Қазақстан • 27 Тамыз, 2021

Бейбіт әлем бастамасы

825 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1991 жылдың 29 тамызында Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен Семей ядролық сы­нақ полигоны мәңгілікке жабылды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы  қарар қабылдап, 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады. 2015 жылғы 7 желтоқсанда аталған ұйым «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы» жалпыға ортақ дек­ларация қабылдады. Адамзат баласының бейбіт өміріне, әлемдік қауіпсіздікке бірден-бір кепіл болып табылатын осы маңыз­ды құжаттардың бастамашысы Қазақ­стан және оның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені БҰҰ-ның барлық тарихи құжаттарына таңбаланып, жазылды. 

Бейбіт әлем бастамасы

Биыл Семей ядролық сынақ поли­гонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Отыз жыл бұрын Қазақстан әлем бойынша төртінші ядролық арсенал­дан ерікті түрде бас тартып, ядро­лық қаруға қарсы қозғалыстың көшбас­шы­сына айналған еді. Осы бір айтулы бастаманың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің де өзіндік символдық мәні бар. Себебі киелі қазақ жерінде қырық жылдан астам уақыт ажал уын сепкен Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы – егемен елдің бейбіт өмірге, жарқын болашаққа ұмтылысының алғашқы игі де зор қадамы болатын. Бұл қадам Н.Назарбаевтың көрегендігі мен ерік-жігерінің және халықтың жаппай қол­дауының арқасында ғана табысты іске асты. ХХ ғасырдағы аса зауалды, қатерлі қарудан ең көп зардап шеккен қазақ ұлтының табиғи қарсылығы уақыт өте келе халықаралық, әлемдік қозғалысқа айналып, дүние жүзіндегі ең ірі сынақ полигондарындағы жарылыстарды тоқтатуға түрткі болды.

Полигонды түбегейлі жабу мақ­сатында құрылып, уақыт өте келе жал­пы­халықтық қозғалысқа айналған, халқымыздың қайраткер ақыны Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы да Қазақ­стан­нан бастау алған «қарусыздану бас­та­масының» жаршысы болды.

Өкінішке қарай, ядролық сынақтар ұлы Абай туған топырақтағы жергілікті халықтың денсаулығына, қоршаған орта мен табиғатқа орны толмас зардабын тигізді. Семей сынақ алаңы ашыл­ған кезде, әлем халқының алдында ол аумақ адам баласы тұрмайтын, иен жат­қан жер ретінде көрсетілді. Ядролық сынақ­тан тіршілік атаулыға ешқандай зиян келмейді деген, көпе-көрінеу жалған ақ­парат пен жаппай насихат жүргізілді. Сол аумақтағы мыңдаған адамдардың тағдырына, жас өскіннің болашағына ешкім басын ауыртқан жоқ. Бұл, шын мәнінде, тұрғылықты халыққа қарсы қасақана, жоспарлы түрде жасалған қиянаттың, қастандықтың бір түрі болатын. Басқаша айту мүмкін емес.

Кеңес билігі ешкімді аяған жоқ. Өткен ғасырдағы революциялар, дүние­жүзілік соғыстар мен қуғын-сүргін, ашар­шылық біздің халқымыздың жан-тәні мен санасына жазылмастай жара салды. Семей сынақ полигонын­да 1949-1989 жылдары жарылыстар үздіксіз жасалды. Мұндай алапат сынақ­тар­ды бүгінде көзге елестетудің өзі қиын. Осы жылдар ішінде Семейде 468 ядролық сынақ өткізілді. Оның 125-і ашық ауада, 343-і жер астында жасалды. Ғалымдардың дерегінше, бір ғана 1949 жыл мен 1963 жылдары өткізілген ядролық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған атом бом­басының күшінен 2,5 есе артық болған. Ядролық сынақтар 18,5 мың шаршы шақырым алаңда өткізілсе, оның төңі­регіндегі 300 мың шаршы шақырым жер экологиялық апат аймағына айналды. Жарылыстар салдарынан таралатын радиоактивтік материалдар Қазақстандағы үш бірдей облыстың ауа­сын, табиғатын үздіксіз ластап жатты. Сол кездегі Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының тұрғындары полигонның зардабы мен залалын толықтай өз бастарынан өткерді.

Полигон аймағында 1,5 миллионға жуық адам тұрды. Ресми есеп бойынша солардың 500 мыңға жуығы ра­дио­­активті сәулеленуге ұшыраған. Мұ­ның сыртында, полигонға қатысты ауру-сырқаулардың есебі бір бөлек. Мысалы, Семей қаласы мен оның төңі­регіндегі онкологиялық аурулар коэф­фи­циенті елдегі ортақ көрсеткішпен са­лыс­тырғанда үш есе жоғары болған.

