Мәселен, Қостанай облысында Сарыкөл ауданының Ырыстомар ауылдық округіне қарасты Қоскөл деген елді мекен бар. Осы ауылда жайылым дауы шығып, биыл бір жазда екі рет барып келуге тура келді. Алғашқы сапарымызда сол ауылдағы элеватордың маңында тұрғындар жергілікті әкіммен кездесіп, жайылым мәселесін шешіп беруді сұраған. Алайда бұдан түк шықпады. Ал екінші рет барғанымызда ауданнан келген өкіл мәселені тұрғындардың пайдасына шешіп бергендей болды.
Жайылым неге жыртылды?
Кезінде Қоскөлде жүзден астам шаңырақ түтін түтеткен деседі, қазір содан қалғаны 27-ақ үй. Мұндағы тұрғындар екі жылдан бері жайылым үшін арпалысып келеді. Іргеде осы ауыл ауыл болғалы мал өргізіп келген кең алқап бар еді. Бір шетінде мал суаруға қолайлы жайдақ көлі, табынға күннің ыстығында көлеңке, жауын-шашында пана болатын шоқ қайыңдары бар. Нағыз мал бағатын жер. Алайда осы жер 2019 жылы «Милоян» шаруа қожалығының меншігіне өтіп кетті. Ауданға әрі жол жөндеп, әрі егін егіп аты шыққан Вано Милоян шұрайлы жайылымды мал жаямын деп 49 жылға ресімдеп алған соң, жағалай жыртып арпа еге бастаған.
Қоскөлдің тұрғыны Тимур 12 жыл бойы осы жайылымда елдің жылқысын бағады. Бұл ісін жеке кәсіпкерлік қызмет түрі ретінде заңмен ресімдеп алыпты. Биыл «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша тағы 3,5 млн теңге қаржы алып, оған жеті байтал сатып алып отыр.
«Былтыр олар 500 гектар жерді жыртып тастамақ болып келген. Көп болып қарсы тұрып, жыртқызбадық. Биыл тағы келді. 100 гектардан астам жерді жыртып үлгерді, әйтеуір әупірімдеп тоқтаттық. Алты жыл бұрын бүкіл ауыл тұрғындары бас қосып, елдің қолындағы жүзден астам жылқыны менің атыма жазып берді. Бұл құжатты алып, әкімдікке бардым. Менің пәленше бас жылқым бар, маған осы жайылымды беріңіздер деп едім, әкімдіктегілер «ауылдың айналасындағы 3 шақырымға дейінгі жерді біздің беруге қақымыз жоқ» деп қайтарып жіберді. Енді алты жылдың ішінде заң өзгеріп кетіп тұр ма, сонда? Осы ауылдың тұрғындарына берілмеген жер бөтен біреуге неге беріледі? Әлде мәселенің бәрі қалтаның қалыңдығына қарай шешіле ме? Әкімдіктегілерден сұрасам, бәрі заңды дейді. Қысқасы, қоскөлдіктер жайылымсыз қалдық. Әкімдік енді маған осы жерден көрші жатқан Чапаевтан жайылым ал, жылқыңды сол жаққа бақ дейді. Ол жайылым осы ауылдан 30 шақырым қашықта жатыр. Дәл ауылдың түбіндегі әп-әдемі жайылымды сатып жіберіп, енді айдалаға жіберіп жатқандарына түсінбеймін. Маған ауылдың өз жайылымын қайтарыңдар да, Милоянға сол Чапаевтағы жерді беріңдер десем, оған жауап бермейді. Милоян биыл біздің жайылымның біраз бөлігіне арпа егіп тастады», деді Тимур.
Тимурдың табынында қазір 250-ге жуық жылқы бар. Заң бойынша әр жылқыға 7 гектар жайылым керек. Бірақ кәсіпкердің кәсібі бар да, жеке басына ресімделген жері жоқ. Туған жерге ту тігіп, ата кәсіпті дамытуға талаптанып жүрген тұрғынға жер қарастырып, жағдайын жасап берудің орнына жергілікті әкім Тимур мал басына салық төлемей жүр деп реніш білдірді.
«Бұл азамат жеке кәсіп ашты, оған жеке салық төлейді. Бірақ мал басына мүлде салық төлемейді. Бізде оның екі-ақ бас айғыры тіркеліп тұр, басқа жоқ. Бүкіл ауданнан 200 бас жылқы жинап алып, енді жайылым жоқ деп маған маза бермей жатыр. Көктемде трассамен табын-табын жылқы айдады. Қыста таратып жібереді де, көктемде қайта жинап алады. Оның ұстап отырғаны бұл ауылдың малы емес. Әйтпесе, ауылдың жері ауылға жетіп тұр. Бұл ауылда 27 үй қара малы мен жылқысын қосқанда барлығы 341 бас ұстап отыр. 2007 жылы 587 бас болған. Соның өзіне жайылым жетіп тұрды. Қазір 667 гектар жайылым бар. Ал бұлардың дәметіп отырғаны – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер. Оны мен шеше алмаймын, аудан шешеді», деді Ырыстомар ауылдық округінің әкімі Рақымбай Шәріпов.
