Қазақстан • 27 Тамыз, 2021

Тәуелсіздік тұғыры

2203 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ата Заңды насихаттау және дәріптеу биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр. Конституция және Тәуелсіздік ұғымдары өзара тығыз байланысты. Егемендік туралы сөз қозғалғанда алғашқылардың бірі болып Ата Заң көз алдыңа келеді. Әлемнің көптеген елдерінде жаңа мемлекеттің заңдық тұрғыдан рәсімделуі оның конституциясын қабылдау арқылы жүзеге асырылды. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

Тәуелсіздік тұғыры

Жалпы, конституциялық құ­ры­лысты кең және төте мағы­нада түсінуге болады. Бірін­шісі мем­лекеттің түбегейлі конс­ти­­ту­циялық актілерін құруды қам­­­тиды. Осы орайда еліміздің тәуел­­сіздігін заңдық тұр­ғы­дан бе­кі­ту үрдісінің басын­да Мем­лекет­тік егемендік тура­лы Дек­лара­ция, Мемлекеттік тәуел­сіз­дік ту­ра­лы Конституциялық Заң, Респуб­ли­каның 1993 жылғы тұң­ғыш Конституциясы тұрды.

Келесі жағынан консти­ту­ция­лық құрылыс Ата Заңда қарас­тырылған экономикалық, саяси-құ­қықтық, әлеуметтік және өзге де ережелерді жүзеге асыру процесін білдіреді. Бұл мағынада 1995 жыл Қазақстанның жаңаша тари­хында Ұлы дала елінде конс­ти­туционализмді дамытудағы са­палы бетбұрыс кезеңін ашты. 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің конституциялық даму стратегиясының жаңа моде­лін бекітті. Республиканың Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынып, жан-жақ­ты сараптамалық зерделеуден өтіп, халық қолдаған Негізгі Заң­ның өміршеңдігіне және ортақ игілік­терге қызмет ететініне өткен жиырма алты жыл куә.

Осы уақыт ішінде қазақтың дәстүрлі құқығының, кеңестік және қазіргі заманғы Қазақстанның және дамыған мемлекеттердің, әлемдік тәжірибенің озық жаңалықтарын ұлттық ерекшеліктермен ұтымды ұштастырған қолданыстағы Конституция тыныс-тіршіліктің барлық саласында ауқымды реформалар жасап, оларды қайта жаңғыртуға толықтай негіз болды. Сондықтан халқымыздың ұзақ уақыт арманына айналған ең басты құндылық – мақсаты тәуелсіз туы желбіреген дербес ел болу еді, бұл мүддені императивті құқық нормасымен шегелеген де, жүзеге асырған да осы Конституция деп айту қажет.

Ата Заңның қабылдануы қо­ғам­ға, мемлекетке және азамат­тарға конституциялық еркіндік берді. Соның арқасында біреуге жал­тақтамай өзінше, дербес өмір сү­ру, саясатын анықтау, ұнаған қыз­­метімен айналысу мүмкіндік­терін алды. 

Тәуелсіздік алғанымыздан бер­гі үш онжылдық ішінде талай ақтаңдақ ақиқаты ашылды. Олардың конституциялық та­қырыпқа да қатысы бар. Ресей құрамындағы бодандық кезеңде және коммунистік жалаң ұран уақытында бұл мәселелерді терең зерттеуге жол берілмеді. Егемендік сыйлаған еркіндіктің арқасында қазір іздену аясы кеңіп, айқындалған деректер ерте кезден қазақ қоғамында бірнеше рет конституциялық-құқықтық реттеу модельдеріне талпыныс жасалғанын көрсетіп отыр. «Тақыр жерге шөп шықпайды» демекші, қазіргі құқық саласындағы жетіс­тіктерде ата-бабаларымыздан қалғ­ан бай заңи мұраның үлесі де же­терлік. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғы­сынан кейін Қарқаралы петициясы, Қарамола ережелері, ұлт интелли­ген­циясының демократиялық құқықтық ұсынымдары дайындалды. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасында бірқатар конституциялық сұраққа жауап берілді. Тұңғыш Президент атап өткендей, бұл бағдарлама барлық кеңестік конституцияларға қарағанда конституционализм идеяларына неғұрлым бай болды.