Медицина мамандарының айтуынша, полигонға іргелес жатқан ауылдарда қалқанша безі мен қатерлі қан, ісік аурулары, яғни гемабластомалар, лейкоз, лимфомалар, лейкемиялар Қазақстанның басқа аудандарына қарағанда 10-15% жиірек кездеседі. Әрине, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, ядролық сынақтардан зардап шеккен облыстар мен оның тұрғындарына барын­ша қолдау көрсетіп, жәрдем беруге ты­рыс­ты. Апатты аймақтарды қалпы­на кел­тіруге халықаралық қоғамдас­тық та көмек қолын созды. Полигон жабылған­нан кейін сол жердегі тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесі өткір қойылған еді. Осыған орай 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полиго­нын­дағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабыл­данды. Басқа да нақты, кешенді көмектер жасалды.

Алайда полигон зардабын жою – белгілі бір мерзімнің ғана шаруасы емес. Бір ғана полигонның инфрақұрылымын бөлшектеп, одан қалған қалдықтар­ды тазартудың өзіне жиырма жылдай уақыт кеткені белгілі. Бұл іс-шаралар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір сөзбен айтқанда, 1949-1989 жылдар­дағы зұлматтың нақты ауқымы әлі де зерттелуге тиіс. Мемлекет бұл істі өз қолына алған. Былтыр Қазақстан Пре­зи­денті Қ.Тоқаев полигон аумағын то­лыққанды зерттеп-зерделеу жұмысы аяқталғанын мәлімдеді. Қазақстан халықаралық деңгейде де қарусыздану бағытындағы іс-қимылды тоқтатқан емес. 1992 жылы Лиссабон хаттамасына қол қойылды. Осы тұрғыда, 1994 жылдың ақпан айында біздің еліміз Ядролық қаруды таратпау келісіміне отырды. Бұдан кейін, 1996 жылы Ядролық жарылыстарға тыйым салу келісіміне қосылды. Сондай-ақ 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісім жасалды. Қазақстан­ның ядролық қаруды жаһандық ауқым­да тыйым салуға бағытталған қадамдары елеусіз қалған жоқ. 2015 жылы Атом қуа­ты халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) халықаралық ұйымы елімізде Төмен байытылған уран банкін ашуға шешім қабылдады.

Өкінішке қарай, ядролық қару қаупі бүгінгі таңда да сейілмей тұр. Бір жағынан қару-жарақтарды жою мен бөл­шектеу жалғасып жатса, екінші жағы­нан сол қару-жарақты жетілдіру тоқ­тай­тын емес. Ол үшін тіпті орасан қар­жы-қаражат бөлінеді. Әлемдегі әске­ри арсенал күн өткен сайын артып келе­ді, уақытында Будапешт меморандумына кепілдік болған елдерден (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания) өзге мемлекеттер де өз әскери қуатын арттыруға жанын салып жатыр. Қазіргі күні ядролық қаруға ие болып отырған 9 мемлекет бар. Олар: АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Үндістан, Пәкістан, Израиль және КХДР. Әлемдегі ядролық зымырандардың 90 пайызы АҚШ пен Ресейдің қолында болса, Ұлыбритания өзінің зымырандарын 225-тен 260-қа арттыратынын айтып отыр. Қытай ядролық қару-жарағын жетілдіріп, ұлғайтуды көздеп отыр, Үндістан мен Пәкістан да қалысатын емес.

Басқа емес, Азия құрлығында қандай шиеленістердің төбе көрсетіп жатқанын, оның осы құрлықтағы кез келген мемлекет үшін шетін мәселе екенін болжап, байқап отырмыз. Бұл – өте қауіпті үрдістер. Қазіргі кездегі тағы бір өзекті жайт – жаппай ажал се­бе­тін қарудың террористердің, өзге де күмәнді топтардың қолына түспеуі болып тұр. Халықаралық қауіпсіздік жүйесіне нақты кепілдіктер керек-ақ. Сонда ғана мамандар «ядролық қыс» атаған қызыл сызықтан аспайтын боламыз. SIPRI ұйымының мәліметінше, бүгінгі таңда ядролық қару-жарақты есепке алуда ашықтық жетіспейді. Ядролық арсеналдары мен ядролық державалардың мүмкіндіктері бойынша сенімді ақпараттар әртүрлі. АҚШ, Ұлыбритания мен Франция өздерінің кейбір деректерін жария етеді. Ресей өзінің ядролық күші туралы толыққанды деректі жариялаудан бас тартқанымен, АҚШ-пен ақпарат бөлісіп отырады. Қытай өз әскерінің саны мен алдағы жоспарлары тұрғысында мардымсыз ғана ақпарат ұсынады. Үндістан мен Пәкістан үкіметтері қайсыбір зымыран сынақтары бойынша хабар етіп отырса да, өздеріндегі арсенал мен оның қуаты жайында еш ақпарат бермейді. Солтүстік Корея ядролық сынақтар өткізгенін жасырмағанымен, ядролық арсеналының қуаты туралы тіс жармайды. Израиль ежелден өз мүмкіндіктері жайында үн қатпау саясатын ұстанып келеді.

