
Серік ақын КСРО дейтін тасқамалдай алып державаның қабырғасы сөгіліп, ертең егемендік дейтін асыл арманымызға қолымыз жетер-ау деген үмітпен жүрген кезде, 1991 жылдың тамызындағы бүлік басталғанда Нұрмахан ағасының қандай ерлік жасағанын баяндап, өз ұсынысын ортаға салған.
Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Ол бізге оңай келген жоқ. Талай қиындықты бастан кештік. Осы жолда талайлар бастарын бәйгеге тікті. Басқалар жасай алмайтын қадамдарға барды. Соны бағалауымыз керек. Бұл ұрпаққа да өнеге болар еді.
«Ол сол кезде қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы да айта алмаған сөзді айтқан! Бірақ оны өзінің қазағы да, ойы озық демократияшыл орыс көршісі де түсінген жоқ... Ол кезде ақылымыз алтау, ойымыз жетеу болған шығар? Содан бері 30 жыл өтті. Есімізді әлі жиған жоқпыз ба?» деп жазады Серік ақын.
Тағдыр шығар, біз үш азамат: Нұрмахан Оразбек, ақын Сәкен Иманасов және мен жиі араластық. Нұрекеңнің бізден жарты жылдай үлкендігі болды. Содан да оны аға тұттық. Оны «батыр қазақ» дейтінбіз.
Әңгімемізге көбіне сол тамыз бүлігіне қатысты оқиға арқау болатын. Өзі де көп жайды айтып берді ғой, сөйтсе де ақырында: «Осыны сұрайтындар көп, бір мақала жазғаным жөн-ау» дегенге тоқтаған. Сол «Алмағайып заманда адаспасақ деп едік» деген мақала «Егемен Қазақстанда» жарияланған.
«Орталық Қазақстанның» редакторы Нұрмахан Оразбек – тәртіптің адамы. Газет материалдарын таңертең сағат 11-12-ге дейін оқитын. Ол кезде редакция қызметкерлері аса бір қажеттілік туып жатпаса, өзін мазаламайды. Тәртіп солай. Сол күні, яғни 1991 жылдың 19 тамызы күні сол тәртіпті газеттің бөлім меңгерушісі Марал Хасенов бұзды. Бастығының ұнатпағанын аңғарып, «Мәскеуде бірдеңе болып жатқан сияқты» дегенді айтты. Радионы қосқан. Сайрап тұр. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесін, КСРО вице-президенті Г.Янаевтың жарлығын, елдің Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетінің үндеуін диктофонға жазып алды.
«Заматта аласапыран ойлар қаптады, «бұл соңғы жылдардағы өзгерістерге қарсы жасалған төңкеріс» деген байлам бірден келді», дейді Нұрекең. Ол орыс әріптесі, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Эдуард Широкобородовқа кіріп, «мынаған бірдеңе деу керек-ау» дегенді айтты. Ал ол: «Біз не айтамыз?» дейді шарасыздық білдіріп, қорғалақтап. Обкомға айта алмайсың. Оларда пікір жоқ. Жоғарыға қарайды. Енді бар әңгіме өзіне тіреліп тұр.
Сағат 12-де қызметкерлер лездемеге жиналды. Редактор өзі ғана қысқа сөйледі: «Сұмдық оқиғалар болып жатыр, халыққа оның ақ-қарасын түсіндіру – бізге міндет. Лукьяновтың мәлімдемесін, Төтенше комитеттің үндеуін нөмірге бермейміз. Янаевтың жарлығын ғана жариялаймыз, басқасы өзіміздің материал болады, бірінші беттен орын қалдырыңдар», деді редактор. Сөйтті де, қызметкерлер шығып кеткен соң, есікті іштен бекітіп, үстелге отырды. Біраз ойдан кейін «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деген сөйлем жазылды. Бұл газетшілер тілінде «шәпкі», жалпы тақырып. Сонан соң «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырып. Одан әрі, Нұрекеңнің өзі айтқандай «қаламның қуаты біледі».
Осылайша, Қазақстанда ғана емес-ау, бүкіл КСРО дейтін елде ешкім айта алмаған ойларға құрылған мақала дүниеге келді. «Иә, бұл – төңкеріс» деп аталды. Ертеңінде «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрді. Оны қазір толық қайталап көшіріп жазудың реті жоқ, кейбір үзінділерін келтірумен шектелейік: «...Иә, көреген сарапшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-қызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде... табыла қоймас.
Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған кеңес басшылары атынан жарияланған мәлімдемелерге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз да көз жетеді (тізім келтірілген).
