Оның аңызға айналған есімі аталғанда, нұрлы бет-бейнесін көз алдымызда елестеткенімізде, «кие» деген сөз ойымызға орала береді. Дәл осы бір-ақ ауыз сөз оның бүкіл болмыс-бітімін, тұлғалық қасиетін ашып тұрғандай көрінеді. Өзбекәлі Жәнібеков – өзінен кейінгі ұрпақ «Шерағаң» деп атап кеткен ұлт мақтанышы Шерхан Мұртаза айтқандай, киелі адам. Өйткені қазіргі қолда бар көп құнды тарихи жәдігерлердің, қасиетті мекендердің бүгінге бұзылмай жетуі туралы әңгіме қозғағанда, сөзсіз Өзбекәлі Жәнібековтің аты аталады. Соның бірі де бірегейі – Тайқазан.
40 жылға кері шегінсек, өткен ғасырдың 1978 жылы, яғни Өз-ағаң Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне қызметке тұрған тұста Әзірет Сұлтан мешітіне арнайы ат басын бұрып, қараусыз қалған киелі орынның жағдайымен қанықты. Сол кезде кесенедегі ең құнды жәдігер – Тайқазан орнында болмады. Қазақстан Кеңес өкіметінің құрамында еді. Ол кездегі саясат бәрімізге белгілі. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өткен көрмеге қойылу үшін алынып, уақтылы кері қайтарылмаған болатын. Үш айлық көрмеге алып кеткен киелі жәдігерді 54 жылдан кейін тарихи Отанына қайтаруға сол уақыттағы Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жанқиярлық жұмысы, ерлікке пара-пар сіңірген еңбегі бірден-бір себепкер болған еді. Кесененің «жыртығын» жамап, қалпына келтіру жұмыстарымен өзі де білек сыбана айналысқан. Қиюын келтіріп, тігісін жатқызған сол шаруаның бәрі осы сөзімізде Тайқазанның елге оралу оқиғасының көлеңкесінде қалып қойғандай. Шынтуайтына келгенде, Әзірет Сұлтан мешітінің әрбір деталіне, бүге-шігесіне дейін Өз-ағаң көзінің қарашығындай қарап қалпына келтірді. Бұл – нағыз қайраткерге ғана тән қасиет.
Ел аузында «Арыстан бабтан тіле, Ясауиге түне» дейтін өсиет тұнған қанатты сөз бар. Қазақ жұрты зиярат ететін дәл осы Арыстан баб кесенесінің қираған бөліктерін бүтіндеген де – Өзбекәлі Жәнібеков. Ақиқатында осы сөйлемнің өзі оңай айтыла салатын сөз секілді. Әйтпесе бұл жұмыс зор қажыр-қайратпен, асқан табандылықпен келді. Себебі кесенені қалпына келтіруге сол кезде билік жүргізген Мәскеу қарсы болды. Сондай қарсылыққа қарамастан үлкен тәуекелді талап ететін істі үйіріп әкету – табандылықтың ғана емес, тапқырлықтың, терең философиялық саясаткерліктің, ұлтжандылықтың белгісі. Арыстан бабтың Жұман мешіті сол тұста қирап жатқан болатын. Оны қайта тұрғызуға Мәскеу рұқсат бермеген-ді. Бірақ ер қайраткер ебін тапты. Орта ғасырлық Отырарды суландыру жүйесі деп аталатын экспозицияны сылтауға айналдырып дегеніне жеткізді, ойындағыны іске асырды. Арыстан баб кесенесінің мешіт бөлігі кезіндегі саясаттың салқынымен сүріліп, намаз оқытылмай қалған. Қазақты руханиятынан айырған кезең ғой. Сондай саясатқа қарамастан Өз-ағаң бірнеше жыл ішінде кесенені қалпына келтірді. Артынша қасиетті орын мемлекет қарамағына өтті.
Өз-ағаң қазақтың руханиятын қайтару арқылы ұлттың рухын оятатынын терең түсінді. Сол себепті қазақ руханиятының мұраларын жіті зерттеді. Оның ел білетін қайраткерлігі – бір төбе, қайталанбас ғылыми жолы – бір төбе. Ғылымдағы дәлелді ізденіс ойлары күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мәселелердің нүктесін қоятындай. «Төркіні рушылдыққа, тайпаға, жүзге, жерлестікке, жікшілдікке бөлінуге апарып соғатынына қарамастан, сол бес-алты сөзден «диалект» жасап жүрген зерттеушілер де бар. Әрдайым бір-бірімен молынан араласып, Алтайға жау тисе-ақ Атырауға, кәрі Каспийге дейін үдере көшетін..., керек десеңіз, бұрын жекелеген хандықтарда оқшаулана өмір сүріп көрмеген қазақта диалект қайдан болсын?», дейді Өз-ағаң. Өзінің қарақан басын емес, көптің қамын ойлап, қазаққа ортақ, түсінікті тіл қалыптастыруды көздеген ұлт мұраларының мұрагері, жоқтаушысы болған текті тұлғаның тұжырымы бізді бүгінде ойландыруы керек-ақ.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлы даланың әр қиыр шетін аралап, талай тарихи орынға табаны тиіп, көптің көзі түсе бермейтін, жұрт бағасына жете қоймаған тың дүниелерді халықтың өзіне қайтарған, ұлттың болмысын өзіне қайта таныстырған этнограф, тарихшы. «Тағдыр тағылымы» деп аталатын қос кітабының екіншісінде көкірек көзіңді ашатын, таным түсінігіңді кеңейтетін, тіпті санаңды сілкіп салатын сөз көп. Кейбір сөздердің біз білмейтін сырын ашқандай. «Қайталанбас бейнелер ретінде жұрттың абайында мәңгі қалып қойды», деп жазады. Байқадыңыз ба, «Абай» сөзін «сақ болу», «жүру», «аңдап сөйлеу» секілді мағынада емес, «санасы», «жады», «есі» ретінде қолданып отыр. Бұл – Құнанбайдай күрделі тұлғаны қазаққа сыйлап, одан туған адамзаттың Абайын тәрбиелеген Зере анамыздың әлеміне тереңдеп қана қоймай, бір кездері қазақтың қолданысында болып, кейін ұмытылып кеткен сөздерді қайта жаңғырту.
Өз-ағаң қос мағынасында да жүрген жерінің бәрін көгертіп, гүлдендіріп жіберді. Келес ауданындағы оқу ошағында пионер жетекшісі болып бастаған ең алғашқы еңбек жолынан бері әр ісіне жан бітірді, бастаған ісін аяғына жеткізгенше тоқтамады. Пионер жетекшілігінен кейін тарих пәнінен сабақ берді, содан соң мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. Осы қызметінде ұйымдастырушылығымен, әсілі көшбасшылық қасиетімен мұғалімдер мен оқушыларды жұмылдырып ағаш отырғызды, тұрған жерін көгалдандырды, жасыл желекке толтырды. Әрдайым сауапты іс жасап ауылдастарының, айналасының, өзі айтқандай, абайында қалды. Ал енді ауыспалы мағынасында айтқанымызға тоқталсақ, бір кездері Өзбекәлі Жәнібеков жаңадан құрылған Торғай облысында облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне тағайындалды. Сонда аудан деңгейіндегі Торғайды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де облыс деңгейіне жеткізе білді. Өңірдің еңсесін тіктеді, Торғайға теледидар мен радио желісі тартылды. Облыстық драма театрын ашып, өңірді өркениетке жетеледі. Торғайда өлкетану музейін ұйымдастырып, онда ұлттың күре тамырына қан жүргізетін айтысты қайта жаңғыртуы – нағыз ерлік еді. Қай қызметке, қай өңірге барса да артынан аңыз ерген арда азаматқа айналды.
Бұқараға мәлім болғандай, Өзбекәлі Жәнібеков 1987-1988 жылдар аралығында Мәдениет министрі қызметін атқарды. Оның бастамасымен мәдениеттің көптеген ұйымдары құрылды. Оның ішінде «Сазген сазы» сынды фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, театрлар, музейлер, «Казреставрация» мемлекеттік мекемесі мен оның облыстағы бөлімшелері, «Казпроектреставрация» және «Казмузейреставрация» бірлестіктері және «Бірегей ысқымен ойналатын музыкалық аспаптардың мемлекеттік коллекциясы» құрылды. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраға жататын ескерткіштердің ашылуына, зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне, қайта қалпына келтіруіне және сақталуына тікелей ықпал етті. Кейінгі кезеңде бұл тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген болатын.
Мәдениет саласының жанкүйері ретінде ол мәдениет пен өнердің дамуына қатты алаңдайтын-ды. Қайта құру кезеңінде республиканың саяси тіршілігіне белсене араласып, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына қызмет етті. Этнография саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таптырмайтын еңбектер қалдырды. Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ұлыларымызды қайта тірілтті және олардың шығармаларын жарыққа шығуына белсене атсалысты.