Қазақстанның құқықтық даму тарихында (құжат 1981 жылы табылып, алғаш рет 1992 жылы «Түрік бірлігі» газетінде шыққан) Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы әзірлеген «Қазақ елі» жарғысының (алғашқы Қазақ Конституциясының жобасы) орны ерекше. Оның кіріспесінде «Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей, бейбіт жолмен жерімізде хүкмет өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» делінсе, төрт тараудан тұратын негізгі мазмұнында мемлекеттік биліктің қайнар көзі, Мемлекеттік Ту, халық сайлайтын Ұлт мәжілісі, Президент, ол тағайындайтын министрлер, адам құқықтары, қазақ жері, оның меншік нысаны, сот билігі, алқабилер институты жайлы айтылған. Бұл мәселелер кез келген елдің конституциясының дәстүрлі реттеу нысанасына жататыны баршаға мәлім. 

Аталған құжаттардың барлығы әлі де терең зерделеуді талап етеді. Бұл – ұлттық сананы көтерудің маңызды факторы. 

Либерализация аясында бұрын тыйым салынған тақырыптар қозғалды, оларға деген оқыр­ман­ның да, қаламгерлердің де қызы­ғу­шылығы еселеп артты. Ұмыт бола бастаған, тасада қалған, жасырылған деректер көрініс тауып, тарихи шындықты қалпы­на келтіруде орасан көлемді жұ­мыс­тар жүргізілді.

Республика Президентінің Жар­лығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комиссия құ­рылды. Астана күні қарсаң­ында бас қаламызда Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды Алаштың ақсұңқарларына ар­нал­ған ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіш заманының сын-қатері­не қарамай еліміздің азаттығы мен өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен ұлтымыздың ұлы тұл­ғаларына деген шексіз құрме­тіміздің белгісі.

Осы жасалып жатқан ауқымды жұмыстар Ата Заңның кіріспесінде жазылған «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан хал­қы, байырғы қазақ жерінде мемле­кеттілік құра отырып» деген сөз­тіркесінде пайымдалған қоғамдық-идеологиялық құндылықтар сабақ­тастығынан, сондай-ақ адам­­ның қадір-қасиетіне қолсұғыл­­маушылық, әркімнің ар-намы­сы мен абыройлы атын қорғау қағи­даттарынан туындайды. Мұн­дай құқықтарға мемлекет тұлғаның өмір бойы, тіпті бақилыққа ат­тан­ғаннан кейін де кепілдік беруге міндетті. 

Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қабылданған бірқатар заңнамалық және өзге де шешімдер Конституция ережелерін жүзеге асыруға оң әсерін тигізіп отыр.

Айталық, жақында ғана алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл – осы жылдары байып­пен жүргізіліп келе жатқан демо­кратияландыру процесіндегі ма­ңызды шара. «Мемлекеттік би­лік­тің бірден-бір бастауы – халық» конституциялық формуласы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару саласында жаңа бір көрініс тапты.

Бұл саяси додаға азаматтар мен саяси партиялар белсенді қатысып, бәсекеге толы күрестің нәтижелері бойынша 700-ден астам әкім сайланды. Алдағы уақытта аудан және қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау – жоспарда. Саяси партиялардың Парламентке өту квотасын 7-ден 5 %-ға дейін төмендету келесі Мә­жі­ліс депутаттарының сайлауын­да азаматтардың саяси құқық­тары­ның жүзеге асуына зор мүм­кіндіктер ашады. 

Бұл жаңашылдықтар Конс­ти­туцияда белгіленген сайлау құқы­ғына қатысты құқықтық ұста­­ным­дармен үндес. Аталған нор­ма­ларға сәйкес, халық билік­ті ті­келей республикалық рефе­рен­дум және еркін сайлау ар­қылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мем­ле­кеттік органдарға береді. Бұл конституциялық ережелер демократияның тікелей және өкілді нысандарын, халық билігінің тұтас жүйесінің саяси-құқықтық бастауларын құрайды. Сайлау азаматқа мемлекеттік билікті берудің нысаны болып табылады. Оның қорытындылары бойынша лауазымды тұлға басқаруға, өкілдік етуге және сайлаушылардың мүддесін білдіруге мандат алады. 

 Бұдан басқа заңнамалық новеллалардың қатарында саяси партия құру үшін азаматтардың санын екі есе қысқарту, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 % квотаны қарастыру, сайлаушыларға бәріне қарсы дауыс беру құқығын беру және басқалар бар. 

Аталған қызмет Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесінің уақыт талаптарына сәйкес бір­тін­деп трансформациялануы үшін аса мәнді болып табылады.

Талай жылдар қоғамды елең­детіп отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге сату немесе жал­ға беру туралы мәселеге түп­кі­лікті нүкте қойылды. Енді бұған толық тыйым салынды. Конс­­титуциялық Кеңес өзінің бірне­ше қаулысында «аумақтық тұтас­тық – Қазақстанның ұлттық қауiп­сiздiгiн айқындаушы шарт болып табылады. Конституция жер қаты­настарын реттеген кезде мем­лекеттiң жоғары тұруын баян­ды етедi, ол, тiптi жерге деген тек қа­на мемлекет меншiгi режі­мiн белгiлеуге дейiн бара отырып, мен­­шiктiң және жер айна­лымы­ның құқықтық режімдерiн айқын­дайды», деп түсіндірген болатын.

Биылғы жыл күнтізбесінде тағы бір атаулы оқиғаның орны ерекше. 29 тамызда Семей яд­ро­лық полигонының жабылғанына да отыз жыл толмақ. 1991 жылғы Елба­сының бұл шешімі егемендігін енді жариялағалы тұрған Қазақ­стан­ның жалпыгуманистік құн­дылықтарға деген құрметін, бейбіт ұстанымын бүкіл әлемге паш етті. Қуаты бойынша АҚШ-тағы Невададан кейін екінші орында тұрған алып сынақ алаңынан өз еркімен бас тарту оңай болған жоқ. Жаһандық антиядролық қозғалыстың қалыптасуына серпін берген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жарлығы қиын тарихи жағдайда, еліміздің әлі де болса КСРО-ның құрамында болуы және оның басшылығында, тіпті ел ішінде мұндай батыл қадамды құп­тамайтын тұлғалардың қатты қарсыласуы жағдайында қабылданды. Ол сәтті қазақ халқы қырық жылдан астам күтті. 1949 жылдан бастап ұлы Абайдың жерінде 450-ден астам ядролық сынақ жүргізіліпті. 1,5 миллион­нан астам адам полигонның зардабын шеккен. Жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды. 2009 жылы бұл теңдессіз шешім Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы деңгейінде мойындалып, 29 тамыз ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып жарияланды.

Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты әлемдік консти­туцио­нализмнің барлық прогрессивті принциптерімен үйлеседі. Оның түп-тамырында адамның адам­заттың ең қымбат қазынасы екендігі, халықаралық құқық нормаларын құрметтеу, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көрші қарым-қатынас жасау, дауларды бейбіт жолмен шешу идеялары жатыр. 

Егемендікпен бірге келген жа­ңа­лықтардың қатарында конституциялық бақылау институты да бар. Қазіргі таңда бұл мис­сия Конституциялық Кеңес­ке жүк­телген. Оның қызметі азамат­тардың құқықта­рының үс­тем­дігін сақтауға, жалпы­мем­­лекеттік құндылықтарды ұлық­тауға мүдделі Ата Заңның мыз­ғы­мас­тығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Өркениетті елдердің басым көпшілігінде конституциялық әділет органдары құрылған. Құқық үстемдігіне негізделген мемлекет құру ұстанымын ұран еткен елдер осындай арнайы институттар арқылы озық құқықтық идеялар мен принциптерді заңнаманың бойына сіңіреді. Шығыстың Аристотелі, Ұлы ғалым әл-Фараби «Адам тек құқықтық мемлекетте бақытқа кенеледі», деген екен.