Бұлай жалғаса берсе, әскери оқтұм­сық­тарды қысқарту ісі мүлде тоқырап, керісінше, олардың саны арта беруі де мүмкін.

Қазақстан – өзінің тарихи таңдауын жасаған мемлекет. Біздің еліміздің ядро­лық қаруға жаһандық ауқымда тыйым салуға қол жеткізу миссиясы қазіргі таңда бүкіл әлем үшін өзекті болып отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұл бағытта аса маңызды бастамалар көтеріп жүр. Атап айтқанда, Елбасы дүние жүзіндегі әскери шығындардың белгілі бір бөлігін білімге немесе аштық­тан зардап шеккен елдерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бөлу туралы бастама көтерді. Ол үшін БҰҰ жанынан арнайы қор ашып, сол қорға әр мемлекеттің әскери бюджетінен 1%-ын бөліп отыру ұсынылды. 

Тағы да сол SIPRI дерегі бойынша, 2020 жылы дүние жүзіндегі әскери шы­ғындар 1981 млрд долларға дейін өскен. Осы уақытта ішкі жалпы өнім­нің қысқарғанына қарамай, әскери шы­ғын­дардың ІЖӨ-ге шаққандағы үле­сі 2,2 пайыздан 2,4 пайызға дейін ұл­ғай­ған. Жекелеген мемлекеттерде әс­кери шығын 3-6 пайызға дейін өс­кен. Әскери шығындардың 39 пайызы АҚШ-тың, 13 пайызы Қытайдың үле­сінде. 3-4 пайызы Ұлыбритания, Ресей, Үндістан еншісінде. Жапония, Фран­ция, Германия, Сауд Арабиясы 2,5-2,9 пайыз деңгейінде. Осыған қарамай, халықаралық кедейлік шегі күніне 2 доллар ғана. Дүние жүзіндегі аштықтан зардап шегіп отырған тұрғындар саны – 811 млн адам. Салыстырмалы түрде айтсақ, әлемдік әскери бюджеттің жартысымен-ақ аштықтан күйзелген барлық тұрғынды қамтамасыз етуге болар еді. Ал әскери бюджеттің 1 па­йызын бөлген жағдайда, бұл шама­мен 20 млрд доллар, Африка ел­дері мен Сахараның оңтүстігіндегі ВИЧ жұқ­тырған адамдарды емдеу үшін ондаған Education Plus тәрізді бағдар­ламаларды іске асыруға болар еді.

Тағы бір мысал. Білім саласындағы жаһандық әріптестік шеңберінде 2021-2025 жылдары табысы төмен ел­дер­дегі білім жүйесін жетілдіруге 5 млрд доллар бөлу жоспарланып отыр. Осы сияқты бұрынғы Семей ядролық поли­гонының аумағын зарарсыздандыру жобаларына да қомақты қаражат бөлуге болар еді. Қазірге дейін Нанна-Лугар бағдарламасы бойынша 150 млн доллар ғана бөлінген. Ал жекелеген болжамдарға сәйкес Семей сынақ алаңы келтірген шығын 6-9 млрд долларды құрайды. Әрине, қандай қаражат, көмек болса да, сынақ жылдарындағы ажал құшқан немесе белгілі суретші Кәріпбек Күйіков секілді мүгедек болып қалған мыңдаған жандардың тағдырлары мен бастан өткерген қиындықтарына еш нәрсе жамау бола алмайтыны ақиқат.

Қазақстандағы полигон шежіресі Семей атом полигонымен түгесілмейтіні де рас. Еліміздегі Возрождение аралында биологиялық қаруларды сынайтын тағы да бір полигон болған. Ол жер – Аралдың қазір құрғап қалған аумағында. Бұдан өзге де сынақ алаңдары болды. Мұндай жобалар Қазақстан аумағының 5-7 пайызын алып жатты. Қасиетті қазақ жері көзсіз қарулану мен қырғи-қабақ соғыстың ащы азабын осылай тартты. Бағымызға орай Тәуелсіз Қазақстан өзінің өткен тарихындағы ауыр да қасіретті салдарлардан біртіндеп арылып келе жатыр. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы соңғы бес ғасырдағы алмағайып дәуірлерден еңсесін тіктеп, егемен ел атанып шықты. Дүние жүзінде 3 мыңға жуық этностық топ, 7 мыңға тарта тіл, 200-ге тарта мем­лекет бар десек, солардың алдыңғы тобын­да маң­дайы жарқырап Қазақстан Респуб­ли­касы тұр. Мемлекеттің ондаған жыл­дар бойы жүргізген табысты, сауат­ты қоғамдық, экономикалық, мәдени сая­сатының арқасында биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз.

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

Қазақстан Республикасының Украинадағы

Төтенше және өкілетті елшісі