Иә, бұл төңкеріс. Және ол, ең алдымен, «Егемен мемлекеттер Одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған...төңкеріс қалыптаса басталған демократияға қарсы жасалған...
Төңкеріс жасаушылар «Конституцияны сақтауға» сілтеме жасайды. Бірақ олардың өздері Конституцияны тәрк етіп отыр... Олардың күні ертең тарихтың «қара тақтасына» жазылатынына ешқандай күмән болмаса керек. Жоғарыдағы хабарлар беріліп болған соң, радио мен теледидардан әдеттегі хабарлар, көңілді музыка беріліп жатты. Жоқ, бұл күні қаралы, азалы музыка берілуі керек еді. Өйткені бұл – біздің елде демократия жерленген күн».
Алғашында мақаланы осылай аяқтап, теруге жіберген. Оны қайта оқып отырып, ойға келді. Сол төңкерісшілер біржола билікке келер болса, ешкімді аямайтыны анық. Өзін қойшы, мынау газеттегі қызметкерлеріне зияны тиіп кетпей ме деген ой редакторды қажай берген. Материалды қайта алдырып, оған мынадай мәтін қосты: «Соңғы айтарым: бұл – асығыс жазба қайғылы хабардан туған алғашқы әсер. Жеке пікірім. Ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін».
Бұл – нағыз басын бәйгеге тігу еді. Мұны редактордың өзі де, басқалар да ұқты. Олар редакторды райынан қайтаруға біраз әрекет жасады, бірақ Нұрмахан райынан қайтқан жоқ. Сол тамыз бүлігіне қатысты «Орталық Қазақстан» тағы да төрт мақала жариялады. Бүлікті айыптап. Елдегі барлық билік орындары не істерін білмей, басқаларға жөн-жосық та айта алмай қалған кезде, әліптің аяғын бағып, ресми материалдармен шектелген көп газет кейін бүлік басылған соң, оны ғайбаттап көп шулады. Сонда сол тамыз бүлігін алдын ала айыптаған бір басылым не бір журналист Ресейде де болған жоқ. Сондай біреулер табылғанда оны қазір пайғамбарға теңеп, қалай марапаттар еді! Ондай адам тек Қазақстаннан шықты. Ол облыстық газеттің редакторы Нұрмахан Оразбек еді...
Кейін бұл тақырып талай рет әңгімемізге арқау болды.
– Бұл қадамға қалай бардыңыз? – дейміз ғой. – Аналар билікке келсе, бас кететін жайт ғой.
– Әй, Сәкен, басқаны қайдам, мұндай қадамға сен барар едің ғой... «Ар алдында мен өзімді әрдайым, Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем» деген сөзді айтқан сенсің. Редактор болғаныңда, барар едің. Ал мына Мамадияр «Жетісуда» редактор кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың қасқайып тұрған суретін басып, жазаға ұшырады: партиядан қуылып, облыстық газет редакторлығынан аудандық газеттің корректорлығына дейін домалады. Шынын айтсам, сол мақаланы жазып отырып, Желтоқсан оқиғасына байланысты мына Мамадиярмен бірге өзімнің керемет сыйлайтын рухани ағам, бастығым, КазТАГ-тың директоры болған Жұмағали Ысмағұловтың Орталық Комитеттің бюросында жұмыстан қуылғанын да есіме алғам. Солардан менің жаным артық па дегенмін.
– Енді, Нұреке, біз ондай қадамға аяғы солай боларын білмей бардық, ал сіз біліп бардыңыз, – деп мен сөзге араластым. – Екеуі екі басқа...
– Әй, осы мені мақтай бергендеріңді қойыңдаршы, – деді Нұрмахан ағамыз қабақ шытып.
Осы жерде айтатын бір жайт: ол жалпы өзі туралы мақтаңқырап айтқанға әжептәуір қысылып, әңгімені әзілге бұрып, «мұны менің орнымда басқа да жасар еді ғой» дегенге тірейтін. Ал басқа ешкім жасай алмаған тамыз бүлігіне қатысты әрекеті сияқты жайлар Нұрмахан ағамыздың басынан көп өткен. Сондай тағы бір жайт еске оралып отыр.