Алайда ауыл тұрғындары жайылымның жоқтығынан мал басын көбейте алмай отырғанын, жермен қоса су мәселесі де қиын екенін айтады.
«Бізге кезінде кеңес өкіметі құлаған соң жер пайын да берген жоқ. Қазір қоскөлдіктердің бірде-біреуінің басында жер жоқ. Сұрап барып едік, айналамыздағы жер біздікі емес болып шықты. Есесіне әкімдік осы жерді бөтен адамдарға беріп жатыр. Олар Қоскөлде тұрмайды, жерді жыртады да, кетеді. Бұлай болмайды ғой, сонда біз қайтып өмір сүреміз? Қазір ешкім мал да ұстамайды. Өйткені жайылымдар жағалай жыртылып жатыр. Малды суаратын жер жоқ. Ауылда 10 шақты сиыр қалды, біраз жылқы бар, одан басқа мал жоқ. Бізге тек тауық пен қаз-үйрек ұстау ғана қалды», деді осы ауылдың тұрғыны Берген Өмірзақов.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, қоскөлдіктер даулап жүрген бұл жер түгелдей ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуы керек. Яғни жайылымға жатпайды. Ал «Милоян» шаруа қожалығы 470 гектар жерді тендер бойынша заңды түрде ұтып алған. Алайда Қоскөлдің малы су ішіп жүрген көл осы тендерге өтіп кеткен аумақта қалып қойып отыр. «Ауыл маңындағы жайылым соқаға ілініп кетсе, жер былай тұрсын, мал суаратын жалғыз көлден де айырыламыз», дейді ашынған тұрғындар. Әкімнің сөзінше, тұрғындардың бұл байбаламы негізсіз. Ауылда «Милоянға» өткен көлден басқа екі көл бар.
«Ауылдың ішінде шағын көл бар, бірақ оны тереңдетіп тазалау керек. Сосын мынау грейдердің ар жағында тағы бір көл жатыр. Ауылдың малына осы екі көл де жетеді», деді әкім.
Алайда әкім айтып отырған ауыл ішіндегі көл кеуіп, сарқылайын деп тұр. Ал екінші көл әлдеқашан егіс алқабының ортасында қалған. Оған мал аяғы жете алмайды. Сондықтан тұрғындар суы мол соңғы көлден айырылып қалмауға тырысып бағуда.
Өкінішке қарай, элеватордың жанына жиналған халықпен кездесуге келген әкімнің әңгімесі жараспады. Жұрт жайылымнан бастап, бұрыннан қордаланып қалған мәселелерді қозғай бастады. Мектеп, ауыз су, жол мәселесі көтеріліп еді, елмен ортақ тіл табысып, тұрғындарды титықтатқан мәселені шешудің тиімді жолын ұсынудың орнына, көпшілікке ашуланған әкім шарт кетті. «Бұл ауылда жөні түзу адам жоқ, дұрыс адамның бәрі баяғыда-ақ қалаға көшіп кеткен. Ал мұнда қалғандардың бәрі шетінен ішкіш», деді де, өзінің ауданға асығып тұрғанын желеу етіп, көлігіне мініп кетті де қалды. Жұрт «Біздің әкімнің түрі осы» деп қол сілтеп күлді де қойды. Біз іштей тіксініп қалдық.
Жұрт көшпей қайтеді, бүгінде Қоскөлде бірде-бір дүкен қалмаған. Көшеде жарық жоқ. Көше дейміз, бұл ауылда көше сияқты көше де қалмаған.
«Бәріміздің шиеттей бала-шағамыз бар. Сәл сырқаттана қалса оларды апарып көрсететін медпункт жоқ. Әкімнің түрін көрдіңіз ғой, бірдеме сұрасаң, өзіңе дүрсе қоя береді», деді ауыл тұрғыны Салтанат Түркамалова.
Абырой болғанда биыл Қоскөлде көптен қараусыз қалған элеватор іске қосылыпты. Игі істі Ақмола облысынан келген ірі агрофирма қолға алып жатыр екен. Элеватордың жұмыс істей бастауы ауыл тұрмысына да үлкен өзгеріс әкелген.
