
Тың технологиялардың өндірісіне қажет
Құпия тізімнен алынып тасталған металдардың дені, әсіресе литий смартфон мен электромобильдің өндірісінде аса қажетті компонент саналады. Бұл шикізаттан қуаттағыш бөлшектер жасалатыны белгілі. Еліміздегі геология саласын дамыту тұжырымдамасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асырылады.
«Ұлттық жоба арқылы 500 мың шаршы шақырымнан асатын аумақта жер қойнауына өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу көзделген. Бұл Қазақстанның перспективалық аумақтарын бағалауға мүмкіндік беретін геологиялық карталарды жасауға, сондай-ақ геологиялық барлаудан кейінгі кезеңдегі жұмыстарды жүргізуге және салаға инвестиция тартуға жол ашады. Алғаш рет кең ауқымды геологиялық түсірілім жасауды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы деректердің деңгейі артып, пайдалы қазбалардың жаңа геологиялық құрылымдарын анықтауға және тұтастай жүргізілетін зерттеулердің сапасын көтеруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы жанынан Ұлттық геологиялық қызметті құру жоспарлануда», деді бұл туралы таяуда Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев.
Жауапты ведомствоның мәліметіне сәйкес, жаңа құрылымның негізгі міндетіне геологиялық-геофизикалық ақпаратты талдап, инвесторларға сапалы әрі дәйекті мәліметтер беру, сондай-ақ жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізуге қатысты ұсыныстар әзірлеу мен перспективалы инвестициялық жобаларды қалыптастыру кіретін болады.
Былтырдан бастап республикалық бюджет есебінен Шығыс Қазақстанда сирек металдарды іздеу бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл осы өңірдің бірнеше учаскесінде сирек металдардың кенді орындарын анықтауға арналған жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Жоғарыда айтылған нысандарда геологиялық зерттеу мен 13 нысанда сирек металдарды анықтау бойынша іздестіру жұмыстары 2022-2024 жылдарға жоспарланған.
Жеке инвестициясыз геологияны дамыту қиын
Отандық геология саласындағы тағы бір өзекті мәселе – геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту. Қолайлы инвестициялық климат пен салықтық преференциялардың қарастырылмауы, сол секілді квазимемлекеттік ұйымдар мен жекелеген компаниялар арасында тең жағдайдың сақталмауы саланы тежеп тұрған негізгі себептердің бірі. Мұны жоққа шығармаған салалық министрлік бұл мәселені Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған келісім арқылы реттеуге болатынына сенімді.
«Бүгінде мемлекеттік органдар мен «Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың кеңесі» қауымдастығы бірлесіп әзірлеген Жер қойнауын геологиялық зерттеу келісімі –
ұлттық компания үлесінің қатысуымен геологиялық зерттеу жүргізуге, барлауға және өндіруге сенімді түрде көшуге мүмкіндік беретін жүйелі шешім саналады. Яғни өзіне тиесілі учаскеде жұмыс істейтін инвесторға айрықша құқық беріліп, жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізуге қолайлы жағдай жасалады. Осы тәсіл инвестициялардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инвесторларға салықтық және басқа да преференциялар алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізуге арналған қаражатты бюджет және жеке инвестициялар есебінен ұлғайту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Өйткені осы арқылы кен орындарының перспективалы бағыттарын анықтауға мүмкіндік туады», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары.
Қазір мұнай-газ өндірісінің барлық көлемі 5 бассейнде игеріліп келеді. Оның ең ірісі Каспий маңы саналады, себебі еліміздің ресурстық базасының шамамен 80%-ы осы бассейнге тиесілі. Ал зерттеуді талап ететін әлеуеті зор 5 бассейнге, атап айтқанда Солтүстік Торғай, Ертіс өңірі, Арал, Сырдария және Шу-Сарысу инвесторларды тартып, оларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет, деді ведомство өкілі.
Екі мыңдай ұңғыма қараусыз жатыр
Құзырлы органның дерегіне сүйенсек, қоршаған ортаны ластайтын апатты мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдар аралығында елімізде арнайы зерттеу жүргізілді. Тексеру барысында 132 апатты мұнай ұңғымалары анықталып, оның 126-сы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жойылды. Енді 6 ұңғыма жою кезегін күтіп отыр. Оның ішінде Ақтөбе облысында – 3, Атырау облысында 1 ұңғыма және Маңғыстау облысында 2 ұңғыма бар. Апатты деп танылған мұнай ұңғымаларын жою жұмыстары 2023 жылға жоспарланған.
«Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – жерасты суларына мониторинг жүргізу. Жүйелі режімдік бақылаулар жерасты суларының 4 мыңнан астам пунктінде, жер сілкінісінің гидродинамикалық белгілерін зерделеуге арналған 12 бекетінде, 4 жерасты суларының техногенді ластану полигонында, 2 полигонда және қауіпті геологиялық процестердің 39 бекетінде жүргізіледі. Мониторинг деректері ресурстардың өзгеруін бағалау, жерасты суларының сарқылуы мен ластануын бақылау үшін пайдаланылатынын айта кеткен орынды. Апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында 516 қараусыз жатқан гидрогеологиялық ұңғымалар жойылып, оның 149-ы ластанғаны анықталды. Шамамен 2 мыңға жуық ұңғыманы жоюға немесе консервациялауға тура келеді. Жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Келер жылы оны жүзеге асыруға кірісеміз», деді вице-министр.
Экология министрлігінің дерегі бойынша пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында 8 мыңнан астам кен орны тіркелген. Оның ішінде көмірсутекті ресурс – 317, қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар – 3 мыңнан астам және жерасты суларының кен орындары 4 мыңға жуық.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