Бұл да оның «Орталық Қазақстанда» бас редактор болып тұрған кезінде болған. Ол өз газетінде әлі коммунистердің дегені болып тұрған кезде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, оның қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген мақалымен алмастырды. Бұл да бас бәйгеге тігілетін жайт. Тігілгенде, жұмыстан алады да тастайды. Бұл ұранның құдіреті соншалық, сол заманда онсыз күн жоқтай еді. Ол сонау «Правдадан» бастап, КСРО-да шығатын барлық газеттердің, тіпті мектептердегі қабырға газеттерінің маңдайына жазылатын. Партияның Орталық Комитеті ғана емес, барлық облыстық, аудандық комитеттерінің ісқағаздарында да осы ұран жазылар еді. Ал редактор Н.Оразбек облыстық партия комитетінің органы саналатын газеттен оны алған да тастаған. Көп адамның оған бармақ түгіл, бұл жайында ойлауға жүрегі шайлығатын заман еді ғой.
Бұл жаңалықты естіп, газеттен көзімен көріп, обкомның идеология жөніндегі хатшысы байбалам салды. Редактор абдырамай қорықпай жауап берді. Біз тек пролетариаттың ғана емес, жалпы халықтың мүддесін ойлаймыз. Уақыт өзгерді, заман өзгерді, ұран да өзгереді, дегенді айтқан редактор. Обком хатшысы көп дауласпады. Бұл адамды уәжбен оңай жеңе алмайтынын білді. Қорқытқанға да көнбейді. Оның бұрынғы әрекеттерінен де хабардар. Бірде обкомның бюросында соған мүшелікке кандидат КГБ-ның облыстық комитетінің бастығы Давыдов деген облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің редакторы Э.Широкобородовқа орынсыз тиісіп, қатты-қатты сөз айтқанда, оның қазақ әріптесі Нұрмахан орнынан тұрған. «Сіз осы кімсіз? – деген ол әлгі бастыққа қарап. – Бұл болса жүз мыңнан астам данамен тарайтын облыстық газеттің бас редакторы, оған айқайлайтын, жәбірлейтін қандай қақыңыз бар? Әлде КГБ-ге сондай құқық беріліп пе еді?». Сонда Давыдов та, обкомның бірінші хатшысы Локотунин де үндей алмаған. Ал басқалар қазақ газетінің редакторына енді басқаша қарайтын болды. Идеология жөніндегі хатшы да оны ұмытпаған. Содан да ұзаққа бармай тоқтады. Нұрмаханның өзі сол ұранды ауыстыру әрекетін кейінгі тамыз бүлігіне қарсы тұрудың алдындағы жаттығудай көретінін айтқаны бар.
Содан бері 30 жыл өтсе де, тек журналистері ғана емес, жалпы Орталық Қазақстан халқы жалынды журналист Нұрмахан Оразбекті ұмытпайды. Әркез естеріне алып, құрметтерін білдіріп тұрады. Ақын Серік Ақсұңқардың әңгімесі де соның бір көрінісі.
Тек қарағандылықтар ғана емес, Нұрмахан Оразбектей азаматты өзіміздің зиялы қауым, әсіресе, қалам ұстаған қауым жақсы біледі. Ол жайындағы сөздер кең-байтақ еліміздің тұс-тұсынан-ақ естілетіні жанымызды жадыратады. Солардың қай-қайсысы да оны батыр журналист деп бағалайды.
Сол 1991 жылдың 19 қазанында Қазақстан Журналистер одағының съезі өтті. Сонда ардагер журналист Сапабек Әсіпов тебіреніп сөйлеп, жұрттың назарын аударды: «Құдайға шүкір, бізде ақылды да білімді, таяқтан тайсалмай, семсерден сескенбей, шындықты айта білетін батыл қаламгерлер баршылық. Солардың бірі ғана емес, бірегейі Қарағанды облыстық газетінің редакторы Нұрмахан Оразбековтің азаматтық ерлігі кешегі ГКЧП бүлігі кезінде айқын көрінді. Ол газетке арнайы мақала жазып, бүлікшілерге бағынбауға, олармен ашық айқасқа шақырды. Осы жолы да қандай жазаны қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Азаттық үшін, демократия үшін жасалған ерлік деп осындайды айтсақ керек. Айналайын Нұрмахан, сол ерлігің үшін мен сенің алдыңда ақ шашты басымды иемін».
Бұл сөздерді Нұрмаханның өзі де естіген. «Ағадан алған алғыс бәрінен қымбат» дегені бар.
Нұрмахан дүниеден озған соң ол жайында бірнеше кітап шықты, газет-журналдарда талай мақалалар жарық көрді. Үлкен қайраткер тұлғаның аты өшпейтініне қуанамыз. Біздің бүгінгі айтқанымыз да, құрметіміз де оған қажет емес, ұрпаққа қажет. Солар өнеге алу үшін.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында, сол жолда қасқайып күрескен тұлғаларымызды еске алып, олардың қайраткерлігін бағалау – бүгінгілерге парыз.
Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі