Жамбыл облысындағы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев қазір жарылыс болған жерге барып, кәсіпкерлік нысандарды аралап жүр. Оның айтуынша, әзірге қанша бизнес зардап шеккені белгісіз және жедел желі арқылы хабарласып жатқандар бар. Алдын ала деректер бойынша 11 бизнес субъекті зардап шеккен.
«Қазір тізім жасалып жатыр. Зардап шеккен бизнес субъектілері туралы ақпарат оқиға орны толық талдағаннан кейін қосымша хабарланады. Кәсіпкерлер үшін жедел желі ашылды. Олар 109, +7(7262)513525 нөміріне және Ұлттық палатаның 1432 кол-орталығына хабарласа алады», деді Еркін Атымтаев.
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен бизнес субъектілерінің арасында дәмхана, жанар-жағармай станциясы, дүкен, автокемпинг және басқа нысандар бар.
Жамбыл облысы әкімінің басшылығымен жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Штаб құрамында облыстың кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бар.