Әлем • 25 Тамыз, 2021

Жанардағы жан сәулесі

568 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Зәре мен дәме немесе үміт пен үрей. Осы екі сөздің қайсыбірін алдына шығарсақ та бір-бірінен ажырағысы келмейтіндей. Жас қыздың жанарына қоныстанған жалған ғұмырдың жалқы сәулесі жан дүниеңді езіп жібереді. Неткен ауыр қасірет десеңізші! Тіршіліктің теңізіне батып кетпеу үшін арпалысқа түскен адамның шарасыздығынан терең шыңырау бар ма? Сәл аяңдасаңыз, көлеңкеңіз қуып жетеді. Сіз ажал алдындағы адамның қарашығына үңілдіңіз бе? Оған өмірдің мөлт еткен мағынасы тамып түскендей.

Жанардағы жан сәулесі

Ажалдан ақша жасаған фотограф. Тап осы фото болмағанда француз фотожурналисі Фрэнк Фурньеге «дәуір жыртқышы» деген айып тағылмас та еді. Ал егер ол сезіміне ерік беріп, жігерсіздік танытқанда әлем мұнша әбігерге түспес те еді ғой. Дәм-тұзы таусылуға таяған қаршадай қыздың қасіретіне қалай ғана тамсана қарап тұруға болады? Бұған сірә, түкті жүрек керек-ау! Ұлы шығармаларды өмірге әкелу үшін үлкен құрбандыққа барудың қажеті бар ма өзі? Біреудің қасіретіне сүйсінудің ше? Әйтсе де фотограф адамның ажал алдындағы дәрменсіздігін көрсеткісі келгендей. Даңқты дәрменсіздік!

1985 жылы Колумбияның Армеро қаласының іргесіндегі Невадо-дель-Руис жанартауы атқылады. Сол зілзаланың салдарынан қатты сел туып, 25 мың адамды көз жасына көмеді. Соның ішінде небәрі 13 жастағы Омайра Санчес Гарзонның тағдыры ғаламды елең еткізді. Колумбиялық қыздың камера алдында сөніп бара жатқан жанарын төрт күн бойы бақылаған адамзат бір сәтке селт еткен еді. Тамағына тығылған үмітсіздік тұманына тұншығып, кермек көз жасынан соқыр болады. Оның қара көздерінде соңғы секундқа дейін үміт оты алаулап тұрды.

Сол күні Омайра алаңсыз аға-тәтесімен бірге әкесінің қасында тәтті ұйқыда жатқан болатын. Ал анасы астанаға қыдырып кеткен. Олар жақындап келе жатқан селдің үрейлі дауысынан оянады. Бірақ бәрі кеш еді. Әкесі мен тәтесі тіл тартпай кетеді. Ағасы екеуі селден қашып үлгергенімен, кішкентай қыздың аяғы қираған үйдің үйінділері арасында қалады. Жақын маңдағы құтқарушылар қанша тырысқанымен бетон плиталардан босата алмады.

Қызды тұзақтан құтқару үшін суды соратын қуатты құрылғы мен қоқысты бөл­шек­теу үшін үлкен кран қажет еді. Бірақ кедей мемлекетте мұн­дай техника қайдан болсын. Қайғылы оқиға болған жерге келген дәрігерлер қыз­дың аяғын кесуді ойлайды. Алай­да арнайы хирургиялық қондыр­ғысыз мұндай амалға бару қауіпті болды. Сондықтан олар Омайраны қинамай, өз еркімен өлуіне жол берді.

Омайра суық суда 60 сағат­тан астам уақыт тұрды. Осы уақыт ішінде өзінің ақыл-есін жоғалт­пады. Қыз туыстарының дене­лері су астында қалғанын біле тұра, өмірге шағым айтып, жылаған жоқ. Оның бұл әре­кеті айналасындағы адамдар­ды таңғалдырды. Ажалын қасқайып қарсы алған қаршадай қыз, құтқарушыларға ән айтып, тіпті сұхбат беруге де келіскен. Ең аяулысы, мектепке кешігіп қалатынын жеткізіп, дұға да оқыған екен.

Марқұм Омайра Санчесті даңққа француз фотожурналисі Фрэнк Фурнье түсірген фотосуреттер бөледі. Ол өліммен арпалысқан баланы суретке тарту үшін 7 сағат жол жүріп келген. Кейінірек, жанартау тасқынынан қираған қаланы сипаттай отырып, «мен ұлы үнсіздікті айқайлап оятқым келді» деп жазады. Омайра өмірден өткеннен кейін, Paris Match-те жарияланған суреттер нағыз дүрбелең туғызды. Фурнье азғындыққа барды, сондай-ақ «фототілшінің негізгі моральдық ережесін бұзды» деп айыпталды. Адам азабынан кәсіп жасаған маманды қоғам қарғады да.

Фрэнк Фурньер «кішкентай қыздың батылдығы мен қайсарлығын, өмірге  деген құш­тарлығын көрсету үшін» осын­дай қадамға барғанын жария­лады. Колумбия үкіметінің әре­кет­сіздігіне қоғамның назарын аудару үшін түсіргенін түсін­дірді. Әлемді аяғынан тік тұрғызған «Омайра Санчестің азабы» деп аталатын жанжалды фотосурет 1985 жылдың ең үздік туындысы есебінде тарихқа енді.

Ажал алдындағы пенденің дәрменсіздігін дәріптеген фотосуретші ғұмыры баянды болды деуге ауыз бармайды. Уақыт оның өз сыбағасын бергені анық. Жанарға жас үйірген оқиғаның дауылы әлі де басылған жоқ. Ғаламшарды бағындырып, аспанды бауырға алған адамзаттың кішкентай баланы құтқара алмағандығына көңіл құлазиды. Өлімін қасқайып қарсы алған қайсар қыздың бейнесі көңіл төрінен кетпесі ақиқат. Жанардағы жан сәулесі жүрекке жылу сыйлайды. Қараңызшы?!