Конституция нормаларының мазмұнын ашу, олардың өмірге енуіне жағдайлар жасау арқылы Конституциялық Кеңес тәуелсіздік негіздерін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Мемлекеттіліктің жекелеген белгілерін қалыптастыру барысында Кеңес дер кезінде қажетті түсіндірмелер бере отырып, олардың тұжырымдамаларын анықтауға атсалысты. Оның құ­қықтық ұстанымдары прези­денттік басқару, унитарлық мем­ле­кеттік құрылыс нысандары, саяси режім, аумақтық тұтастық, демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет сипаттамалары, біртұтас мемлекеттік билік тармақтары, олардың өзара әрекеттесуі, қоғам, мемлекет және жеке тұлға арасындағы қаты­настар, адам құқықтары, мемле­кеттік және өзге тілдердің мәрте­бесі, көппартиялы саяси жүйе, ұлттық құқық, меншік түрлері және т.б. мәселелерге қатысты болды, оларды жүзеге асыру мақ­сатында тиісті кешенді заңнама қабылданды.

Айта кету керек, Конституция – қоғам мен мемлекеттің ұзақ мер­зімге арналған бағыт-мақ­сат­тарын және оларға жету жолдарын айқындайтын құжат. Оның әлеуеті жылдар, онжылдықтар ғана емес, тіпті ғасырлар талаптарына жауап беруге қауқарлы. Қажетті эко­номикалық, саяси, мәдени және басқа да жағдайлардың пі­сіп-жетілуіне байланысты конс­ти­туциялық нормалардың мазмұны заң шығармашылық және құқық қол­дану сипатындағы қосымша ша­ралармен күшейтіліп отыруға тиіс.

«Халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет тұ­жы­рымдамасын іске асырып жатқан стратегиясы аясында Мемлекет басшысы еліміз алдағы бес жыл ішінде ұстанатын үш тү­йін­ді бағытты белгіледі. Олар: инс­­т­и­тут­тардың сапасы, азамат­тар­­дың әл-ауқаты және қуатты эко­номика.

Жақында бекітілген Қазақ­стан Республикасының 2025 жыл­ға дейінгі Ұлттық даму жос­па­ры, Жалпыұлттық басым­дық­тары, Мемлекеттік басқа­руды дамы­тудың 2030 жылға дейін­гі тұжы­рымдамасы қазіргі кезең­нің сын-қатерлерін еңсеруге бағытталған және орта мерзімді перспективада халықтың тұр­мыс сапасы мен табысының артуын, елдің орнықты және са­палы экономикалық өсуін қамта­масыз етуге арналған.

Маусым айында Мемлекет бас­шысы адам құқықтары сала­сындағы шаралар туралы жар­лыққа қол қойды. Онда: БҰҰ-ның шарттық органдарымен өзара әрекеттесу механизмдерін жетіл­діру; адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету; мүмкіндігі шектеулі азаматтардың адам құқықтары; әйелдерге қа­тысты дискриминацияны жою; сөз бостандығына құқық беру; адамның өмір сүруге және қо­ғамдық тәртіпке құқығы; үкіметтік емес ұйымдармен өзара ықпалдасу тиімділігін арттыру; қылмыстық сот төрелігі және мәжбүрлеп орындау, азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу саласындағы адам құқықтары қозғалған. Бұл мәселелер бойынша Үкіметке нақты іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.

