Әлем • 25 Тамыз, 2021

Дипломатиялық ишараның астарындағы сыр

357 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель кездесті. Аталған кездесу кезінде қызықты сәтке куә болдық. Айта кетерлігі, халықаралық аре­нада мемлекет басшы­ла­рының кездесуінде мұндай қызық-шыжық жетерлік.

Дипломатиялық ишараның астарындағы сыр

Бұл – Меркельдің канцлер ре­тінде Ресейге жасаған соңғы сапары. Келіссөздер кезінде екі ел ара­сындағы байланыс қана емес, басқа саяси мәселелер де талқыланған. Мәселен, Меркель Ресей оппозиция­сы басшыларының бірі – Алексей Навальныйды түрмеден босатуға шақырды. Сондай-ақ канцлер Украинадағы жағдайға да тоқталып, Қырым­ның Ресей сапына қосылуын аннексия, яғни Украинаның аумақ­тық тұтастығына қол сұғу деп мә­лім­деді. «Мен қызметімнің соңғы күніне дейін Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге бар күш-жігерімді жұмсаймын», деді А.Меркель.

Қысқасы, келіссөздер кезінде көптеген мәселе көтерілді. Бірақ бәрінің назары бір оқиғаға ауды. Екіжақты кездесу кезінде Ангела ханымның телефоны шылдыр ете түсті. Осындай жоғары деңгейлі кездесу кезінде Меркельге кім хабарласуы мүмкін?

Оны тап басып айту қиын. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Mutti-дің телефоны бекерден-бекер шырылдаған жоқ. Біріншіден, телефонның даусы дәл Путин сөйлеп жатқанда шықты. Яғни Ресей президенті бір сәтке тосылып қалды.

Екіншіден, басқан қадамын санап басатын немістер жоғары деңгейлі кездесуде мүлт баса қоймайды. Оның үстіне, әрбір әрекетіне ерекше мән беретін Меркель кездесу алдында телефон даусын сөндіруді ұмытты дегенге сену қиын.

Путин мен Меркельдің соңғы кездесуі болғандықтан, Ангела ханым әріптесіне осындай қыр көрсе­тіп қоюды жөн санаған сыңайлы. Бұлай деуімізге себеп жетерлік. Бұған дейін мемлекет басшылары талай мәрте кездесіп, бір-бірінің қитығына тиетін әрекетке жиі баратын.

Мәселен, олар 2007 жылы Кремльде кездескен-ді. Әңгіме кезінде бөлмеге Путиннің лабрадор иті кіріп келген. Кони деп аталатын қаншық Меркельді біраз уақыт иіскелеп тұрып алған. Мұндайды күтпеген канцлер сол орнында сілейіп қатып қалған.

Мұның себебі мынада. Ертеректе, 1995 жылы Ангела ханымды төбет қауып алған. Содан бері ол ит атаулыдан жүрегі шайлығып, көрсе айналып өтуге тырысады. Талай жыл КГБ-да жұмыс істеп, Германияда қызмет еткен Владимир Путин мұны білмеді деу қиын.

Осы оқиғадан кейін Меркель шарт кеткен. Журналистерге берген сұхбатында «Оның неліктен мұндай әрекетке барғанын түсінемін. Өзін нағыз еркек ретінде көрсеткісі келді. Ол өзінің әлсіздігінен қорқады. Ресейде ештеңе жоқ, тиімді саясат та, экономика да. Бары осы ғана», деген ашуға булыққан канцлер.

Путин мен Меркельдің кез­де­суінің «қызықтары» мұнымен бітпейді. Валдай  клубы кездесуіндегі панельдік отырыста канцлердің қасында отырған Кремль басшысы қойылған сұрақтардың біріне жа­уапты «үлкендерге арналған әзілмен» қайтарды.

Тағы бір осындай жиында, G-20 елдерінің саммитінде Путин мен Меркель бір мәселені қызу талқылап жатқаны бейнежазбаға түсіп қалған. Ресей президентінің айтқанынан қайтпай, сөзін дәлелдеуге тырысып жатқанын көрген Ангела ханым көзін бір төңкеріп тастайды.

Жалпы, Владимир Путин екі­жақты кездесулерде өзгеше «қол­таң­басын» қалдырып жүрген саясаткер десек, қателеспейміз. Мәселен, 2018 жылы Хельсинкиде АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп­пен кездесуінде «факты» деген сөздегі алғашқы буынға ерек­ше екпін бере сөйледі. Ал ағыл­шын тілінде оның тұрпайы мағына беретіні белгілі.

Айтпақшы, В. Путин 2017 жы­лы Санкт-Петербургте өткен халық­­аралық форумда панельдік дискус­­сияны жүргізіп, спикерлерге сұ­рақ қойып отырған журналист Меган Келлиді састырған. Амери­калық тілші Кремльдің АҚШ-тағы сай­лауға қатысы туралы сұрақ қой­ған. В.Путин сауалға жауабында Кел­лидің үш жасар қызын тілге тиек ете кетті. Бір қызығы, журналистің баласы туралы ет жақындары болмаса, былайғы жұрт біле бермейтін еді.