1988 жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың діни мейрам емес екенін сол кездегі Орталық комитеттің басшыларына жеткізіп, мейрамның қайта тойлануына жол ашты. Сол кезде белсене араласқан Мұхтар Шаханов сынды ұлт зиялылары ұлттық мейрамның республика көлемінде аталып өтуіне зор ықпал етті.
Жоғарыда айтылып, айтылмай кеткен әрбір қасиет оған ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыды. Нағыз ашаршылықтың тамақтан қысқан кезінде өмірге келген ол әкеден ерте қалды, әнге, сөзге, іске, өнерге жүйрік шешесінің жігерлендіруімен жетілді, жөн сілтеуімен білім қуды, көп ізденді, ілім жинады. Сөйте жүрсе де үй шаруасында анасына қолғабыс қылды. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында мал бағып жан бақты, су тасып күнелтті, тезек қалап жылытты. Он жасқа да жетпей тағдырдың толқынында, өмірдің ызғарында тіреу, пана болған анасынан айырылды. Осының барлығы оны үлкен өмірге дайындап, ширатты. Бала күнінен бойға біткен зеректігі, елгезектігі мен төзімділігі, еңбекқорлығы мен өзгеге әрдайым көрсетіп жүретін қамқорлығы оған өмір бойы азық болды.
Мен үшін Өз-ағаң – қайсарлықтың символы. Әр ісі, артында қалған әр сөзі, әр әрекеті, шырғалаңда шығарған әр шешімі осы ойға жетелейді. Қиын-қыстау кезеңде, өзінің ұстанымына
берік болу тек қайсар, өр мінезді адамның ғана қолынан келеді. Әрине, Бауыржан атамыз айтқандай, «Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып, қызмет еткен» ердің ғана көтеретін жүгі. Артына өшпейтұғын із қалдырған Өзбекәлі Жәнібеков дәл осындай болмысымен, жарқын бейнесімен жадымызда жаңғырып тұрады. Тағдыры – тағылым, өмірі – өнеге.
Биыл Өз-ағаңның туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Түркістан қаласына арнайы барып, аңыз адамды өзі ерекше жанашырлықпен қайта түлеткен Түркі дүниесінің рухани астанасында зиялы қауым өкілдерімен бірге еске алдық. Мән-мағынаға, келелі әңгімеге, ойлы сөзге толы сол жиында профессор Құлбек Сәрсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты кітабы ұсынылды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұражайына экскурсия мен «Тұран» этно-ансамблінің концерті өтті. Министрлік қандай да бір дөңгелектелген датаға байланып қалмай, 2018 жылдан бері Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлдені тағайындап келеді. Мерейтойларды атап өту тәртібіне бағынып кең көлемде ұйымдастырылмағанымен, биылғы мерейтойға да құралақан емеспіз. Осы жақында ғана Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қайраткердің туған жерінде «Ұлт рухын ұлықтаған – Өзбекәлі Жәнібеков» атты мәдени іс-шара ұйымдастырды. Орталық мемлекеттік музейі ғалымның 90 жылдық мерейтойына орай оған тиесілі жеке заттар мен материалдардың түпнұсқалары қойылған көрме ұйымдастырды. Бұл көрме биыл наурыздан бастап 1 жыл бойы көрермендерге ұсынылады. Биыл 24 тамызда министрлікке бағынысты «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты философия, саясаттану, дінтану институтымен бірлесіп ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Сонымен қатар этнограф-ғалымның мерейтойына байланысты республикалық музейлерде және еліміздің тарихи-өлкетану музейлерінде тақырыптық музейлік дәрістер мен арнайы көрмелер ұйымдастыру жоспарланған.
Өзбекәлі Жәнібеков – бір дәуірдің дарабозы. Қазақстандағы мәдениет саласының дамуы оның есімімен тікелей байланысты. Әлі алдағы уақыттарда оның ұлттық руханиятқа қосқан орасан зор үлесі айтылады. Ғалымдарымыз бұл салада да зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Әр қазақ – иісі қазақтың жоғын жоқтаған тау тұлғаның іздеушісі, жанашыры, насихатшысы. Әрбір отандасының жүрегіне жол тапқан қайраткердің торқалы тойы баршамызға құтты болсын! Әрбірімізге дәл Өз-ағаңдай елге қалтқысыз қызмет ету бұйырсын!
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Қазақстан Республикасының Мәдениет және
спорт министрі