«Осында келгелі елдің жағдайын көріп жатырмыз, қолдан келген көмекті беріп жатырмыз. Ауыл тұрғындарында жалақы жоқ, жұмыс жоқ, жол жоқ. Әкім де жақсы кісі шығар, бірақ бүгін халыққа теріс бұрылып кеткенін түсінбей қалдым. Әкім болған соң, халықпен дұрыс болу керек қой. Өйткені ол осы халықтың арқасында әкім болып тұр. Арасында аздап ішетіндері бар, бірақ қатты кетіп жатқан жоқ. Сонымен-ақ жұмысын тиянақты істеп жатыр ғой. Негізі, мұндағы халық еңбекқор әрі адал келеді. Мәселен, мына элеватор 2-3 жыл қараусыз тұрды ғой, бір шегесі ұрланбаған ғой. Мен соған таңғалдым. Талай жерге барамыз, көбіне тонап, металы мен кабелін өткізіп жібереді. Бұлар бәрін сақтап қалған, таза, адал ел. Ең бастысы, оларға мал ұстау қиын болып тұр. Малсыз қалай өмір сүреді, баласын қалай өсіреді? Біз сатып алғанға дейін мына элеватор қараусыз қалған. Екі жыл бойы судың үстінде тұрыпты. Ешкім жаны ашып сорғытпаған. Әбден құлауға шақ қалыпты. Қазір соны жөндеп, қалпына келтіріп жатырмыз», деді элеватор директоры Жауынбай Чистабаев.
Элеватордың жандануымен бірге елдің тұрмысы аздап түзеле бастаған. Ауылдың 50 тұрғыны қазір осында жұмыс істеп жатыр.
«Жалақымыз жоғары. Бұған дейін мұндай жалақы алу үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Ұнды өте арзан бағамен аламыз. Картоп та солай. Дүкеннің бағасынан төмен. Өткенде ет, сұйық май алдық. Олардың бәрін ірі агрофирманың басқа да шаруашылықтары жеткізіп беріп жатыр», деді элеватор жұмысшылары.
Осылайша, алғашқы сапарда жайылым мәселесі шешілмеген күйі қалды. Элеваторда қызып жатқан тіршілікті көңілге медет тұтып Қостанайға қайттық. Жылқышы Тимур Өмірзақов енді прокуратураға шағымданатынын айтып қоштасып қалды.
Мәселе осымен шешіле ме?
Таяуда жылқышы тағы қоңырау шалып, ауылына келіп кетуімді сұрады. «Өткенде прокуратурадан адамдар келіп еді. Олар енді «Милоян» жерді заңды түрде алғанын айтып отыр. Ертең халық жиналады. Ауданнан прокуратура мен әкімдік өкілдері келеді, тағы кездесеміз», деді.
Ертесі күні Қоскөлге таңғы сағат он шамасында жеттік. Жұрт жиналғанымен ауданнан ешкім келмепті. Біраз күтуге тура келді. Түс әлеті болып қалғанда, Тимурдың телефоны шыр ете қалды. Ауыл әкімі екен. Халықтың көзінше емес, оңаша кездесуді сұрапты. Тимур үйінде күтетінін айтты. Сәлден соң, ауылдық округтің әкімі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы келді.
Жеке сервитут бойынша «Милоян» шаруа қожалығына тиесілі жер телімінен 250-300 гектар жер Тимур Өмірзақовтың пайдалануына беріледі. Милоянға осыдан екі жыл бұрын 419 гектар жер пайдалануға берілген. Енді ол темір жолдың арғы бетіне ығысып, ауылдың жанындағы жерді тұрғындардың малына босатып беруі тиіс. Сонда жылқыға да көлге баратын жол ашылады. Біз В.Милоянмен сөйлестік, ол кісі келісімін беріп отыр. Алдағы 10 күннің ішінде осы ауылға қайта келіп, тараптардың көзінше жерді кесіп, белгілеп, құжаттарын қолдарына ұстатамыз, – деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Батырашев.
Ауданнан келген өкілдің шешімі тұрғындардың да көңілінен шыққан сияқты. Бірақ жеке сервитут тәртібі бойынша Қоскөлдің жайылымы «Милоян» шаруа қожалығының меншігінде қала береді. В.Милоян халыққа жерді басыбайлы емес, тек уақытша пайдалану үшін ғана береді. Қашан қайтарып аларын кім білсін, әйтеуір жерге иелік ету туралы құжат кәсіпкердің қолында қалады?!
Жалпы, сары бидайы жайқалған Сарыкөл өңірінде жайылымнан таршылық көріп отырған ауыл – жалғыз Қоскөл ғана емес. Мысалы, аудан орталығының іргесінде Тағыл деген елді мекен бар. Орысшасы – Тагил. Асыра қазақшалап жіберсе керек, ауылдың кіреберісіне Тәгіл деп жазып қойыпты. Ауылдың бір шетін темір жол, бір шетін егін алқабы қысып тастаған. Осы ауылдан өтіп бара жатқанымызда жолдың бойында бір бақташы жаяу қой бағып жүр екен. Тоқтап жөн сұрастық: «Ауылдың маңына ұсақ мал ғана жайылады. Жылқы бағатын жер жоқ», деді өзін Дулат Әбу деп таныстырған бақташы.
Бұл ауылдың жылқысы Тимур Өмірзақовтың табынында жүр.