Конституциялық Кеңес ал­ғаш­қылардың бірі болып атал­ған мәселелер бойынша өз ұсы­ным­дарын енгізді. Олардың қатар­ында: Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Қазақ­стан жақында ратифи­кация­лаған, Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Аза­мат­тық және саяси құқықтар туралы ха­лықаралық пактіге Екінші Факуль­тативтік хаттаманың ере­желе­рімен үйлестіру; қылмыстық және әкім­шілік заңнамада жасалған әре­кеттің қоғамдық қауіптілік дәре­жесіне, келтірілген залалдың сипаты мен мөлшеріне, құқық бұзу­шының жеке басына және өзге де факторларға қарай жауаптылықты дара­ландыру және саралау үшін қо­сымша жағдайлар жасау; сот­тарда қылмыстық істерді қарау­дың ақылға қонымды мерзім­дерін айқындаудың жалпы өлшем­шарттарын бекіту, сондай-ақ сот ісін жүргізу мерзімдерін бұзғаны үшін өтемақыны жүзеге асыру шарттарын айқындау; жеке адамға қол сұғылмаушылыққа, адамның денсаулығына және оның қадір-қасиетіне қол сұғатын құқық бұзу­шы­лықтарға қарсы тиімді күрес шараларын қабылдау және тағы басқалар.

Кеңес азаматтардың консти­туциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет деп пайымдайды. Бұл бағытта соттардың Конс­титуциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге қатысушылардың заңның конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау туралы өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру өзекті болып табылады.

Технологиялардың қарқынды дамуы, ақпарат көлемінің едәуір ұлғаюы, «үлкен мәліметтердің» өсуі жаңа цифрлы шындықты айқындап отыр. Бұл үрдіс жыл санап күшеюде, мемлекеттік жә­не қоғамдық институттар қыз­метінің барлық салаларына таралуда. Ақпараттық технологиялар адам­дардың конституциялық құ­қық­тарын жүзеге асырудың тиім­­ділігін арттыруға ықпалын тигі­­зіп отыр. Пандемия жағ­дай­ын­­да біздің оған көзіміз әбден жет­­ті. Цифрлы құралдар халық­тың ты­ныс-тіршілігінің қажетті дең­гейін сақтап қалды.

Алайда IT индустриясының және «Электрондық Үкімет» инфра­­құрылымының тез дамуы, мем­­лекеттік қызметтерді көр­сету және мемлекеттік қызмет­тің жекелеген түрлерін (элек­трон­­ды мемлекеттік органдар, онлайн қабылдау бөлмесі, элек­трон­ды денсаулық сақтау, қыл­мыс­тық қудалау, сот төрелігі және басқалары) жүзеге асыру кезін­де цифрлы технологиялар қол­да­нылуының тереңдеуі адам­ның бірқатар конституциялық құ­қық­тарының іске асырылуы дәре­жесіне тікелей әсер етіп, барабар құқықтық база қалыптастыру тала­бын айқындайды. Ол аза­мат­тар­дың дербес деректерін, мем­ле­кеттік құпияларды қорғауға ке­піл­­дік беруі, құқықтар мен бос­тан­дықтарды іске асыруға ха­лық­тың қатысуының және мемле­кеттік функ­­цияларды атқарудың элек­трон­ды нысандарын кеңейтуге тиіс.

Бүгін елордада онлайн режі­мінде «Интернет дәуірі: құқық үстемдігі, адам құндылықтары, мемлекеттік тәуелсіздік» тақы­ры­бында Халықаралық симпозиум жоспарланған. Оның жұмысына Азиялық конституциялық соттар және Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қа­уымдастықтарына мүше жиырмадан астам елдің сарапшылары қатысып, аталған мәселелер бо­йынша өз ойларын ортаға салады.

Егемендіктің отыз жылдығы аясында былтыр Ата Заңның ши­рек ғасырлық мерейтойынан бас­талған конституциялық норма­лардың жасампаз қуатын әлі де тереңірек ұғынып, кеңінен ашуға бағытталған жұмыс жалға­сып жатыр. Ол өмірдің басты салаларын жаңғырту, демократияны одан әрі дамыту, құқық үстемдігін нығайту үрдісінде өте маңызды.

Конституция күні қарсаңында барша қазақстандықтарды мем­ле­кеттік мерекемен шын жүректен құт­­тықтаймын. Баршаға зор ден­­сау­лық, табыс, бақ-береке тілей­мін.

Қайрат МӘМИ,

Конституциялық Кеңес Төрағасы