Осындай тағы бір қызғылықты жағдай Ресей президенті мен Қытай басшысы Си Цзиньпин арасында болды. 2017 жылы елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде екі елдің басшысы кездескен еді. Келіссөздер бөлмесінде Кремль басшысы бастаған делегация алғаш келіп, қытайлық әріптестерін күтіп отырған-ды. Бірақ Си Цзиньпин есіктен өзі ғана кіріп, келіссөздер үстеліне жалғыз жайғасты. Бірнеше минуттан кейін қытайлық делегаттар келді, алайда оған дейін В.Путин «Один боец» деп пікір білдіріп үлгерді.

Си Цзиньпин басқа мемлекеттер басшыларымен кездесуге ерекше мән беріп, дипломатиялық ишараны жиі жасайды. Мысалы, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездескенде ол бір рет те жымиған емес. Сарапшылар мұның себебі бір кездері Қытай мен Жапонияның соғысқанында жатыр деп есептейді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әрбір қимылы Батыс медиасының назарынан түс­кен емес. Оның айтқан сөзі, әлеу­меттік желіге жазған пікірі, тіпті қол беріп амандасуына дейін АҚШ-та қызу талқыланды. Ақ үй басшысының мұндай әрекеттері талай та­қырыпқа тұздық болған-ды. Әсіресе Д.Трамптың қол алысуы – өзінше бір «ғылым». BBC, CNN секілді мүйізі қарағайдай Батыс басылымдары Трамптың кездесудегі әрекетін жан-жақты талдап, жілігін шағып, майын ішкен. Мәселен, Д.Трамп әріптесіне өзі бірінші болып қолын ұсынады. Содан кейін әріптесінің қолын жібермей қысып ұстайды немесе өзіне қарай бірнеше рет тартып қалады.

Ақ үй басшысы бірқатар елдің басшыларымен кездескенде мұндай әрекетті қайталаған-ды. Әсіресе Жапония премьер-министрі Синдзо Абенің қол алысу рәсімінен кейінгі келбеті көпке дейін БАҚ бетінен түскен жоқ. Путин, Макрон, Тюрдо секілді ел басшыларымен амандасуы да талайға дейін «жырға» айналды. Батыс сарапшылары Д.Трамптың әрекетін моральдық тұрғыда басымдыққа ие болуға талпынысымен түсіндіреді.

2015 жылы Ригада өткен сам­мит­те де қызық жағдай орын алды. Еуропалық Комиссияның сол кез­дегі пре­зиденті Жан-Клод Юнкер Еу­ропалық одаққа мүше мем­ле­кет­тердің басшыларын қарсы алып тұр­ған. Есіктен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан кіргенде Юн­­вер мырза бүкіл елдің көзінше «Дик­­та­тор келе жатыр» деп айтып салды.

Биылғы сәуір айының басында Еуропалық Кеңес президенті Чарльз Мишель мен Еуропалық Комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Түркияға сапармен барған-ды. Сол кезде бүкіл әлем ерекше оқиғаға куә болды. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен қонақтардың кездесуі кезінде төрге екі-ақ үстел қойылыпты. Оның біріне Ердоған жайғасса, екіншісіне Чарльз Мишель отырды. Ал Урсула фон дер Ляйен бірнеше секунд бұған түсінбей қалып, кейіннен аудармашының қарама-қарсысындағы диванға жайғасты.

«Софагейт» атанып кеткен осы сәттің бейнежазбасы бұқаралық ақпарат құралдарында тарағаннан кейін-ақ бүкіл Еуропа дүр ете түсті. Бұл түсінікті де. Өйткені Урсула фон дер Ляйен де, Чарльз Мишель де тең деңгейлі президенттер. Сондықтан протокол бойынша екеуі де Р. Ердоғанмен қатар отыруы тиіс-тұғын.

Алғашқыда ерінбегеннің бәрі Түр­кияны айыптап шыққан. Кейі­нірек Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мәселенің ақ-қарасын айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, басшыларды осылай отырғызу Еуропалық одақ тара­пының ұсынысы болған.

Жалпы, Урсула фон дер Ляйен мен Чарльз Мишельдің осындай оғаш сәтке тап келуі бірінші рет емес. Екі президент бұған дейін де бір­неше мәрте бәсекелестігін аң­ғарт­ты. Әсіресе аты дардай екі инс­ти­туттың тізгінін ұстағалы ішкі тартыс басталды десек, артық айтқан­дық емес.

Былтырғы қаңтарда да ұйым басшыларының бәсекелестігіне куә болдық. Иерусалимде өткен Холокост форумында шартараптан келген мемлекеттер басшылары мен ұйымдар жетекшілері қыршыннан кеткен боздақтар рухына арнап гүл шоқтарын қойды. Еуропалық одақ атынан форумға Ч. Мишель мен У.Ляйен, сондай-ақ Еуропалық Парламент президенті Дэвид-Мария Сассоли қатысты.

Тәртіп бойынша гүл шоғын үшеуі бірге апарып қоюға тиіс болатын. Бірақ бұл жолы да Ч.Мишель алға түсіп, гүлді өзі көтеріп апарды. Оның ізін ала жүрген У. Ляйен мен Д. Сассоли амалсыз өз орнында тұрған гүл шоғына қол тигізумен шектелді.

Айта берсеңіз, мемлекеттер бас­шыларының кездесуіндегі мұндай дипломатиялық ишараның түр-түрі көп. Былайғы жұртқа байқала бермейтіні болмаса, саясаткерлер әріптесінің киген киімінен бастап, жасаған әр қимылына мұқият көңіл аударады.