Тарих • 25 Тамыз, 2021

Ауған балаларының «анасы»

1735 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сонау жылдары... нақтырақ айтқанда, Ауған елінде азамат соғысы жүріп жатқан (1979-1989 ж.ж.) тұс. Бейбітшілікті ту етіп, бұл елге Кеңес елі әскер кіргізді. Оның сыртында социа­листік лагерь атты қауымдастық қатарына біріккен мемлекеттер соғыстан зардап шеккен ауғанстандықтарға гуманитарлық һәм рухани жәрдем көрсету шарасын қолға алды. Соның бірі Моңғол Халық Республикасы еді.

Ауған балаларының «анасы»

1988 – Ұлу жылының көктемі. Ел астанасы Ұланбатыр қаласын жиектей ағып жатқан атақты Тула дариясының көбесі сөгіліп, ежел­ден бері керейіт Тұғрылдың құр­метіне «Хан тауы» аталып келе жатқан Боғданың биігінен ескен жылы самал, әз қаланың жібек кекілін желіп, шаһардың кірпігінде қонақтаған қыстың соңғы ызғарын ертіп түсірген тұс. Алда жайма-шуақ жаз.

Орталықтан шалғай орналасып, көне бекініс Урганың солтүстік-батыс шебіне ірге тепкен Буянт-Ухаа әуежайында абыр-сабыр, сапырылысқан адам. Әуе­жайдың шетелдік қонақтарды қа­былдайтын бөлімінің есік көзін­де бес-алты адам жиналып тұр. Тегі басшысы болар, бет әлпеті шөл даланың топырағындай тар­ғыл тартқан, ақ шашты, жасы ал­пыс­тың аңғарына аяқ басқан ер адам өзінің оң жақ қапталында үнсіз тұрған жылы жүзді, көзінде мейірім шуағы тұнған, көркем мінезді бойжеткенге назарын ауда­рып «Рая қызым, бері келші!» деп шақырды.

Манадан бері ой үстінде тол­қып тұрған жас ару «құлағым сізде» дегендей ақырын басып ақ­сақалдың қасына келді. Әуелі қария өзін таныстырды. Сыртқы істер министрлігінің ардагер қыз­меткері екен. Оның сыртында шы­ғыстану һәм ислам бойынша маман. Қысқасы, көпті көрген, ­көп өткелден өткен адам. Сөзі нық, ­ісі мығым. Үкінің үлпілдегіндей ұшып тұрған қазақ қызына бір қа­рап алып: «Қарағым, – деді. – Са­ған халықаралық үлкен мін­дет жүк­теліп отыр. Бұл істі қалай­да абыроймен атқаруың қажет. Бұ­йырса, жарты сағаттан кейін ауғанстандық жетім балаларды отырғызған ұшақ келіп қонады. Бұл жеткіншектерді мемлекеттің арнайы адамдары барып, от пен оқтың ортасынан теріп алды. Есің­де болсын, қызым, бұлар – со­ғыс­тан басқа түк көрмеген әрі тұл жетім өскен бейбақтар. Осыларды тәрбиелеу ісін үкімет саған жүктеп отыр қарағым! Сөз осымен бітті».

Тегі Раяның ұлты қазақ, әлми­сақтан мұсылман отбасында өсіп-өнгендіктен алыстан келген ауған балаларына ана болуға осы адам лайық деген болуы керек үкімет. Олар қателеспепті. Расында, Рая жетесінен қиылған қырқа пышақ секілді көңіл жүзі майырылған ауғандық отыз көген көзге «ана» болды.

* * *

Хош, сонымен... Көк аспанды тіліп ұшқан ұшақ аэропортқа келіп қонды. Бұл күн мамыр айының 13-ші жұлдызы болатын. Содан бері 33 жылдың жүзі болыпты. «Та­рих дегеніміз – өткен уақыт­тар емес, есте қалған сәттер» деп Батыстың танымал шайқы философы айтқандай, осы оқиға, осы бір сәт Рая Дәріпханқызының есі­нен бір сәт шыққан емес. – Алғаш көргенімде, – деп еске ала­ды Рая апамыз. – Көз ашқалы бом­баның ащы түтінінен басқа дү­ние көрмеген бес-алты жастағы бала­лардың бойынан тыныштық, бейбітшілік деген ұғымдар то­лық өшкені байқалды. Өзара қа­тынастары ауыр, айтыс-тартыс, жанжал-дау, төбелеске бейім. Адамның көзіне тіке қарау деген жоқ. Өмірі үй-күй көрмеген балапандардың дене тазалығы жайлы сөз етудің өзі артық. Кә­дімгідей жабайыланып кеткен.

Жо­ғарыдағы пікірді апамыз скайп арқылы айтып берді. Кезе­гінде біз де қарап қалмай «Же­тім балаларды тәрбиелеуді қа­лай бастадыңыздар?» деп сұрақ қойдық. Апамыз айтады:

– Отыз баланың тәрбиесіне жал­ғыз өзім үлгермейтін бол­ған­дықтан Тұңғылық деген әріп­те­сім көмектесті. Әуелі бар­­лы­ғын моншаға алып барып жуын­дырдық. Расын айтқанда, олар тіпті қарапайым тамақтану әдебін білмейді екен. Бізді көрсе қашып барып төсектің астына тығылады. Даладан дыбыс немесе көліктің шуы естілсе «дұшман, дұшман» деп айғайлап, жік-жапар болады. Ойыншықпен ойнауды білмейді. Әдемі мүсіндерді тепкілеп тас­тайды.

Сол себепті балаларға ең әуе­лі өздерін тыныш өмірге аяқ басқанын түсіндіріп, қоғамдық қатынасқа баулу ісін қолға алдық. Ең қиыны, олар пуштун-парсы тілінде сөйлейді. Біз онысын түсінбейміз. Ақыры жетімдермен толық тіл табысу үшін өзім парсы тілін алғашқы баспалдақ дең­гейінде оқып, үйрендім. Бұл тал­пынысыма ауғандық екі ма­ман­ның көп көмегі тиді. Сөйтіп бес-алты айдың ішінде балалармен сөйлесетін, тіл табысатын дәрежеге жеттім.

* * *

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Осы орайда оқырман тарапынан «Ауған балаларына ана болған Рая Дәріпханқызы кім?» деген сұрақ туындауы заңды. Айталық, бұл кісі 1950 жылы Ұлан­батыр қаласында туып, 1968 жылы Бай-өлке аймақ орта­лығында он жылдық орта мек­тепті бітірген соң, Моңғол мем­лекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетіне қа­былданған екен. Оны 1973 жы­лы біт­ірген. Университеттің соң­ғы курсында Намқай Қабдылұлы дейтін азаматқа тұрмысқа шыққан. Жоғары оқу орнын тәмамда­ған соң, қалалық балабақшалар жүйе­сі орталығына орыс тілін үйрету ісі бойынша әдіскер болып ұзақ жыл қызмет атқарған. Осы аралық­та, яғни 1988-1990 жылдары ауған ба­лаларына «ана» болу бақыты бұ­­йырған. Апамыз 2010 жылы ең­бек демалысына шыққан. Қа­зір аман-есен, Ұланбатыр қаласын­да тұрады. Қысқаша өмір-тарихы осы.

* * *

Қазір жасы жетпістің жиегіне ілінген Рая ханым сол бір қиын күндері өзіне бауыр басқан же­тімдерді әлі күні сағынатынын айтады. Бір дәтке қуат етерлік дү­ние: өткен күннің белгісіндей олар­мен бірге түскен фотосуреттер сақталған. Мына бір жансыз бейнеде Рая анасының құшағында отырған үш ұлдың аты-жөні – Ниматулла, Самиро, Поуд екен (1-сурет). Бұлардан басқа Фарзуна, Измарай, Бисмело, Ахмадулла, Рах­матулла, т.б. балдырғандар Рая ана­ның қамқорлығын көрген.

Қазіргі таңда бәріміз көріп отырмыз. Ауған елі қайта бүлінді. Мемлекет билігіне «Талибан» дей­­тін топтың адамдары келіп ор­­нықты. Оны жақтамайтын бас­қалар елін тастап, босып жатыр.

 – Өткенде АҚШ ұшағының қанатына жабысып, әуе кемесіне мініп бара жатқан адамдарды теледидардан көріп, көзімнің ­жа­сын тыя алмадым, – дейді Рая Дәріп­ханқызы. – Осы бей­бақ­тардың арасында менің балаларым жүр­месіне кім кепіл?! Рас-ау. Әттең осыны көріп, біліп отырып, елі­міздегі ты­ныштықтың қадірін баға­ла­май­тынымыз өте өкінішті. Абай атамыздың: «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт ты­ныш­тық көрсе, сәтке тұрмай, тыныш­тықтан жалыға қалатұғыны қалай?» дегені сияқты.

* * *

Осылай ауған жетімдерін екі жыл бағып-қағып, 1990 жылы өз қолымен жетектеп алып барып туған еліне табыстап қайтқан Рая апамыз жуықта Моңғолияның беделді басылымы «Өнөөдөр» газетіне сұхбат беріпті. Осында көп дүние айтылғандықтан апамыздың әңгімесін қаз-қалпында ұсынып отырмыз:

– Ауған балаларын екі жыл тәрбиелеген соң туған жеріне жеткізіп салдыңыз. Осы оқиға жайлы айтып берсеңіз?

– Дүниеде саған үмітпен қа­раған жетім баланың нәркес жанарынан ауыр нәрсе көрмедім. Жетімдерді еліне жеткізу үшін біздің балабақша меңгерушісі, дәрігер және мен, оған қоса Сырт­қы істер министрлігінің бір маманы, сауда ұйымының өкілі қатарлы жеті адамдық делегация Ресей арқылы Кабулға бардық.

 Екі жылдың ішінде балалар маған, мен оларға қатты бауыр басып кеткен едік. Сол себепті көген­ көздерді Ауғанстанға жет­кізіп, өкіметіне табыс еткен сәт өте ауыр болды. Олар менің етегіме жабысып: «Ұстазым, анашым, бізді тастамашы. Моңғолияға алып кетіңізші. Мұнда дұшмандар бар. Олар келіп, бізді өлтіреді. Біз қайтеміз», деп жылады.

Жоғарыдағы оқиға әлі көз алдымнан кетпейді. Көп жыл өтсе де, балаларым қайда, қалай өмір сүріп жүр екен, кездессем, көмек қажет болса қолұшын берсем, жақсы тұрмыс кешіп жүрсе, тілектес болсам деп үнемі ойлаймын.

Өткен жылдары Моңғол ар­мия­сының бітімгер жауынгерлер тобы Ауғанстанға барады дегенді естіп, оларды бастап бара жатқан офицерге: «Ауғанстанда менің балаларым бар еді, соларды сұрастырып тауып берші», деп өтіндім. Ол: «Қолымнан келмейді. Бізге жүктелген тапсырма бойынша адам іздеуге мүмкіндік жоқ», дегені. Сыртқы істер министрлігі арқылы да балаларымды іздеп көрдім. Алайда хабар жоқ.

– Балаларыңыздан қашан­нан бері байланысыңыз үзіліп қалды?

– Балаларым барған соң бес-алты жыл үзбей хат жазып тұрды. Ең алғаш Бисмелодан хат келді (2-сурет). Одан кейін Самиро мектепке кірген соң хат жолдады. Жазуы өте әдемі екен. Мен оларға қазақша кесте тігуді үйреткен едім. Олардың тіккен кестелері менде әлі де сақтаулы тұр.

– Балаларыңыз екі жылдың ішінде моңғол тілін жап-жақсы үйреніп алған дейді. Рас па?

– Солай. Біздің балалар моңғол тілін үйренумен қатар, соңын
да әрқандай іске ерекше белсенді болды. Үйреткенді дереу қа­был­дап, берілген тапсырманы өте тиянақты атқаратын еді. Мені «Рая жон» дейтін. «Жон» ауған тілінде құрметтеу­ді білдіретін ұғым екен. Әдемі киініп келген сәтімді қалт жі­бер­мейді. «Әдемі, әдемі, Рая жон» деп бетімнен иіскеп мәз болысады. Нашарлау киініп келсем, жаман демей: «Рая жон. Енді ан­дағыны кимеңіз­ші»,­ десетін. Өз­дері сүйкімді әрі тал­ғампаз. Осы балаларды үнемі еске алып отырамын. Қазір қайда екен? Тағы біреулер қорқытып жүр ме деп уайымдаймын.

Бірде Ауғанстанға барған «Ардын эрх» газетінің тілшісі Б.Пүребдаш осы балалар туралы «Майдан шебінен белгілеу» ат­ты материал жазыпты. Оқып, кө­ріп қатты қуандым. Мақалада ба­лалардың фотосуретін қойып, олар ұстаз-анасын сағынып жүр­генін жазған екен. Осы газет менде сақтаулы тұр.

Айтпақшы, жоғарыдағы сапарымызда Ауғанстан үкіметі балаларды жеткізіп берген мені және басқаларды «Достық» орденімен марапаттады (3-сурет). Осыған қатты қуандым. Шіркін-ай, балаларыммен кезіксем, көп жыл бұрынғы қызықты оқиғаларды еске алып, апа болғанымды, олар­дың тіккен кестелерін сақтап жүргенімді айтар едім.

* * *

Бұл мақаланы жазу бары­сын­да тағы бір қызық дерекке кез­­десіп қалдық. 1990 жылы жетім­дерді Ауғанстанға жеткізген ұшақ­тың командирі Ташуан Дө­тей­ұлы деген ағамыз екен. Тә­кең­нің жасы тоқсаннан асыпты. Әлі тың. «Моңғолия еліне ең­бек сіңірген ұшқыш» деген ата­ғы бар. Ұланбатыр қаласында тұ­рады. Хабарласып «Ауған са­пары» жайлы сұрап едім аға­мыз: «Жетімдерді отырғызып алып Ұланбатырдан ұшып Ир­кутск, Новосібірді басып өтіп, Алматыға түстім. Одан Таш­кентке ұштым. Ол жерде Мәс­кеуде арнайы дайындықтан өт­кен адамдар күтіп отыр екен. Со­лар­ды кабинаға салып алдым. Олар жол-жөнекей ауған және ағыл­шын тілінде сөйлеп, бізді Ка­бул­мен байланыстырды. Дәл осы күні жаулар Кабулға ша­буыл жасап, қала қоршауда қалыпты. Ша­һардың қақ төбесіне дейін 3,6 мың метр биікті ұстап ұштым. Одан төмендесең, тауға бекінген дұшмандар атып түсіреді. Тура қаланың төбесіне келдім де, 3,6 мың метр биіктен шыр айналып, шеңбер жасап құлдилап тарттым. Жаман ұшағымды ышқынтып әке­ліп қара жерге топ еткізгенімде америка мен орыс ұшқыштары таң­ғалып басын шайқады. Қайта ұшқанда да солай қаланы үш айналып, ұшақты ышқындырып тартып отырдым. Менің ізімді басып Кабулдан кө­те­ріле алмай тұрған орыстың әс­кери ұшақтары ұшып шығып жатты» деп қысқа қайырды.