зұлмат заман куәсіндей бүгінгі күнге жетіп отыр.

Осы құжаттарға ғылыми сипаттама жасалып, облыстық мемлекеттік архивте XX ғасырдың 30-40-шы және 50-ші жылдарының басында негізсіз саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың істері мен құжаттарының коллекциясы жасалды. Бұл коллекцияға 2 мыңнан аса негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар жөнінде аса құнды тарихи деректер енгізіліп отыр.

1999 жылы «Азалы кітап (атылған­­­дар тізімі)» (авторлары – В.Д.Болтина, Л.В.Шевелева) атты кітап ж­арық­қа шықты. Бұл кітапты дайын­дау барысында құрастырушылар Пав­лодар облысы бойынша ҰҚК де­пар­та­ментінің ведомстволық ар­хивін­де сақталған тергеу істерімен таны­­сып, оларды жан-жақты, терең зерт­теді. Авторлар жүздеген адам­­дар­дың – бай-кулактардың, жеке ша­руа­лардың, колхозшы-жұмысшы­лардың, дін өкілдерінің, партия, комсомол ұйымдары қызметкерлерінің, қоғамның алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерінің, жер  аударылғандардың, депортацияға ұшыра­ған­дардың т.б. қайғылы да ауыр тағдырларының куәсі болып, олардың әрқайсысының қайғы-қасіретін жан-жүрегімен сезінді. Бұл азалы кітап­қа 810 адам туралы мәлімет енді. Атылғандардың ең жасы 18-де, ал ең үлкені 82 жаста болған екен.

2014 жылы «Мемориал» халық­аралық тарихи-ағарту, құқық қорғау және қайырымдылық қоғамынан (Мәскеу қ.) облыстық мемлекеттік архивке саяси қуғын-сүргінге ұшыра­ғандар жайлы бірқатар тарихи деректер – хаттар, анықтамалар, анкеталар, баспасөз бетінде жарияланған мақа­лалар, фотосуреттер, естеліктер және т.б. аса құнды құжаттар табыстал­ды. Осы құжаттардың ішінде атақты жерлесіміз Ж.Аймауытовтың қамауда болған кездегі фотосуреті де бар.

Бүгінгі таңда облыстық мемле­кеттік архив «XX ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Ертістің Павлодар өңіріндегі ашаршылық тарихынан» құжаттар жинағын әзірлеп, баспаға ұсынып отыр.

 

Қаншайым МАҚАЖАНОВА,

Павлодар облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары